Өткен айда ғана Астанада Орта Азияның бес мемлекеті басшыларының қатысуымен саммит өткені белгілі (Түркіменстан президентінің атынан Акча Нұрбердиева қатысты). Осындай «төрт көз түгел» кездесудің ұзақ жылдар бойы мүмкін болмағаны белгілі. Дегенмен, қалай десек те тарихи кездесу ақыры өтті. Бірақ аталған саммитке Ресей президенті шақырылмады. Яғни, бұл кездесу — Ресейсіз өткен алғашқы кездесу ретінде де маңызды. Бұл бір қарағанда, ауыз толтырып айтатындай аса маңызды құбылыс болып көрінбегенмен де, Кеңес үкіметінен «еншілерін алып кеткендеріне» жиырма жылдан асса да, әлі күнге дейін ірі күштерге «жалтақтап» келе жатқан Орта Азия елдерінің тың қадамдары саналады. Алайда, негізгі айтпағымыз бұл емес.
Сол кездесудің Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Шафкат Мирзияевтың мұрындық болуларымен өтуі. Иә, өзбек басшысының соңғы уақыттары осындай белсенді әрекеттерінің жиілеп кеткені жасырын емес. Оның сондай саяси қадамдарына баға берген халықаралық сарапшылар да, билік басына келген күннен-ақ, Өзбекстанның сол уақытқа дейінгі «жабық саясатына» өзгеріс енгізген Мирзияев аймаққа жетекшілік етуден үмітті ме деген болжамдар да жасап үлгерді.
Оның үстіне, «ешкімге есігін ашпайтын» Өзбекстан жақында ғана Тәжікстанмен визасыз режимге қатысты келісімшартқа қол қойды. Мирзияевтың Өзбекстанда жүргізген реформалары мен оның Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстанға жасаған ресми іссапарлары осы «бестіктің» Орта Азияда Еуропа Одағы сияқты интеграциялық одақ жасау ниеттері бар ма деген пікірталастарға арқау болды. Бұл — батыстық сарапшылар мен саясаткерлердің де үнемі назарын аударған мәселе. Оның үстіне, Батыс елдері «Орта Азияда бұрынғы кеңестік елдердің қайсысы үстемдікке ие болмақ?», - деген сұрақты үнемі талқылап, осыған қатысты жорамалдар жасау үшін аталған бес елдің саяси қимылдарын бағуда. Өзге сырт елдерді былай қойғанның өзінде, аталған «бестік» арасында да өзара болжам толастамай тұр. Әлден-ақ, Өзбекстанды Орта Азияның "жаны" ретінде көрушілер де табылуда. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның тілімен айтсақ: «Өзбекстан президентінің өз елінде де, Орта Азияның өзге мемлекеттерінде де танымалдылығы сонша, әрбір саясаткер оған қызығып қарайды»...
Халықаралық саяси белсенділігіміз бен экономикамыздың озық болғанына қарамастан, біздің емес, Өзбекстанның, яғни өзбек басшысының Орта Азиядағы басты саяси фигураға айналуы мүмкін екендігі неге көп талқылануда? Салыстыру мақсатында емес, жалпы Мирзияев туралы осындай пікірлер неге туындағанына азырақ үңіліп көрсек... Билік басына келгеніне бір жылдан енді ғана асқан Мирзияев кезінде Ташкентпен Душанбе арасындағы салқын қарым-қатынас жақсарып, екі ел қатынасындағы мұз ери бастады. Негізінен, Тәжікстан мен Өзбекстанның арасында мемлекет басшыларының кездесуі ұйымдастырылмағалы тура 18 жыл болыпты. Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың тұсында екі ел қарым-қатынасының нашарлағаны сондай, тараптар арасындағы келіспеушілік қарулы қақтығыс деңгейіне дейін шиеленіскен еді. Наурыз айында Тәжікстанға ресми сапармен барған Мирзияев, әріптесі Рахмонмен кездесуінде ұзақ уақыттан бері екі ел арасында даулы мәселеге айналған Рогун ГЭС жобасына қатысты келісімшарттың аяқталуына себепші болды. Сонымен қатар, тараптар екі ел арасындағы сауда көлемін бірнеше есеге арттыру, серіктестік құру сынды мәселелерде мәмілеге келді.
Сонымен қатар, Мирзияев билік басына келгеніне көп бола қоймаған Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен де жылы қарым-қатынас орнатуда. Өткен жылдың желтоқсан айында Ташкентке ресми сапармен барған С.Жээенбеков өзбек әріптесінің жомарттығына таңқалған еді. Мирзияев, Өзбекстан банктерінен Қырғызстанға 100 млн долларлық несие бөлінетініне уәде берген еді. Сол кездесуде тараптар Өзбекстан-Қырғызстан-Қытай теміржол желісінің құрылысын жеделдету мәселесінде де келісімге келген еді.
Мирзияевтың тағы бір назар аудартарлық қадамдарының бірі — Түркіменстанмен ара-қатынасын жақсартуы еді. Өткен жылы Өзбекстан басшысы наурыз және мамыр айларында екі рет Түркіменстанға сапарлап, Гурбаноглу Бердімұхамедовпен екіжақты диалог құрды. Тараптар электрэнергиясының Өзбекстанның энергия жүйесі арқылы Түркіменстаннан Қазақстан мен Қырғызстанға жеткізуге қатысты маңызды құжатқа қол қойды. Өзбекстан мен Түркіменстанның Каспий теңізінде бұдан былай мұнай-газ кен орындарын жүргізу мәселесінде де бірге жұмыс істеуге шешім шығарулары маңызды.
Ал енді, Ресейдің араласуынсыз, Орта Азиядағы кең ауқымды интеграциялық жобаларды кім қаржыландырмақ? Ол елдің Қытай болуы мүмкін бе?
Өткен жылдың мамыр айында Мирзияев Бейжіңге жасаған ресми сапары кезінде барлығы 23 млрд доллар тұратын 105-ке жуық екіжақты келісімшарттар мен құжаттарға қол қойды. Бейжің үкіметі де Өзбекстанның барлық жетекші секторларын, әсіресе энергия, мұнай өңдеу, ауылшаруашылық секторларын жаңғыртуға дайын.
Мирзияевтың, қытайлық лидер Ши Жинпиңпен (Си Цзиньпин / Xi Jinping) диалог құра білгені рас. Оның бір дәлелі — екі ел басшыларының «Ұлы жібек жолын» құру мәселесінде келісімге келулері. Мамандар Қытайдың бұл жобасының ЕЭО (Еуразиялық экономикалық одақ) мен ТМД аясындағы басқа жобаларға балама ретінде ойластырғанын да айтуда. Міне, сондықтан да Өзбекстан Еуразиялық экономикалық одаққа қатысудан бас тартқан. Ал Тәжікстан әлі екіойлы.
Уашингтон Кремлге аймақтың осы бес еліне үстемдік жүргізуге ұмтылады деп кінә артады. Америкалық генерал Джозеф Вотел де Трампқа ұсынған баяндамасында: «Ресей АҚШ пен Орта Азия елдерінің ынтымақтастық пен серіктестік жұмыстарына кедергі жасау үшін тырысады», - деген.
Ресей де бұған жауабын кешіктірмеді. Ресей Сыртқы Істер министрлігінен жасалған мәлімдемеде АҚШ-тың Орта Азия елдерін Ресей мен бұрынғы Кеңес елдерімен серіктестік жасатпауға ұмтылатыны айтылған. Соңғы 10 жылда аймақта Ресейдің инвестиция көлемінің 20 млрд доллардан асқандығы білдірілген құжатта «Орта Азиядағы достарымыз кіммен серіктес болатындарын өздері шешеді. Біз де олар қандай шешім шығарса да құрметпен қараймыз. Сонымен қатар, осы серіктестіктердің бізді бір-бірімізге қарсы қоюларына да алаңдаймыз» , - делінген.
Тоқетері, шетелдік сарапшылар топшылап отырғандай, алдағы уақыттарда Қазақстан мен Қытайдың қолдауына ие Өзбекстан Орта Азиядағы жетекші күштер ретінде танылуы мүмкін бе? Егер екеуінің біреуі болуы шартты десек, бұл әбден мүмкін. Олай болса, Қытайдың Орта Азиядағы инвестиция көлемін бұрынғыдан да арттыруға ұмтылуы ғажап емес. Осы аймақта Қытай мен Ресей бәсекесі тайталас үстінде. Ал, АҚШ-тың осы елдердегі саяси мүдделерін де назарға алсақ, бұл тайталаста АҚШ та бар. Дегенмен, Азия-Тынық Мұхиты, Шығыс Еуропа және Орта Шығыспен салыстырылғанда Орта Азияны ірі күштердің қақтығыс алаңына айналу ықтималдылығы аз аймақ дей аламыз.