Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл қаласы әкімі Марат Тасмағанбетовтың қорытынды есептік кездесуіне қатысты. Өңір басшысы қала әкіміне бірқатар тапсырмаларды жүктеді, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Оның бірі қала маңында азық-түлік белдеуін құру. Жыл сайын өңірге 13 млрд теңгенің өнімі әкелінеді. Оның 80 пайызын Петропавл тұрғындары тұтынады.
«Бірінші кезектегі тауарларды біз өзіміз өндіруіміз керек. Сөйтіп, бағаны ұстап тұра аламыз. Бұл қала әкімінің басты міндеті. Бұл мәселені аудан әкімдерімен бірлесіп шешу керек», - деді Құмар Ақсақалов
Петропавлда биыл тек бір ғана ірі кәсіпорын іске қосылмақшы. Бұл аздық етеді деді өңір басшысы. Әсіресе, өнеркәсіп аймағында бос тұрған 30 шақты ғимаратты қалыпқа келтіріп, жаңа өндіріс ошақтарын ашу қажет. Тиісінше, жаңа жұмыс орындары пайда болады.
Биыл тұрғын үй құрылысына да қарқын қосылады. Былтыр 1000 пәтер қолданысқа берілсе, биыл 1223 отбасы қоныс тойын тойлайды. Алайда, қарқынды құрылыс үйлердің сапасына нұқсан келтірмеу керек.
«Мен тұрғындардан салынған баспана талапқа сай емес дегенді естимін. Пәтерлер суық, қажетті құрылыс материалдар қолданылмайды. Қоғамдық бақылау керек. Міндеттерін дұрыс атқармаған құрылыс компанияларын қара тізімге енгіземіз», - деді аймақ басшысы.
Биыл қалада саябақтар да көбейеді, бұл бағытқа қаржы қарастырылды. Былтыр 106 ауланы абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Биыл бұл бағытқа рекордтық 600 млн теңге бағытталмақ.
«Биыл біз осы бағытқа арнайы қаржы бөліп, 200 ауланы қалыпқа келтіреміз. Бұған жаңа жылдық безендіруден жиналған қаражат да бағытталады», - деп атап өтті облыс әкімі.
Биыл Пестрое көлінің жағажайы да кеңейтіліп, абаттандырылады.