Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында жалпы дінге деген қызығушылық обьективті түрде өсті, қоғам осы әлеуметтік-мәдени институтқа қатысты жаңа диспозицияға көшті. Зайырлылық үлгісінің қалыптасуы мен мемлекеттік-конфессионалдық қатынастар саясатын дамытуға жаңа идеологиялық және саяси шарттар пайда болды. Қоғам өміріне еніп отырған діни ұйымдар мен топтардың саны өсті.

Дін қазақстандық қоғам өмірінің маңызды факторы бола отырып, белгілі бір азаматтар тобының бейімделуі мен әлеуметтенуінің дамуына ықпал етеді. Әлеуметтік ахуалдың жаңашылдығы діндарлықты, қазіргі қазақстандық қоғамдағы оның қызмет етуін зерттеуге ғылыми қызығушылықты туындатады. Мемлекеттік идеологияның қажет деңгейде әзірленбеуі салдарынан діни дүниетаным зайырлылықтың баламасына айналып, оған сәйкес өмір сүру үлгісі мен құндылықтар жүйесі жайлы ұғымдардың қалыптасуына алып келеді. Жаһандық ықпалдар қазақстандықтарды оларға  дәстүрлі емес болып келетін  этнодіни субмәдениетке тарту арқылы, азаматтық бірегейліктерінің қалыптасуына әсер етеді.

Ел азаматтарының діни таңдауының факторлары, діни өзіндік идентификация (бірегейлендіріп, тиесілігін түсіну) үрдістері, діндарлықты ғибадаттық (құлшылық тәжірибе, мешіттер мен храмдарға бару, құдайға құлшылық ету практикасына қатысу, діни ережелерді ұстану) және ғибадаттан тыс (діни кітаптарды оқу, діни ұйымдарды қолдау, әлеуметтік қызмет көрсету және т.б.) өлшеу және т.б. көрсеткіштер біздің елімізде діндарлықтың өсіп отырғанын аңғартады. Діндарлық тек индивидтердің сана, іс-әрекет және институт ретінде діннің белгілі бір проекцияларына қатыстылығы арқылы көрінеді.  Діни идеяға қатыстылық өзінің діни ұстанымын жариялау, діни сенім мен оның өмір үшін маңыздылығы мен бағасын түсіну, діни көзқарастардың құндылықтық сана құрылымындағы орнын түсіну сияқты белгілердің жиынтығы арқылы бекітіледі. Бұл көрсеткіштер діни ұстанымның (сенімнің) нақтылығын (немесе белгісіздігін) бейнелейтін діндарлықтың сипатын қалыптастырады.

Қазіргі постсекулярлық қоғамда діни құбылыстар барынша динамикалық қырымен айрықшаланып отыр. Соңғы бес-алты жылдың ішінде біздің мемлекетіміз бен қоғамымыздың дін саласында бірқатар түйткілді мәселелер түйіні пайда болды. Мысалы, діндарлық пен зайырлылықтың парқы неде, бүгінгі мұсылманнның келбеті қандай, әсіре діншілдік пен ұлтшылдықтың салдары не болады, діндарлықтың бүгінгі үрдістері радикализммен шектесіп жатқан жоқ па, оған мемлекеттің жауабы қалай болады және ол қатаң секулярлы сипатта емес пе, адамның дін ұстану құқықтары мен қоғам тұтастығы, діни сұраныстың ұлғаюы мен зайырлы мемлекеттің ұстындарын сақтау таразысын қалай тең ұстауға болады, діни бірегейлік дұрыс, па әлде дүниетанымдық әр алуандылық керек пе, батыстық демократиялық стандарттар мен ұлттық өркениеттік ерекшеліктер, дәстүлі діни құндылықтар мен еуропалық либералды құндылықтар қабыса ала ма, шариғатты модернизациялауға бола ма және т.б. сұрақтар алдыңғы қатарға шығып отыр.

Осындай заманауи үрдістер мен мәселелерге орай өткен жылы жасақталған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «2017-2020 жылдарға арналған Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасын» қабылдады. «Діни қызмет және діни ұйымдар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы талқыланып, ҚР Парламентіне ұсынылды және оны таяуда ғана Мәжіліс бекітті.  Бұл шаралар еліміздегі мемлекет пен конфессиялар арасындағы үлгі мен әртүрлі діндер арасындағы келісімді жетілдіруге, дінді деструктивті мақсатқа қолданудың алдын-алуға және мемлекеттің зайырлылық ұстындарын нығайтуға бағытталған.

Заманауи әлемдегі зайырлылық түріндегі мемлекет – нақты қоғамның, діннің, және адамның рухани жағдайларына, және мемлекет құрылымының демократиялық түріне толығырақ жауап беруі тиіс. Көпконфессиялық және полиэтникалық мемлекеттердегі зайырлылық түріндегі мемлекет жоғары дәрежеде үмітті ақтаған және дәлелденген болып есептеледі.

Зайырлылықтың мәні туралы жалпы қорытынды мынадай: «Мемлекеттіліктің зайырлы формасы қағидалардың концептуалды деңгейін туындатты: мемлекет діннің өз алдына қызмет етуіне жағдай жасауы қажет, ал діндер мемлекеттік іске араласпай, қоғам мен мемлекетке өз тарапынан қауіп-қатер туындатпауы керек».

Түйіндеп айтқанда, классикалық зайырлы мемлекетте  діни ұйымдар мемлекеттен ажыратылған (бірақ қоғамнан оқшауланбаған) және заң алдында бәрі тең. Зайырлы мемлекеттің бұл үлгісі барлық діни ұйымдарға бейтарап қатынаста болуды, мемлекеттің діннен және діни ұйымдардан оқшау болуын көздейді. Зайырлылық мемлекеттің клерикалдануы (діни сипатының басымдылық танытуы) мен секулярлануы (дінді қоғамнан аластатудың идеологиясы) аралығындағы тепе-теңдікті ұстап тұрады. Зайырлық түсінігі аясында мемлекет төмендегі ұстындарға сүйенеді: азаматтардың қандай да бір дін және діни ұйымдарға жататындығына қарамастан, өмірдің барлық саласында тең құқығын қамтамасыз етеді; азаматтардың дінге деген қатынастарына бейтарап қарап, олардың таңдауларын мадақтап, сөгіп немесе насихаттамайды; діни ұйымдар мен бірлестіктердің істеріне, діни ағартушылық, ішкі тәртіптік, діни, кадрлық істеріне мүлдем араласпайды; азаматтардің дінге деген қатынасын анықтауда мемлекеттік білім беру стандартының бейтараптығын қаматамасыз етеді; адам құқығы мен еркіндігін шектейтін, азаматтардың дінге деген қатынасын күшпен өзгерту мақсатында арнайы мекемелерді қолдануға рұқсат бермейді және т.б.

Қазақстанды зайырлы мемлекет деп мойындау дегеніміз – бұл біздің елдегі зайырлылық қағидасын тәжірибеде жүзеге асырудың бірінші қадамы деп білеміз. Шындығында, қазіргі әлемдегі барлық мемлекеттердің көп бөлігі – зайырлы болып табылады. Онға жуық теократикалық мемлекеттер және одан азырағы – атеистік мемлекеттер бар. Қалғанның бәрі – зайырлы болып табылады. Бірақ біз тәжірибеден көріп отырғанымыздай, бұл мемлекеттер зайырлылық қағидасын жүзеге асыруда ауқымды түрде әрқилы үлгілерді қолданады. Зайырлылық қағидасы оны тым кең тұрғыда түсіндіруге мүмкіндік туғызады: теократиядан тіпті атеизмге дейін. Бұл қазіргі әлемде болып отыр. Мемлекеттің таңдаған зайырлылықтың түріне, сипатына байланысты, ол дін саласында өзінің барлық саясатын құрастырады. Зайырлылықтың белгілі бір түрін заңнамамен бекітудің қажеті жоқ. Дегенмен, қайсыбір зайырлылықтың типі мемлекеттің конфессиялық саясатының мазмұны мен түрін анықтайды, оның ішінде ерекше атап айтсақ, мемлекеттік-конфессиялық қатынастар саласындағы тәжірибелік шешімдерді қабылдау кезінде болады. Осыменен қазақстандық қоғамдағы діннің мәні мен рөлі анықталады. Сонымен қатар бұл мәселеде, әлемдік тәжірибені талдау да өзекті болып табылады – мұндай талдау Қазақстанға зайырлылық қағидасын жүзеге асырудың қандай да бір түрлеріне ыңғайласуға мүмкіндік береді.

Еліміздің Ата Заңындағы Жалпы ережелер деп аталатын 1 бөлімінің 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деп көрсетілген. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары. Қазақстан унитарлы мемлекет болғанымен, біздің қоғамымыз этностық, діни және мәдени тұрғыда әртекті. Демек, елдегі заманауи әлеуметтік-мәдени ахуал да, дүниетанымдық алуан түрлілік те зайырлылықты мемлекет сипатының конституциялық негізіне жатқызуға итермелейді. Яғни біздің республикамызда ешқандай дін мемлекеттік дін деп жарияланбаған, дін өмір тәртібі ретінде мәжбүрлеп таңыла алмайды және әрбір азаматтың ар-ождан бостандығына құқы бар. Қандай да бір діннің үстемдік етуіне немесе дінді мансұқ етуге заң бойынша жол берілмейді.

«Діни қызмет және діни ұйымдар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы маңызды бірқатар заңнамалық құжаттарды қамтыды. Заңдағы аталған баптар елдегі діни ахуалды орнықты жағдайға келтіріп, діннің дұрыс арнадағы ағымына септігін тигізеді. Бұл өзгерістер мен толықтырулар уақыттың ағымы мен замана талаптарына лайықты жауап беріп, қазақстандық қоғамда, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, зайырлы мемлекеттік дәстүрмен қатар, дұрыс діни сана қалыптастыруға үлесін қосады деген ойдамыз.

Сатершинов Бақытжан Меңлібекұлы

ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Дінтанушылар конгресінің төрағасы, филос.ғ.д., профессор

“The Qazaq Times”