Германия канцлері Ангела Меркель 2021 жылы өтетін сайлауда көшбасшылыққа үміткер қатарында болмайтынын мәлімдеді.  Сонымен қатар, Христиан-демократиялық одақтың (ХДС) жетекшісі Бундестагтағы орын үшін күресуге ниетті емес.

Меркельдің бұл шешімі әлемдік саясаттағы күтпеген жаңалықтардың бірі. 2005 жылдан бастап ГФР үкіметін басқаратын ол мансабын тоқтатып қана қоймай, Гамбургтегі партия съезінде өз кандидатурасын ХДС төрағасы лауазымына ұсынбайтынын айтты. Осыған дейін Гессен аймағында өткен сайлау нәтижесінде Меркель басқаратын одақ жеңіске жеткен болатын. Дегенмен, дауыс беру бойынша 27,2% қолдау көрген партия айтарлықтай мардымды жетістікке жеткен жоқ. Ал Орталық солшыл социал-демократиялық партиясы 19,6% дауысқа ие болды. Пайыздық көрсеткіштерді осыдан бес жыл бұрынғы сайлау қорытындысымен салыстырсақ, Христиан-демократиялық одағы 12%-ға жуық төмен көрсеткіш көрсеткен.

«Еуроодақтың темір әйелі»

Әлемдік саяси аренада беделі зор канцлер Еуропадағы мәселелерді реттеуге атсалысып келеді. Сондай-ақ мемлекеттермен ұтымды дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, әріптестерімен арадағы мәселелерді оңтайлы жолмен шеше білді. Еуропа құндылығын басты назарда ұстап, саяси беделін қалыптастырды. Кей саясаткерлердің ойынша, Меркель эпохасы аяқталған соң, Еуропадағы жағдай екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі дағдарысқа тап болып, әлсіреуі мүмкін. Ал Vanity Fair басылымы: «Франция президенті Эммануэль Макрон үшін бұл қолайсыз уақыт болмақ. Ол өзін Брекситті жақтаушылардың қолдаушысы ретінде көрсетіп, алдағы мамыр айында өтетін Еуропалық Парламенттің сайлауына ықпал еткісі келеді. Дегенмен саяси тұрғыдан тәжірибесі аздау әрі өз елінде беделі төмендеу Макрон мырза Меркельдің қолдауынсыз қалса, оның да саяси беделі әлсіремек», – дейді.

Осы аптада өткен жиналыс барысында Ангела Меркель: «Осы жылдың желтоқсан айында Гамбургте өтетін Христиан-демократиялық одағы съезінде кандидатурамды ұсынбаймын. Және 2021 жылғы сайлауда Христиан-демократиялық одағы атынан сайлауға түспеймін. Бұл менің Германияның федералды канцлері ретіндегі төртінші және соңғы мерзімім болмақ. Тағы да ескертіп айтайын, енді мен мемлекеттік лауазым үшін күреске түспеймін», – деп нақты әрі соңғы шешімін айтты.

Ангела Меркельдің саяси аренадан кетуі Франция президенті Эммануэль Макрон үшін күтпеген жаңалық болмақ. Фото: newsnumber.com

Меркель және миграция

Ангела Меркель канцлер болып тұрған жылдары ең көп бас қатырған ісі – мигранттар мәселесі болды. Оның 2015 жылғы «Елдегі кейбір адамдар үйіне қайтуына тура келеді» деген мәлімдемесінен соң, көпшілік жұрт Меркельді «мейірімсіз, тасбауыр» деп атасты. Дегенмен, мигранттардың ағымы күшейгенде ол ЕО ережелерін уақытша тоқтата тұрып, шекараларды ашу керек деген ұстаныммен ортаға шықты. Меркельдің бұл саясаты БҰҰ жағынан да жоғары бағаланды және «Time» басылымы оны сол жылдың «Жыл адамы» атағына лайық деп тапты. Бірақ, жыл өткен сайын Германияда Ангела Меркельдің партиясына деген сенім азая түскен. Сарапшылар мен шетелдік БАҚ-тың пікірінше, бұған бірнеше мәселе ықпал болуы мүмкін. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – миграциялық жағдайлар. 2015 жылдан бастап миллиондаған босқын Германия шекарасынан өткелі бері, елдегі қауіпсіздік жағдайына нұқсан келген. Меркель миграциялық дағдарысқа төтеп беруге тырысқанмен, өзінің саяси беделіне нұқсан келтірді.

Франция президенті Эммануэль Макрон: «Меркель қаржылық, миграциялық, сауда байланысының төмендеуі сияқты бірнеше дағдарыстарды бастан кешкен. Соған қарамастан еуропалық құндылықтарды ұмыт қалдырған жоқ және Германияны алға жетелеуден тайынған емес. Мен қашан да оның шешімін құптаймын».

Der Tagesspiegel неміс газетінің тілшісі Кристоф фон Маршал: «Меркельдің саяси аренадан кетуі әлемді алаңдатты. Бұл жаңалықты тек Ресей ғана асқан қуанышпен қабылдады. Себебі, Меркель күллі Еуропаны Ресейге санкция салуға біріктірді. Ресей ықпалынан қорғану жолдарын қарастырды. Өзінің алғырлығы арқылы Минск және өзге де саммиттерде жеңіске жетті. Меркельді барлығы құрмет тұтады. Оның қауқарынан қорқады. Алайда канцлерлік лауазымын тоқтатқан соң бұл дәуір түбегейлі құлдырауы мүмкін».

Германиядағы миграция. Меркель партиясы «Біздің құшағымыз ашық!» ұранын ұстанды. Фото: informator.news

РФ сенаторы Алексей Пушков: «Бір ғана қателіктің кесірінен Еуропалық одақ көшбасшысы атанған Ангела Меркель Христиан-демократиялық одағын басқарудан бас тартып отыр. Ол Германияға 1 миллионнан астам босқынды қабылдаса да, кез келген жағдайға төтеп беретініне сенімді болды. Бірақ, бұл жолы қиындыққа қарсы тұра алмады. Мигранттар мен жергілікті тұрғындар арасындағы қақтығыстар ушығып, дағдарысқа айналды. Мұның барлығы да Меркельдің саяси беделіне қатты нұқсан келтірді».

Германия-АҚШ «Маршалл қоры» сараптамалық орталығының өкілі Тимо-Лочоки: «Миграция мәселесі өте қиын. Ангела Меркель осы ретте өз-өзін тығырыққа тіреді. Оның ЕО аймағындағы дағдарыс пен босқындар текетіресі кезіндегі іс-әрекеті саяси әріптестері тарапынан қолдауға ие болған жоқ. Қазір Меркель осы қолдауға зәру болып отыр. Ал босқындар мәселесі жөніндегі ХДО партиясы ішіндегі үлкен дау оның жақтастарымен қарым-қатынасын тіптен суытты».

«The Guardian»: «Меркель – тұрақтылық пен тәртіптің символы. Егер ол саясаттан кетсе, Еуропадағы тұрақтылық пен байланыс ушығып кетуі мүмкін. Демек, Еуропадағы жағдай екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қалыпқа енеді деген қауіп туындайды».

Түйін

Еуропалық одақтың бейресми көшбасшы лауазымын сақтап қалған Ангела Меркель эпохасы аяқталуға жақын. Он үш жыл бойына канцлер қызметін атқарған ол неміс халқын ресейшіл көзқарастан арылтушы атанып, «сұсты әйел» бейнесін қалыптастырды. Ең бір айтуға тұрарлығы – Меркель партиясының «Біздің құшағымыз ашық!» деген ұраны немістердің күнделікті тұрмысында қолданатын сөзіне айналды. Қай жағынан алсақ та өзінің батыл әрі тың реформаларымен өзге мемлекеттерден айқындала білген ол саяси мансабын тоқтатқан соң, Германия алдағы жылдары қиындықтарға тап болуы мүмкін. Сондай-ақ Меркельдің биліктен кетуі қандай жағдай болмасын, Еуроодақтың дамуына және көрші Франциямен арадағы байланысқа әсер етеді.

"The Qazaq Times"