АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Иранға қатысты 2015 жылғы ядролық бағдарлама келісімі нәтижесінде жойылған санкцияларды қайта қалпына келтірді.
Кезекті қатаң қаулы Иранның өзіне де, онымен сауда байланысын жасайтын өзге сегіз мемлекет пен компанияларға да қатысты. Осы мәлімдемеден соң, ирандықтар жаппай наразылыққа шықты. Халық бүлігінен сақтанған президент Хасан Рухани америкалық санкцияларды «айналып өтіп», мұнай экспортын жалғастыратынына сенім білдірді. Трамп әкімшілігі экономикаға ықпал ететін санкциялар Иран мұнайын экспорттайтын сегіз мемлекетке әсер етпейтінін айтты. Бұлардың қатарында Италия, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Қытай және Үндістан бар. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның айтуынша, аталған мемлекеттер Иран мұнайының импортын айтарлықтай қысқартты, бірақ оларға бұл импортты нөлге жеткізу үшін қосымша уақыт қажет.
Даудың басы – ядролық келісім
Иранға қарсы санкциялар 2015 жылы күшін жойған болатын. Трамп әкімшілігі қос мемлекеттің ядролық келісімі «Құрама Штаттарына зиян келтіреді» деп сынға алған соң, 2018 жылы мамырда Америка ядролық келісімнен шықты. Сол уақыттан бастап Иранға қатысты өз күшін жойған қатаң қаулылар біртінден жүзеге асты. Ресми Уашингтон санкциялар Иранның «дұшпандық іс-әрекеттеріне», оның ішінде кибершабуылдарға және баллистикалық зымырандарды сынауға қарсылық есебінде салынатынын айтты. Сонымен қатар, Теһранға Таяу Шығыстағы радикалды топтарға қолдау көрсетуге кедергі жасау мақсатында жүзеге асады. Санкциялық тізімде 700-ден астам жеке тұлға, ұйымдар мен компаниялар, оның ішінде елдің негізгі банктері, мұнай экспорттаушылары мен кеме қатынасы компаниялары бар. Ақ үй басшысы Дональд Трамп: «Иранға не болатынын көрейік. Қанша дегенмен, олардың жағдайы мәз емес. Бұл санкциялар осы кезге дейінгілерімен салыстырғанда, «ең қатаңы», – деп атап өтті. Ал Иран тарапы АҚШ санкциясына жауап ретінде зымыран жасау шығындарын арттыратынын айтқан.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның мәлімдеуінше, 100-ден астам ірі халықаралық компания санкция қаупіне байланысты Иран нарығынан кетті. Осыдан кейін Иран мұнайының экспорты күніне миллион баррельге дейін азайып, валюта құлдыраған. Брюссельде орналасқан Дүниежүзілік Банкаралық қаржылық байланыс қоғамы SWIFT санкциясына іліккен Иран банктерімен ынтымақтастықты тоқтатады деген гипотеза да бар. Егер болжам іс жүзінде орындалса, Иран халықаралық қаржы жүйесінен оқшауланады.
«Қуанғандар да бар...»
Америкалық санкциялардың ТеҺранға қайта салынуына байланысты Тель-Авив пікір білдірді. Израиль Иранның Таяу Шығыстағы әрекеттерінен елдің қауіпсіздігіне қатер төнеді деп санайды. Иран келісіміне қол қойылғалы бері, Тель-Авив Теһранның ядролық қарудан бас тартпайтынын айтып келген болатын. Сол себепті Уашингтон санкцияларының қайта қалпына келгені туралы ақпарат еврей мемлекетінің премьер-министрін қуанышқа бөледі десек те болар. Биньямин Нетаньяху: «бастапқы санкциялардан айтарлықтай нәтиже болды: риал құлап, Иран экономикасы тоқырауға ұшырады. Ендігі санкциялар Иранның бомба жасау қабілетін тежейді», – деп АҚШ басшысы Дональд Трамптың шешімін қолдады.
Америка санкциялар режимін жыл өткен сайын жаңартып келеді. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі қадам аса маңызды, себебі Иран экономикасының құлдырап кетуі әбден мүмкін.