Биыл Қазақстандағы тәуелсіз басылым «ДАТ» газеті өзінің 20 жылдық мерей тойын атап өтуде.
Сәуір айында 1998 жылы экс-премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің бастамасымен құрылған «ДАТ» газетіне 20 жыл толды. Осы уақыт аралығында газет ұжымы ұлтқа, мемлекетке, ел болашағына қатысты дүниелерді толықтай қамтыды. Газеттің бас оқырманы Ермұрат Бапи бастаған қалам ұстаған қара нарлар билік тарапынан сан мәрте қысым көріп, басылым атауын бірнеше рет ауыстырса да, жоғары билікке «ДАТ» айтуын тоқтатқан жоқ. Осыған байланысты бүгін біз газет ұжымын және медиа-жобаға қатысы бар барлық азаматтарды құттықтай отырып, «ДАТ» басылымының 20 жылда жүрып өткен жолына қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
1998 жылдың 15 сәуірінде «ДАТ» газетінің алғашқы саны шықты. Бірақ арада 7 ай өткенде «Қазақстан -1» телекомпаниясының шағымы бойынша, сол кездегі басылымның бас редактор Шәріп Құрақбаев пен газетке 35 миллион теңге айыппұл салынды. Аталмыш қаржыны төлей алмайтын болғандықтан «ДАТ» ұжымы газетті банкрот деп жариялады.
1999 жылдың шілде айы, «ДАТ» газеті оқырман қауымға жаңа атаумен жол тартты. Газет ұжымы басылым атауын «Сол ДАТ» - деп өзгертті. Бірақ бұл жерде де тәуелсіз газет қиындықтарға тап болды. «Дәуір» баспасы «Сол Даттың» «ДАТ» медиа-жобасының жалғасы екендігін біліп, газетті басып шығарудан, ал «Қазбаспасөз» және «Дауыс» баспа өнімдерін сату компаниялар газетті сатылымға шығарудан бас тартты. Алайда газет ұжымы өз жұмысын бұнымен тоқтатқан жоқ. Дәл осы жылдың қазан айында «Сол ДАТ» Ресейдің Алтай аймағындағы Рубцов қаласынан шыға бастады. Ал желтоқсан айында сол кездегі бас редактор Марат Қабанбай қызметінен кетіп, оның орнына газеттің қазіргі бас оқырманы Ермұрат Бапи келді.
2000 жылдың 6 шілдесінде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 60 жылдық мерей тойы қарсаңында «Сол ДАТтың» 50-ші мерекелік саны жарыққа шықты. Бірақ Ресеймен арадағы «АУЛ» кеден бекетінде кеден қызметкердері ҰҚК және қаржы полициясының қатысуымен басылымның 50-ші тиражын толықтай бұғаттады. Осыдан кейін газет Қырғызстан баспаханаларынан шыға бастады. Алайда бұл ұзаққа созылмады. Арада бірнеше ай өткенде Қазақстан Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің араласуы салдарынан Ресей мен Қырғызстанның шекаралық аудандарындағы баспаханалар «СолДАТ» ұжымымен бірлесіп жұмыс істеуден бас тартты.
2001 жылдың қаңтар айы, ҰҚК қызметкерлері «Сол ДАТ» редакциясына басып кіріп, бағалы құрылғылар мен компьютерлерді істен шығарды. Дәл осы жылдың сәуір айында газеттің бас редакторы Ермұрат Бапидің үстінен ҚР Қылмыстық Кодексының 318 бабының 2 тармағы «ҚР президентінің ар-ожданына нұқсан келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалып, бір жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бірақ кейіннен Ермұрат Бапиге тағылған айып Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай жарияланған амнистияға ілігіп, сот шешімі күшін жойды.
2002 жылдың мамыр айы, «Сол ДАТ» газетінің редакциясына қарақшылық шабуыл жасалып, басылым қызметкерлері Бақытгүл Мәкібай мен Кенже Нұрмұхамедұлы соққыға жығылды. Офистегі техника мен газеттің қаржы құжаттары қолды болды.
2003 жылдың сәуір айы, Бостандық ауданының соты «Сол ДАТ» газетіне 56 миллион теңге айыппұл салды.
2003 жылдың мамыр айы, Алматы қаласының ауданаралық соты Ерасыл Әбілқасымовтың арызына байланысты «Сол ДАТқа» 4 миллион теңге көлемінде айыппұл салды.
2004 жылдың шілде айын «ДАТ» медиа-жобасының авторлары «Жұма Таймс» газетінің лицензиясын алды.
2004 жылдың қараша айы, «Жұмас Таймс» газетінің алғашқы саны жарыққа шықты.
2005 жылдың ақпан айы, Алматы қалалық ҰҚК департаменті «Жұма Таймста» жарық көрген «Пора знать, кого выбирать. Народ Казахстана выдвигает своего кандидата в президенты» атты материалға байланысты Қылмыстық Кодекстың 318 бабының 2 тармағы бойынша іс қозғады.
Осы жағдайлардан кейін «ДАТ» медиа-жобасының авторлары газет атауын тағы ауыстырды. Бұл жолы жазушы Қабдеш Жұмаділовтың ұсынысы бойынша, басылым атауы «Тасжарған» болып өзгерді. Бірақ «Тасжарғанда» ұзаққа барған жоқ. Олда билік тарапынан көрсетілген қысымнан кейін жабылып, «ДАТ» медиа-жобасы 2009 жылы атын «Общественная позиция» - деп өзгертті. Қазіргі сізбен біз оқып жүрген 18 мың данамен тарайтын «Общественная позиция» газеті өз заманында 50 мың данамен тараған «ДАТ» медиа-жобасының жалғасы.
«ДАТ» газеті Тәуелсіз Қазақстанда жасалған ең алғашқы медиа-жобалардың бірі. Біз бүгін осы материалды жазарда «ДАТ» газетінің жүріп өткен жолына қарап отырып Қазақстандағы демократияның, сөз бостандығының, адам құқығының қаншалықты төмен деңгейде екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік.
"Qazaq Times" порталы 20 жыл бойы қиындық пен қысымға қарамастан Қазақстанның жаңаруына, демократиялық ел болуына, ұлт мүддесі мен мемлекеттің ертеңі үшін "мылтықсыз майданда" күресіп келе жатқан «ДАТ» гезетінің ұжымын, оқырмандарын, әр жылдары қызмет істеген журналистерін басылымның 20 жылдық мерей тойымен құттықтайды!