Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін АҚШ-қа ресми іс-сапармен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев барды. Осыған байланысты бүгін біз бұған дейінгі Өзбекстан мен АҚШ қарым-қатынасының дамуы және ресми Астана мен Ташкенттің соңғы уақыттардағы сыртқы саясаттағы қадамдарына қысқаша тоқталуды жөн көрдік. 

Ресми Ташкент пен Уашингтон қарым-қатынасы ең алғаш рет 2001 жылы басталды. Дәл осы жылы Пентагон 11 қыркүйек күні Нью-Йорк қаласында болған террорлық шабуылдан кейін Ауғанстанда әскери операциясын бастады. АҚШ Конгрессы аталмыш операцияға ел бюджетінен 100 миллион доллар қаржы бөлді. Осыдан кейін сол кездегі Өзбекстан басшысы Ислам Кәрімов Пентагонға Карши-Ханабад әуе базасын жалға беруге келісті. Бірақ  бұл әскери бірлестік ұзаққа созылмады. Арада төрт жыл өткенде ресми Ташкент АҚШ-тан Карши-Ханабад әуе базасын кейін қайтарып алды. Өзбекстан билігінің бұндай қадамдарға баруына Әндіжан оқиғасы себеп болды. АҚШ Конгрессы 2005 жылы Әндіжанда болған қанды қырғынды қатаң сынға алып, Өзбекстан алдындағы қарызын төлеуден бас тартты.

2017 жылы Өзбекстан мен АҚШ қарым-қатынасы баяу болса да қайта жандана бастады. Ресми Уашингтонның Орталық Азия елдерімен қайтадан байланыс орнатуына Пәкістандағы жағдайлар себеп болды. Президент Дональд Трамп Пәкістан билігін «террористерді қолдап отыр» - деп айыптағанан кейін, Исламабад пен Уашингтон қарым-қатынасы бұрын соңды болмаған жағдайға жетті. АҚШ-тың Пәкістан арқылы Ауғанстанға жүк тасымалдауы қиындады. Бұл Ақ үйді Орталық Азия елдерімен келіссөздер жүргізуге мәжбүрледі. Нәтижесінде Әзірбейжанға жеткізілген жүк Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары арқылы Өзбекстанға жөнелтіліп, одан ары Ауғанстанға тасымалданатын болды.

Осыдан біраз уақыт бұрын Ресей БАҚ өкілдерінің «Қазақстан өз порттарын АҚШ әскерилеріне жалға берді» - деп шулап жүргендері осы келісім төңірегіндегі әңгіме. Кремль жазғыштарының соншалықты байбалам салуына не себеп болғанын түсіну қиын. АҚШ-ты «өзінің ата жауы» санайтын Ресейде 2010 жылы жүк тасымалы мәселесінде Уашингтонмен  келісімге келген. Келісім бойынша, АҚШ пен НАТО-ның Ауғанстанға тасымалданатын жүктерінің бір бөлігі Ресейдің Ульяновск аумағы арқылы өтуі тиіс болған. Бірақ Ресей 2015 жылы Қырым оқиғасынан кейін бұл келісімнен шығып кеткен. Бұл әрине бөлек бір мақаланың тақырыбы. Енді Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтың АҚШ-қа жасаған сапарына оралсақ.

Мамыр айының 15-і күні Шавкат Мирзиеевтың Уашингтонға ресми іс-сапары басталды. Оны «Эндрюс» әуежайынан АҚШ үкіметінің ресми өкілдері күтіп алды. 16 мамыр күні Өзбекстан басшысы өзінің америкалық әріптесі Дональд Трамппен кездесті. Қос тарап екі жақтық қарым-қатынас, әлемдік және аймақтық мәселелерді талқылады. Кездесудің бір бөлігі жабық есік жағдайында өтті. Шавкат Мирзииевтың сөзінше, кездесу барысында құны 5 миллиард долларды құрайтын құжаттарға қол қойылды. Өзбекстан АҚШ-пен сауда-экономикалық, ауылшаруашылығы, әскери-техникалық байланыс орнатты. Бір сөзбен айтқанда Трамп пен Мирзиеев кездесуінен кейін Өзбекстан қоржыны толық, ұпайы түгел. Бірақ осы арада «неге ресми Астана мен Ташкент бір мезетте ат басын АҚШ-қа бұрды?» - деген заңды сұрақ туады. Бұл сұраққа әр сарапшы өзінше ой айтады. Бірі «Қазақстан мен Өзбекстан Ресейден іргесін аулақ салмақ» десе, енді бірі «ресми Астана мен Ташкент әлдемдік державаларға сыртқы саясатта өзіндік көзқарастары бар екендігін көрсеткісі келеді» -дейді.

«Қауіп-қатерлерді бағалау» компаниясының директоры, саясаттанушы, Досым Сәтбаев: «Өзбекстан Ресейге салынып жатқан санкциялар мен экономикалық тұрақсыздыққа байланысты Мәскеуге сенбейді. Оның үстіне Ташкентті Ресей билігінің экономикаға емес геосаясатқа көбірек көңіл бөлетіндігі қатты алаңдатады. Қазақстанда да дәл осындай алаңдаушылық бар».

Өзбекстандық «Билим карвони» тәуелсіз зерттеулер орталығының директоры Фарход Толипов: «Үлкен ойынды ойнаудағы басты шарт – оны ойнамау. Ташкенттің Уашингтонмен қарым-қатынас орнатуы державалармен араласудағы тепе-теңдікті сақтау емес. Бұл сыртқы саясатта өзіндік көзқарасыңның бар екендігін көрсету. Бұған Өзбекстан ғана емес Орталық Азиядағы барлық елдер ұмытылуда».

Ресей халықаралық істер кеңесінің бас директоры Андрей Кортунов: «АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасын жандандыруы Ауғанстанға жүк тасымалдаумен ғана шектелмейді. Бұл жерде ұзақ жылдық мақсаттар жатыр. Бұл Ресейге ғана қарсы ойын емес, бұл Қытайға да қарсы ойын. АҚШ Шанхай Ынтымақтасық Ұйымы ауқымының кеңейуіне осылай жауап қатып жатыр деуге де болады».

“The Qazaq Times”