Түркіменстан президентінің ұлы кезекті рет парламент сайлауына қатысады– деп хабарлайды ca-portal ақпарат көзі.
Жергілікті БАҚ өкілдерінің мәліметінше, Құрбанғұлы Бердімұхамедовтың ұлы Сердар Бердімұхамедов 25 наурыз күні өтетін парламент сайлауына қатысады. Ол Ахал облысына қарасты №25 «Душак» сайлау округының атынан сайлауға түспек. Сердардың қарсыласы Кака қаласының тұрғыны, мектеп директорының орынбасары Огүлжерен Гүрдова болмақ.
Алда келе жатқан парламент сайлауына Түркіменстан тарихында тұңғыш рет үш партия қатыспақ. Бұл жолғы сайлауға Бердімұхамедовтың «Демократиялық» партиясынан бөлек, «Аграрлар» партиясы мен «Өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер» партиясы түспек. Бірақ соңғы екеуі "саяси қуыршақ" рөлін атқармақ.
Қазіргі таңда 36 жастағы Сердар Бердімұхамедов парламент нормалары және заң комитетінің басшысы қызметімен қатар Түркіменстан Демократиялық партиясының депутаты қызметін де атқаруда. Оны мемлекеттік БАҚ өкілдері «халықтың ұлы» деп атайды. Сердар жөнінде бұған дейін ешқандай ақпарат болмаған. Бірақ соңғы жылдары оның елдегі саяси белсенділігі артқан. Ол 2017 жылы Түркіменстан атынан бірнеше рет Ресей Федерациясына ресми іс-сапармен барған. Дәл осы жылы Сердарды Құрбанғұлы Бердімұхамедов әкесі «Мәлікғұлы Бердімұхамедов» атындағы «отан алдындағы еңбегі үшін» орденымен марапаттаған. Шетелдік сарапшылардың сөзінше, Құрбанғұлы Бердімұхамедов ұлы Сердар Бердімұхамедовты өзінің мұрагері етпек.