Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтың АҚШ-қа жасаған сапары туралы әлем ақпарат кеңістігінде әр түрлі болжамдар мен қауесеттер айтылды. Тіпті соның арасында «АҚШ Өзбекстанды қаншаға сатып алды» деген тақырыптар да кездескен еді. Алайда, Шавкат Мирзиеевтың кеше соңына шыққан АҚШ сапарының нәтижесіне қарағанда, бұл сапардың Ташкент үшін ғана емес, Құрама Штат үшін де маңызға ие екені белгілі болды.
Кезекті сапар барысында өзбек басшысы АҚШ президентімен бірқатар ынтымақтастық келісімдеріне қол қойды. Бұл келісімдерді екі ел басшысы да «АҚШ пен Өзбекстанның стратегиялық ынтымақтастығының жаңа дәуірінің басталуы» деп бағаласты. Олай болса АҚШ пен Өзбекстан арасында қандай ымыраластық пайда болды, екі ел жеке-жеке нелерге қол жеткізді? Осыларға тоқталып көрелік.
Өзбекстан неге қол жеткізді?
Ең алдымен екі тараптың да Шавкат Мирзиеевтың кезекті сапарын «тарихи сапар» деп бағалағанын айта кету керек. Өзіне іргелес мұсылман елдері мен Ресей ықпалына қарамастан АҚШ-пен сыртқы қатынастарды реттеу үшін сапарға аттанған өзбек басшысының бұл қадамын «ерлік» деп бағалап жатқан сарапшылар да бар. (Орталық Азия тақырыбы бойынша танымал сарапшы Аркадий Дубнов солай дейді).
Өңірдің деңгейінен алғанда, Ташкент үшін өзінің мәртебесін, сенімді серік екенін дәлелдеу аса маңызды болып отыр. Әрине, мойындайтынымыз, Шавкат Мирзиеев билікке келісімен Өзбекстанның көршілес елдерімен мәмілесі жақсарды. Демек, бұл Өзбекстанның өз аймағындағы елдер арасында қадым-қасиеті артып, жағымды жағынан ықпал ете бастағанын аңғартады. Ендігі қадамда Ташкент үшін әлемдік державалармен байланыс орнату, солардың қолдауына ие болу керек болған еді.
Бұған дейін шетелдік инвестицияларды салыстырмалы азырақ тартқан Өзбекстан, енді сырт елдермен барыс-келісті дамытуға қадам қойды. Кейбір сарапшылар Өзбекстан экономикасына миллиардтаған АҚШ инвестициясы ертең-ақ құйыла жөнеледі деген пікірге келіседі. Алайда, Өзбекстанның АҚШ баса назар аударатын адам құқығы мәселесіндегі бет бейнесі және экономикалық өсімі мен инвестициялық климат бойынша шарт-жағдайы жақсы емес.
Елге шетелдік инвестиция тарту ісін марқұм Ислам Каримов те сынап көрген. Алайда, ол әрекетінің берекесі аз болды. Ал, Мирзиеев ел ішінде бірқатар реформаларды қолға алды. Валюта реформасы саясатына да барды. Президент Шавкат Мирзиеевтың бұл саясаты басталысымен елдегі қауіпсіздік күштерінің шенділерінен күшті қарсылықтардың болғаны туралы BBC хабарларында егжей-тегжейлі айтылды. Бірақ, өзбек президенті өз саясатын қандайда бір адамдардың қарсылығына қаратпады.
Десе де, Шавкат аканың бұл жасаған әрекеттері әлем елдерінің ірі компанияларына қаншалық шабыт болатыны өз алдына үлкен мәселе. Олар Өзбекстанға инвестиция салуға батылдық ете ала ма, жоқ па? Кейбір мәліметтерге қарасақ, Мирзиеевтың үкіметі Chevron, Exxon Mobil және General Electric секілді ірі компаниялармен алғашқы келіссөздерін бастап кеткен көрінеді.
Біз мойындағымыз келмегенімен, Өзбекстан армиясы Орталық Азияда саны жағынан және соғыс қуаты жағынан алдынғы қатардағы армия деп танылып отыр. Бір кемшілігі болса – қару-жарағы, әскери техникасы Ресейдің немесе бұрынғы Кеңес одағынан қалған ескі техникалар. Бұлар күн еткен сайын ескіріп, қолданыстан шығып қалып жатыр. Бұл жағында Қазақстанның артық жері байқалады. Алайда, өзбек армиясы сол күйінде қалып кетпейтіні анық. АҚШ Өзбекстанға әуе қорғаныс техникаларын, әскери істерге арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарын, өзге де құрал-жарақтар беруге дайын.
АҚШ-қа қандай пайда келмек?
Таяу болашақ тұрғысынан алғанда, АҚШ Өзбекстанмен байланысын жақсарту арқылы НАТО күштері үшін жүк жеткізіліп тұратын «Оңтүстік бөлімшелер желісіне» үлкен қолдау алып отыр. Трамптың Пәкістан туралы көзқарасы АҚШ-тың алдағы уақыттағы бұл елге деген саясатының дұрыс бағытта болмайтынын аңғартып отыр. Бұндай жағдайда Орталық Азия АҚШ үшін маңызды стратегиялық аймақ болмақ.
Ең маңыздысы Ауғанстан мәселесінде Уашингтонның күні Өзбекстанға көбірек түскелі тұр. Дау-дамай мен атыс-шабыс үзілмеген бұл елде өзбектердің екінші орындағы этикалық топ. Оның сыртында Ауғанстанның кейбір өңірлеріне Өзбекстанның ықпалы зор. Демек, Ташкент пен Уашингтон арасындағы ынтымақтастық Ауғанстандағы АҚШ әскерлері үшін де керек болып отыр.
Сонымен бірге Орталық Азиядағы Ресей мен Қытай ықпалына АҚШ тарабы өз салмағында қосып, үш тарапты әсер қалыптастыруға тырысады. Ол үшін де өңірде сенімді жақтасының болуы керек. Дегенмен қазіргі жағдайда Мирзиеев үш алыптың ортасындағы әңгімеге бас сұққысы келмейтіндей.
Ресей, Қытай және Орталық Азия
Мәліметтерге қарағанда Өзбекстан президентінің Ақ үйде қол қойған келісімдерінің құны 8,5 млрд долларға тең. Ал, Шавкат Мирзиеев Мәскеу сапары кезінде құны 12 млрд доллар көлеміндегі келісімге қол қойған еді. Ресей Өзбекстанды өзіне қарсы қойып алудан алаңдайды, сондықтан да тіке қысым көрсетпей келеді. Оның бір себебі екі ел ортасын бөліп жатқан Қазақстанның Өзбекстанмен бауырластығы да үлкен рөл атқарады. Бірақ, өзбек басшысының әр қадамын назарынан тыс қалдырған емес.
Кейбір сарапшылар Ресей Өзбекстанның АҚШ-қа жақындасуына кедергі келтірмейді. Себебі, Ресейде қазір бұл процесті тоқтататын нақты жобасы жоқ. Ресейге бағытталған санкциялар, Батыс елдерімен қатынасының бұзылуы, ішкі-сыртқы қысымдар Мәскеуді қазақ даласынан ары таман жатқан Ташкентке мойнын бұрғызар емес. Оның үстіне Украинадағы жағдай Орталық Азия елдерінің Ресейге деген көзқарасында суытып жіберді. Астана үшін де, Ташкент үшінде Мәскеу бұрынғыдай сенімді серік болмай барады.
Ал, Орталық Азия елдерінің соның ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық, барыс-келіс тез қарқынмен дамып келеді. Ағайын арасындағы араздықты реттеу үшін қырғыз-өзбек арасы да татулыққа қарай бет алды. Қазіргі Орталық Азия елдерінің бірлікке ұмтылысы кемелді болмаған күннің өзінде, болашақ үлкен күштердің тағанын қалап келеді.
Ресей өз алдына, Орталық Азия елдерінің әр қадамын Бейжің тарабы да қалт жібермей қадағалап келеді. Өзбекстанда Қытайдың да белгілі мөлшерде инвестициясы бар. Өзбекстаннан өтіп жатқан темір жол Қытайдың күре тамырына тиіп тұр. Бұл тұрғыда Өзбекстанның АҚШ-пен байланысын тең дамытуы орынды да.
Дегенмен, Өзбекстан ғана емес, Орталық Азия елдерінің болашақ белестерін тап басып болжап айту қиын. Орталы Азия елдері толықтай АҚШ-қа оң қабақ танытқан күнде де АҚШ-тың құбылмалы сыртық саясаты қай күні қырына бағарын ешкім айта алмайды. Күн санап артқан Қытайдың экономикалық ықпалы алдында да, жалпы ішкі өнім құны бір Түркияға тең келмейтін бес елдің еңсесі биік, салмағы ауыр, ықпалы зор аймақ болып қалыптасуы оңай шаруа емес-ті.