Естеріңізде болса, 5 жылдан бері өткізіліп келетін дәстүрлі «Алтын домбыра» аламанының 2016 жылғы қорытындысы халықтың наразылығын тудырған болатын. 3-4 желтоқсан күндері Алматыдағы Республика Сарайында өткен дүбірлі додада, қазылар алқасының шешімімен, Алтын домбыра және 5 миллион қаржылай жүлде Мұхтар Ниязовқа бұйырған.
Айтыскерлерді марапаттау сәтінде халық ду көтеріліп, наразылық танытқан еді. Оған себеп: халық бас жүлдеге Болатбек Оразбаеваты лайық деп таныған. Пікір екіге жарылды. Бірі сайысты әділ болды десе, енді бірі оған дау айтып жатты. Арада 2 ай өтсе де «Алтын домбыра» төңірегіндегі бұл дау халықтың көңілінде қалды, әлі күнге дейін қызу талқыланып жатқан мәселе. Соны ескере келе, Жүрсін Ерман 2017 жылы, 6 ақпан күні, 28-ші бүкіләлемдік қысқы Универсиада аясында, Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен, «Өнер алды – қызыл тіл» атты республикалық студенттер айтысының марапаттау сәтінде атап өткен болатын:
«Жақында «Алтын домбырада» Мұхтар Ниязовтың жеңісіне күмән болды. “Бәйге дұрыс болмады, Мұхтарға емес, Болатбекке берілуі керек еді” деген шу көтерілді. Егер жүлде Болатбекке бұйырса, бәлкім, Мұхтарға берілуі керек деген шу шығар ма еді?!. Соның орнын толтырайық деп, дәл осы залда [«Алатау» дәстүрлі өнер театрында – ред] екі ақынның жекпе-жегін өткізгім келеді. Екеуін "шайқастырып" көрейік деп шештім. Айтыс дейтін жаныңды жеп айтатын, рухы биік өнер ғой. Мәселе кім жеңгенде емес, бүгін біреуінің жолы болса, ертең екіншісінің айы оңынан туар. Екеуі де сұрапыл ақындар. Айтысқа жарнама болсын деп, халықтың да құмары қансын деп бәйге іздеп жатырмыз. Алдағы уақытта құлақтарыңыз түрулі жүрсін».
«The Qazaq Times»