Өткенде сайтымызда «Орыстың бес солдатын жалғыз ұрып жыққан» қазақ деген әңгіме жариялаған едік. Енді, сол батыр жігіттің тағы бір оқиғасын ұсынып отырмыз. Қазір, қазақтың жігіттерін төмен санайтын сөздер айтылып қалады. Әсіресе, бүгінгі күнмен байланыстырып, еркектерді, қазақ азаматтарын жамандайтын пікірлер қылаң береді. Санаға ондай керітартпа идеяны ұялатудан сақтансақ дейміз. Төмендегі әңгіме жігері үстем, қайсар қазақ азаматының басынан өткен шын оқиға.
Бірінші әңгіме. Сарышаған кентіндегі жұмысымыз бір қалыпты жүріп жатқан. Үш бөлмелі үйде тұрамыз. Жағдайымыз да жаман емес. Бір күні жұмыстан үйге келсем, коридорда Күлән жылап тұр.
– Не боп қалды, – дедім мен шошып кетіп. Бір жаманат хабар естіді ме деп ойладым.
– Ағаң жоқ, қасындағы адамды Шу мен Сарышағанның екі ортасында пойыздан лақтырып кетіпті, өзі ұшты-күйлі жоқ, – деді екі көзі бұлаудай болып.
Ағаң деп отырғаны – Төлеухан әкейдің тұңғышы Тілеубай ағам. Ол кезде Қаражыңғылда тұратын. Бірнеше күн бұрын жұмыс бабымен Шуға баратын болып, біздің үйге қонып кеткен. Өйткені, олардың бас конторы Шуда орналасқан. Өзі сумен қамту мекемесінде істейтін. Кетерінде Свердловск–Алматы бағытындағы №104 пойызға отырыпты. Қасында Сарышағанда істейтін бір әріптесі бар. Содан екеуі Шудан сол пойызбен қайтып келе жатқанда бір жолсерік оларды ұрып, қасындағы адамды өлімші қылып жолға лақтырып кетіпті. Оның қабырғасы сынып, көгала қойдай болып таяқ жеген. Кеудесінде жаны бар екен, абырой болғанда, біреулер тауып алып, емханаға жеткізіпті.
Ал, Тілеубай жоқ. Млилиция да іздеді, біз де сұрастырдық, дерегі білінсеші. Ақыры бір тәулік өткен соң Арқа жақтағы Киікті деген станцияға өзі барыпты. Оны да аяусыз соққыға жығып, киімін шешіп алыпты да, далаға лақтырып жіберіпті. Бір жақсысы, Киіктіде туыстар тұрушы еді, соларды әрең тауып барған. Жарақаты ауыр, жағдайы қиын көрінеді. Сонымен, ағамды ауылға әкелетін болды. Сол екі арада мен Сарышағандағы темір жол милициясының бастығы капитан Рогоза деген кісіге арыз жазып, болған оқиғаны, ағам мен серігінің аяусыз таяқ жегенін, төбелес туылған пойыз бен вагонды – бәрін баяндадым. Тек ұрған жолсеріктің нақты кім екені ғана белгісіз.
Қызық болғанда милиция бастығы маған адам нанғысыз жауап айтты. «Ей, айналайын, – дейді ол маған. – Менің қарамағымда бұндай күрделі істі тергеп, ізіне түсетін адамым жоқ. Бірақ, саған бір идея айтайын, балалар бұзақылығымен айналысатын аға лейтенант Батырхан деген жігіт бар. Сенің ісіңді сол қарасын, арызың ойынша сол іс жүргізсін».
Батырханды бәріміз білетінбіз. Оны ауыл жұрты «пұшық» деп атайтын. Оның не тындыратыны белгілі. Өзі мұғалім, тергеу, қылмысты ашу дегенге ыңғайы жоқ. Сонымен, бұл қылмысты оқиғаға милиция да көмек бере алмайтын болды.
Жағдай қиындап, қылмыс ашылмауға айналды. Ойлана келе, мен бір шешімге бел будым. Милициядан пайда жоқ деп үмітсізденуге болмайды ғой. Ағам өлімші болып таяқ жеп, намысы тапталып жатқанда қол қусырып қарап тұрсам азаматтығыма, ата-баба аруағына сын емес пе? Осы оймен капитан Рогозаға келіп, «милициямен бірге тексеруге қатысуға бола ма?» деп рұқсат сұрадым. Ол келісімін берді, тек «қайда барсаң да, милиция қасыңда болсын» деді. Әділдік пен ақиқат адам оңай жететін жерде тұрса, оның қадірі де биік болмас еді. Ол – оңай қолға келмейтін, адамдар тек қиыншылықты жеңе отырып іздегенде ғана ие болатын құндылықтар. Осылайша, әділет іздеген мен оны табудың жолы күрделі болатынын білсем де, оған қалай да жетуге кірістім.
Сөйтіп, Батырхан екеуміз Алматыға қайтып келе жатқан Свердловск пойызын Сарышағаннан күтіп алдық. Алыстан келе жатқан от арба станцияға ыңырана келіп тоқтады. Дайындалып түрған біз өзіміз күткен вагонға кірдік. Ондағылар түк болмағандай бізге өтірік таң қала қарайды. Біз оларға шетінен сұрақ қоя бастадық. Бірақ, жолсеріктер дұрыс жауап бергісі келмейді. «Не болғанын білмейміз, хабарымыз жоқ» деп, бәрі мүләйімсіп отыр. Бригадир де жарытып ештеңе айтпайды. Байқап тұрмын, олардың бәрі бір-бірімен сыбайлас, болған істі білсе де, айтпауға уәделесіп алғаны білініп тұр. Әлгі адам ұрған жолсерік жоқ, кейін естісем, ол Қарағандыдан түсіп қалыпты да, Алматыға ұшақпен кетіпті.
Жолсеріктердің ыңғайын байқаған мен қылмыстық істің оңай шешіле қоймасын көңілге түйдім. Бірақ, Батырхан екеуміз пойыздан бірден түсіп кеткен жоқпыз. Вагонды асықпай тінтіп, аралап, оқиға болған жердің схемасын, әр жерге жұққан қан дақтары мен шаш секілді айғақ-дәлел заттарды цалафанға салып алдық. Өзім де сондай детектив жанрындағы фильмдерді қызыға көретінмін. Соған сай тергеу, тексеру, ізге түсу ісіне ебім бар болып шықты. Адам бір нәрсені жаны қалап, бар пейілімен істесе, одан қалай да нәтиже шығаруға тырысады ғой. Мен де осы оқиғаның түбіне жетпек болып алдыма анық мақсат қойдым. Жазықсыз таяқ жеген ағамның кегі де бойымды кернеп барады. Сол екі арада носилкаға салып, Тілеубайды алып келді. Ол өзінің еш кінәсі жоқ екенін, осы вагондағы жолсеріктің ұрып, соққыға жыққанын айтты. Бет-аузы көгала қойдай, қабырғасы сынған, әрең сөйлейді. Сосын оны қайта госпитальға алып кетті. Пойыз Сарышағаннан қозғалып, Алматыға қарай тартты. Біз барлық жерді шұқшия тексеріп, жолсеріктердің бәрін сұраққа алып, Шығанақ станциясына дейін бардық та, ештеңе біле алмаған адамның бейнесімен түсіп қалдық. Өйткені, Алматыға бірге баратын болсақ, олар сақтығын тіпті күшейтіп, бұл іске қатысты жолсерікті жасырып, тіпті қашырып жіберуі мүмкін еді. Сондықтан, біздер үмітіміз үзілген адам ұқсап, пойыздан түңіле түсіп қалдық.
Бұл өзіміше ойластырған айла еді. Бізді «түк бітіре алмады» деп ойлаған жаңағы жолсеріктер іштерінен «мырс-мырс» күлген болар. Алайда, «олар тас санаса мен құм санауға» көштім. Сарышағанға келген соң қылмыстыны «тырп» еткізбейтін заңды құжаттарды толықтауға кірістім. Вагон коридорынан алған айғақ заттарды мөрлеп, әр қайсысын бөлек-бөлек салып алдым. Тілеубаймен бірге барған адамдардан куә ретінде көргендерін сұрап, жазып, хаттадым. Резервтегі бір машинист пен көмекшісі сол вагонға мінген екен, оларды да тауып алып, түсініктеме алдым. Солардың ішінде мектепте завхоз болып істейтін әйелдің айтқаны менің намысымды тіпті қайрай түсті. «Байғұстарды обалды қылып, ойбайлатып, аяусыз ұрды ғой. Сосын, тамбурға шығарып тастады. Қыстың мынадай суығында қалай өлмей қалғанына таңым бар. Су ішерліктері бар болып тұр ғой. «Бұлардың да кегін алатын, жоғын жоқтайтын туыстары, аға-інілері бар шығар» деп ойлап едім. Айналайын, сен енді осы істі аяғына жеткіз, ана асқақтап, көзіне қан толған жолсеріктің сазайын беріңдер», – деді.
Алматыдан қайтарда Тілеубайлармен бір вагонда болған ол кісі бізге біраз нәрсені жазып беріп, құжаттарымыздың салмағын арттыра түсті.
Әбден дайындалып алған біз енді басқа пойызбен Алматыға бармақ болдық. Бастығыма келіп, мән-жайды айтып, осы мәселені анықтауға жіберуді өтіндім, ол үш күн уақыт берді. Сонымен, адамдарды таяққа жығып, терезесінен лақтыра салатын вагонды, оның ішіндегі елді аяусыз сабайтын «батырды» іздеп жолға шықтық. Қасымда – Батырхан. Оған аса сеніңкіремеймін, өйткені, жуастау жігіт. Соны ойластыра келе, қасымызға қол астымда механик болып істейтін Шишкарев дейтін жігітті де ертіп алдым.
Содан үшеуміз алдымен Шуға бардық. Сарышағандағы Капитан Рогоза Шудағы милиция мекемесіне бағынатын. Ол жер барлық өтініш-арызымыз бен басқа да айғақ заттарды, куәлардың жазбаларын көрген соң аға лейтенант Батырханға «күдіктіні үш күнге дейін тұтқындауға құқығың бар» деп, рұқсат қағаз берді. Қолымызға заңды қағаз тиген соң аюдың апанын торыған аңшыдай Алматыға тарттық. Онда келген соң вагон депосына кіріп сұрастырып едік, біраз нәрсенің беті ашыла бастады. Вагон депосының бастығы түрік екен. Жаңағы «адам ұрғыш» жолсерік те түрік болып шықты. Тіпті, сол жердегі кейбір жігіттер: «Мұндай жағдайды бұрыннан білеміз, талай адамды соққыға жығып, пойыздан лақтырып кеткен. Көп кісі қайтыс болған. Бірақ, оның бәрін айтуға адамдар қорқады. Себебі, ондағы жолсеріктердің дені – түрік, бригадир де түрік. Бір-бірінің істегенін білдірмей, із қалдырмай жауып тастап отырады», – дейді.
Мәселенің мән-жайына біраз қаныққандай болдық. Содан «шешінген судан тайынбайды» деп, милиция Батырханды депоның бастығына жібердім. Мемлекеттік құқық қорғау мекемесінің адамы болған соң, бірдеңе айтатын шығар деп ойладық. Депо бастығынан оқиға орын алған күнгі вагонда қызмет еткен жолсеріктердің аты-жөнін және өзге де мәліметтерді алуды айттым. Бірақ, іс біз ойлағандай оңай шешіле салмайтын секілді. Арада бес минут өтпей Батырханым бозарып қайта оралды. «Не болды?» дейміз анталап. «Әй мыналар сұмдық екен» дейді ол түтігіп. Сөйтсек, доңыз айбатын сыртына салған бастық: «Сен кімсің соншама? Ондай мәліметтер бізде құпия. Ешкімге бере алмаймыз, милиция болсаң қайтейін, тез табаныңды жалтырат», – деп, қуып шығыпты.
Мына жағдай менің зығырданымды қайната бастады. Осынша аспандап, заңды көзге ілмей, милицияны қуып жіберетін бұл не қылған жарты құдай деп ойлап, намыстанып кеттім. Бірақ, «ашулы алдырар» демекші, құр күйіп-пысқанмен іс бітпейді. Өз елімізде жүріп, аға-бауырларымызды қан қақсатқан түріктердің астамшылдығы бізді ашындырып жіберді. Жай адам болса бір сәрі, мемлекеттің заңды құқық қорғаушысы, қылмыстың алдын алып, бұзақылықты шектейтін милицияның өзін елемейді. Бұл не деген бассыздық, басынушылық дегенді ойлағанда бойымызды намыс оты өртеп бара жатқандай болды...
Сонымен Батырхан, Шишкарев – үшеуміз сыртта тұрып ақылдаса бастадық. Арамдығы асқынған қандықолдарды тек айламен алу керек деп шештік. Сосын, Батырхан депо бастығына қайта баратын болды. Кірген соң «ерекше тапсырмамен келіп тұрмын, бұл іс бойынша мәлімет алуымыз керек» деген секілді сөздерді бастырмалатып айта беруін тапсырдым. Ол осы сөздерді айта бастағанда мен кіремін де: «Жолдас аға лейтенант, сіз шығып кетіңіз» деймін. Сол кезде Батекең маған: «Құп болады, жолдас капитан» деп шығып жүре берсе болғаны. Қалғанын өзім реттеймін. Жас шамам капитанға келіңкіремейді, ол кезде отызға әлі іліне қоймаған едім. Жоспар бойынша Батырхан кіріп, сәл уақыт өте бергенде артынан мен де жетіп, есікті теуіп кірдім. Кең-мол кабинеттің ішінде шіреніп бір түрік бастық отыр екен. Мұрттары тікірейіп, ешкімді менсінбейтін түрі бар. Кірген бетте қабағымды «қарс» түйіп, өңімді суыққа салып, дөң айбаттанып алдым.
– Капитан пәленше түгенбаев, органның арнайы қызмет бөлімінен, –деп, бір фамилияны тарс еткізіп, өзімді таныстырып үлгердім. Және қалтама салып дайындап шыққан қызыл тысты әлде бір куәлікті алыстан «жарқ» еткізіп көрсеттім де, қалтаға қайта сүңгітіп жібердім. Бұрыннан бар сондай бірнеше куәлік үйде жататын. Ана шіреніп отырған түріктің өңі қуарып сала берді.
– Сіз тұтқындалдыңыз, – дедім оны тіпті де төбеден құдай ұрғандай қылып.
Бұны естігенде әлгі мықтым отырған жерінде үстелдің астына кіріп кете жаздады. Батырға да жан керек екен, аяғы қалтырап, қолы селкілдеп, әлепеті кетті де қалды. Өзі білдей бастық, неше мың жолсерікті «шырқ» үйіріп отырған дөкей. Оған қарап тұрған мен жоқ:
– Сіз басқарып отырған мекемеде мемлекеттік қылмыскер жасырынып отыр. Ол осындай пойыз, осындай вагонда істейді, маған тез арада сол күнгі қызмет атқарған жолсеріктің мәліметтері қажет және сіз қазір қолға алындыңыз, ешкіммен сөйлесуге, телефонмен хабарласуға, біреумен тіл қатысуға құқыңыз жоқ. Кабинетіңізге де ешкім кірмеуі керек, қазір сіздің телефондарыңыздың бәрі тыңдаулы және сіз жан-жақтан бақылауда тұрсыз, – деп жатырмын. Анау жылап жіберуге дәс қалды. Баяғы Батырханды қуғанда айтқан асқақ сөз, асау мінез жоқ. Қалш-қалш етеді.
Содан не керек, бір кезде әлгі бастықсымақ есін жиып, алдындағы кнопканы басты да, кадр бөлімінің бастығын шақырды. Мына жақта түлкі аңдыған қырандай төніп мен тұрмын. Сол-ақ екен кадр бөлімінің бастығы да кіріп келді. Кірді де: «Кендай» деп айтқызуға үлгертпей, «К» дей бергенде: «Жабыңыз аузыңызды, ешқандай сөз, әңгімелесу болмасын, тез жұмысыңызды бітіріп шығыңыз, барыңыз да кабинетіңізде тапжылмай отырыңыз, сізге де сыртқа шығуға болмайды», – деп ақырып жібердім. Өйткені, кадр бөлімінде істейтін әлгі адам Күләнның әпкесі болып келетін, Фарида деген кісі екен. Мені танып, атымды айта бергені сол еді, дереу сөйлетпей, аузын жаптым да тастадым. Өйткені, мені танитынын білдіріп қойсам, барлық жоспарымыз желге ұшқалы тұр. Фарида жолсеріктің аты-жөнін, мекен-жайын берді де, тез шығып кетті.
Мекен-жайды алдық. Әлгі жолсеріктің тұратын жері қайда дейсіз ғой? Алматыдағы «Турчанка» деген район екен. Оның да атағы шыққан жер. Түріктердің біртұтас, топтасып отырған паселкесі. Ол өзі «Үлкен Турчанка», «Кіші Турчанка» деп екіге бөлінеді. Оған кірген бөтен адам, мейлі милиция, мейлі КГБ-ның қызметкері бол абайламаса не таяқ жеп, не өліп қана шығады. Совет уақытысындағы шектеу қойылған кездің өзінде онда арақ та, есірткі де саудаланып жататын. Бұзық, қылмысты орта еді. Бірақ, бізге сонда кіру керек. Өйткені, қуып келе жатқан ізіміз қорқау қасқырдың апанына қарай әкетіп барады. Енді шегінерге жол жоқ, қайтып кетсек жігіт деген атқа мін. Оның үстіне, жазықсыз таяқ жеп, өлім аузында жатқан бауырдың, бірге туған туыстың кегі және бар. Сонымен, бір таксиге отырдық та, «Турчанка қайдасың» деп тартып кеттік.
Жалғасы бар
«The Qazaq Times»