Бүгін Талғар ауданына қарасты Жаңалық елді мекенінде Алматы облысының халқы саяси қуғын – сүргін құрбандарына тағзым етті.
«1917-1938 жылдар аралығында болған саяси қуғын –сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» шарасына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, ҚР саяси қуғын – сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы, респрессия құрбаны, ақын, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтың ұлы Саят Жансүгіров және республикалық «Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әнес Ғарифолла қатысты. Шара барысында саяси қуғын – сүргін құрбандарына құран бағышталып, ас берілді. Бұдан бөлек облыс әкімі Жаңалық ауылында салынып жатқан қуғын – сүргін құрбандарына арналған мұражай құрылысымен танысты.
Жаңалық ауылында 2001 жылы ашылған ескерткіштің салыну тарихы мен өткен ғасырда қазақ халқының басынан өткен нәубет жөнінде ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев былай деді:
«Бұл жер Кеңес Одағының тұсында «дача» құрылысына берілген. Құрылыс барысында бұл жерден адамның бас сүйегі табылған. Сүйектерді тапқан КГБ ардагерлері 1990 жылдың көктемінде «Әділет» қоғамына хабарласқан. Содан зерттеу жұмыстары басталып, «Әділет» қоғамының адамдары құзырлы органдармен бірлесе отырып бұл жерден үш қап адамның сүйегін тапқан. Содан сот медициналық сараптама жұмыстарының қорытындысы бойынша бұл жерге 1937 жылы атылған адамдардың сүйектері көмілгендігі анықталған. Ашаршылық деген қазақтың өміріндегі үлкен трагедия. Біз тәуелсіздік алған жылы Жоғары Кеңес "ұжымдастыру тарихын" зерттеуге арналған үлкен комиссия құрған. Бұл комиссия өте жақсы жұмыс істеді. Нәтижесінде комиссия мүшелері «1931-1933 жылдары көшпенділерге қарсы геноцид жасалды» - деген қорытынды шығарды. Бірақ сол қорытынды үкімет тарапынан мақұлданбай «геноцид» деген ұғым айтылған жоқ. 1992 жылдан бастап 31 мамыр ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Бірақ үкімет 1997 жылға дейін бір де бір рет ресми атап өткен жоқ. Себебі оны жасыратыны жоқ үкімет арамыздағы орыстардан жасқанды, іргеміздегі Мәскеуден жасқанды. Бірақ біз айтамыз бұл дұрыс емес деп. Өйткені оған орыс та кінәлі емес, қазіргі Мәскеудің де кінәсі жоқ, демократиялық Ресейдің де кінәсі жоқ. Мәселе өткен жүйеде, болшевиктік жүйеде. Ол мемлекет жоқ қой қазір. Оның қылмысын айту керек».
1918-1938 жылдары аралығында қазақ даласында ашаршылық пен репрессия салдарынан 3 миллионнан астам адам көз жұмған. Оның ішінде саяси қуғын – сүргін көріп, ату жазасына кесілген бес мыңға жуық адам дәл осы Жаңалық ауылында жерленген.