АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңесшісі Жон Болтонның Мәскеуге сапары аяқталды. Ресей президенті Владимир Путинмен өткен кездесуден кейін Болтон журналистерге не деді?
Баспасөз мәслихатының басты тақырыбы АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресеймен арадағы зымыран келісімінен шығатындығы жөніндегі мәлімдемесі болды. Болтон «Россия-1» телеарнасының журналисі Сергей Бриловтың: «Келісім күшін жойғаннан кейін жергілікті халықтардың өміріне қауып төндіретін зымырандар Еуропаға қайтып орала ма?» деген сұрағына:
«Шын мәнінде дәл қазір Еуропада Ресейдің зымырандары тұр. Ең қауіпті дүние АҚШ-тың келісімнен шығуы емес, Ресейдің Еуропадағы зымырандары. АҚШ-тың келісімнен шығуының басты себебі Ресейдің өзіне жүктелген міндеттерді орындамауында. Бірақ Мәскеу бұны мойындап отырған жоқ. Керсінше, АҚШ келісімнен шығу арқылы заң бұзып отыр деп есептейді. Біз олар мойындамайтын дүниені қалай дәлелдейміз» - деп жауап берді.
Бұдан бөлек Жон Болтон Ресейге салынып жатқан АҚШ санкциялары, Сүрия, Ауғанстан, Украина және Солтүстік Корея мәселелері жөніндегі сұрақтарға жауап берді. Оның сөзінше, Ресейдің Сүрия аумағында химиялық қару қолданғаны үшін АҚШ Конституциясы Ақ үйді Мәскеуге санкция салуға міндеттейді. Бірақ бұл Уашингтонның соңғы шешімі емес.
Сүрия мәселесіне келгенде Болтон: «Сүрияда алдағы уақытта Ресеймен келісе отырып жұмыс істеуге уағдаластық. Идлиб мәселесіне қатысты келісім өте тиімді болды. Президент Трамп бұл келісімнің гуматитарлық трагедияның алдын алғанын баса айтты. Әзірге Ресей, Түркия және Сүрияның Идлибке қатысты жасаған келісімдері кедергілерге қарамастан жұмыс істеп тұр» - деп қысқа ғана сөйледі.
Баспасөз мәслихаты барысында Болтон Путинмен кездесуде Ресей президентінің Трамппен кездесу ұйымдастыруға байланысты ұсыныс жасағанын айтты. Оның сөзінше, аладғы уақытта Трамп пен Путин Париж қаласында екіжақтық кездесу өткізуі мүмкін. Кейніннен Болтонның бұл сөзін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков та растады. Оның айтуынша, Путин мен Трамп 11 қараша күні Франция астанасында бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғаннына 100 жыл толуына орай өтетін шарадан кейін кездеседі.
Жалпы, Жон Болтонның Ресейге сапары БАҚ беттерінде қызу талқыланды. Аталмыш сапарға қатысты халықаралық сарапшылардың пікірі екіге бөлінді. Бірі «Болтонның сапары Уашингтон мен Мәскеу қарым-қатынасындағы тоңды жібітеді» десе, енді бірі «бұл жолғы кездесудің бұрынғы кездесулерден ешқандай айырмашылығы жоқ» деді.