Арабша жазылған тарихи кітаптарда «жер жәннаты» деп сипатталған Сүрияның Шығыс Гута аймағының бүгінгі күйін енді керісінше сипаттауға тура келетін сияқты.

Гута аймағындағы қанды-қырғынның құрбандары мен оған қатысты халықаралық айтыс-тартыстар бүгінде әлем назарын аударған оқиға болып тұрғаны мәлім. Ендеше, сол қақтығыстардың құрбанына айналған Шығыс Гуталықтардың, алепполықтардың, идлиптіктердің, қысқасы сүриялықтардың обалы кімге?

Фото: worldbulletin.net

Осы материалды дайындау барысында қолда еткен деректер бойынша, бүгінге дейін Шығыс Гутада ұйымдастырылған жүздеген шабуыл салдарынан мыңдаған адамның қаза тапқаны белгілі болды. Шамның  (Дамаск) оңтүстігіндегі бірқатар ауылдар мен елдімекендерді қамтитын аймақ Сүриядағы азаматтық соғыстың сұрапыл сахнасына айналуда.

Құрлықтық және әуе күштері шабуылдарымен қатар, «аштан қатыру» тәсілдері арқылы да соққы жасалған Шығыс Гутада ең үлкен зұлымдықты бейкүнә сәбилер көріп жатқаны белгілі. Ендеше, Шығыс Гутадағы жалпы ахуалға көз жүгіртіп, бірнеше негізі сұрақтарға жауап іздеп көргенімізде, төмендегідей деректерге қол жеткіздік.

Шығыс Гута қайда? Ол жерде кімдер тұрады?

Шығыс Гута Сүрияның астанасы Шам қаласынан шығыста, 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Осы жылдың ақпан айындағы ресми мәліметтер бойынша, онда 400 мыңға жуық бейбіт тұрғынның бар екені хабарланған еді. Өкінішке орай, екі айдың ішінде ұйымдастырылған тағы да жүздеген шабуылдардың кесірінен бұл көрсеткіштің елеулі түрде азайғаны рас. Себебі, бейресми мәліметтерден белгілі болғандай, күні кешеге дейін орын алып жатқан қақтығыстар кесірінен мыңдаған адам жазықсыз ажал құшты.

Шығыс Гута деген жер Сүрияның астанасы Шамды шығыс, батыс және оңтүстік тараптарынан қоршап тұрған жазықтық аймақ. Ол тарихта бау-бақшаларымен атақты. Шам қаласын егіншаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз еткен Шығыс Гута, егіншаруашылығы бойынша әлемнің мол өнімге ие аймақтарының бірі саналады. Араб географтары бұл аймақты өзен-көлдері, жеміс ағаштары мен бау-бақшаларымен атақты, Шамның бетке ұстар тұлғаларының вилла тектес сарайларымен бой түзеген әлемнің ең ғажайып жерлерінің бірі ретінде танытып кеткен. Қаншама кітаптар мен әдеби шығармаларға арқау болған Гута, бүгінде едәуір деңгейде қалалық маңызы бар аймаққа айналса да, соғыс басталмай тұрып Шам халқының демалыс аймағы болған. Шам қаласын екіге бөлетін Барада өзені мен каналдары осы аймақтан өтеді. Батыс және Шығыс Гута болып екіге бөлінеді.

Фото: worldbulletin.net

Ажал құшып жатқандар кімдер?

Бүгінге дейінгі мәліметтерден белгілі болғандай, көз жұмғандардың қатарын Асад режимі мен жиі-жиі жасалған әуе шабуылдарының (бір деректерде мұның Ресей тарапынан жасалғаны айтылады) салдарынан бейбіт тұрғындар құрайды.

Халқы қалай өмір сүреді?

Шығыс Гута халқы 5 жылдан астам уақыттан бері қоршауда. Шамамен бір жылдан бері аймаққа азық-түлік пен медициналық жадбықтар жеткілікті деңгейде кіргізілмеуде. Әскери шабуылдардан бөлек, балалар мен науқастар жеткілікті мөлшерде тамақтанбағандықтан әрі қажетті медициналық көмек алмағандықтан жан тапсыруда.

Халқы қандай қарулармен өлтірілуде?

Шығыс Гута халқына химиялық қарулармен, мина атқыштармен, бомбалармен шабуылдар жасалуда.

Фото: worldbulletin.net

Шығыс Гутада қанша мәрте химиялық жарылыс қолданылды?

Сүриядағы соғыс басталғаннан бері Шығыс Гутада 48 химиялық жарылыс ұйымдастырылған. 2013 жылдың 21 тамызындағы қақтығыста 400-ден астам бейбіт тұрғын өлтірілген еді. Ал Асад режимі сол жылы аймақта 3 рет газ тәрізді хлор пайдаланған.

Асад режимінің «көздегені» не?

Асад режимі осы аймақтағы операцияларын жүргізуде «терроризммен күрес» дегенді желеу ететіні түсінікті. Шығыс Гутадағы «террористердің» бейбіт тұрғындарды қалқан еткендері, ел астанасына зымырандар арқылы шабуыл жасайтыны айтылуда.

“The Qazaq Times”