Қазіргі уақытта Еуропада мигранттар мен келімсектер мәселесі шиеністі жағдайға жетіп тұр. Бұдан бұрын Италия және Мальта елдерінің 600 мигранты бар «Aquarius» кемесін қабылдаудан бас тартқандары туралы жазғанбыз. Енді, соңғы мәліметтерге қарағанда, осы аталған екі ел арасындағы ерегестің туындауына себеп болған 600-ге жуық мигрантты қабылдауға Испания келісім берді.
Испания үкімет басшысы ведомоствасының хабарлауынша, бұл шешім премьер-министр Педро-Санчез тарапынан қабылданған. «Гуманитарлық қайғылы жағдайдың алдын алуға тиіспіз. Сонымен қатар, осы тұлғалар үшін қауіпсіз айлақ ашу мәселесін де назардан тыс қалдырмауымыз керек», - деген ол. Айта кету керек, Италия — босқындардың Солтүстік Африкадан Еуропаға өтулері үшін ыңғайлы әрі негізгі ел болып саналады. Алайда, осыған қарамастан Италия мигранттарды қабылдаудан бас тартып, Мальтаны «ең жақын әрі қауіпсіз» деп атап, Сицилия жағалауына бет алған бойы, орта жолда қалған мигранттарды қабылдау жауапкершілігін Мальтаға артқан еді. Ақыры, «Aquarius» кемесі жексенбі күні жаңа министр Маттео Сальвини оларды қабылдаудан бас тартқаннан кейін бір тәулік бойы Жерорта теңізінде қалған.
Кемедегілер кімдер?
«Аквариустағылардың» көпшілігі Ливияда құтқарылғандар. Олар — Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінен Италия мен Мальта арқылы Еуропаға заңсыз өтуге тырысқан келімсектер. Жерорта теңізінде құтқарылған осы мигрантардың шамамен 400-і италиялық әскери қызметкерлер мен жағалаулық күзеттер тарапынан іріктеліп алынған. Содан кейін олар «Аквариусқа» отырғызылған. Айта кету керек, олардың арасында 123 жеткіншек, 11 бала және жеті жүкті әйел бар. Қазіргі уақытта осы кемедегілермен бірге жүрген тілші Анелиз Борждың хабарлауынша, жеткіншектер 13-17 жас аралығында. Олар Эритреи, Гана, Нигерия және Судан елдерінен қашып келеді.
Италияның оларды қабылдамау себебі неде?
Жексенбі күні Италия ІІМ басшысы «Италияның адам саудасы мен заңсыз көші-қонды жақтамайтынын» айтып: «Мальта ешкімді қабылдамайды. Франция адамдарды шекараға кері қайтаруда. Испания шекарасын қарумен күзетуде» деп, босқындар мен келімсектер мәселесінде жалтарып жатқанын айтқан еді. Өткен аптада Сальвини де Римнің мигранттарды көбірек депортациялауы керек екенін мәлімдеп, ал бассауға алғандарды Еуроодаққа мүше-елдерге таратқысы келетінін ескерткен болатын. Алайда, ЕО-тың кейбір елдері бұл жоспарға үзілді-кесілді қарсы шығуда.
Италия үкіметін сынаушылардың ойынша, Римнің мигранттарды отандарына кері қайтару жоспары— орындалуы қиын жоспар. Сондықтан бұл — нәсіларалық алауыздықты өршітіп, гуманитарлық мәселені саясиландыратын ғана бастама.
Ал Мальта неге қабылдамады?
Мальта үкіметінің баспасөз хатшысы да өз кезегінде Мальта елінің «босқындар мен келімсектер мәселесін реттеуші немесе жауапты ұйым» емес екенін айтып, мәлімдеме жасаған еді. Одан бұрын Сальвини: «Мальта үкіметі 126 келімсектер тиелген «Сифахс» кемесі осындай жағдайда да қалғанда өз міндетін атқармады» , - деп айыптағаны белгілі. Яғни, Мальта «Сифахс» кемесіне көмек қолын созудан бас тартқан. Артынша, сенбі, 9 маусым күні «Сифахс» сицилиялық порт «Позаллоға» тоқтауға рұқсат алған болатын. Ал, Мальта үкіметі өздерінің көші-қон мәселесіндегі міндеттерін қажетті деңгейде атқарудамыз деп мәлімдеді.
Мигранттар мәселесінің осылай шиеленісті жағдайға жетуіне байланысты кеше, 11 маусымда БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша Жоғары комиссары да мәлімдеме жасады. "Мальта мен Италия елдерінің жүздеген мигрантты солай кемеде қаңтарып қою құқықтары жоқ. Екі жақтың бірі шұғыл түрде оларды қабылдауға тиіс. Қазіргі таңда мемлекетаралық мәселені қоя тұрып, адамдарды құтқару мәселесін тезірек шешу керек. Олар қиын жағдайда, ас-сулары таусылуда. "Мигрнаттарға кім жауапты немесе осы жауапкершілікті мемлекеттер арасында қалай бөлуге болады" деген сынды ауқымды мәселелерді кейінірек шешуге болады", - деді БҰҰ-ның арнайы өкілі Винсент Кошотель.