Әлемдік танымал басылымдар мен ақпарат агенттіктері Уашингтондағы Freedom House атты тәуелсіз ғылыми зерттеу институтының таяуда шығарған зерттеу қортындысы туралы жазуда. Аталған институттың зерттеу қорытындысы көрсеткендей, әлемде автократиялық режимдердің ықпалы барған сайын арта түскені белгілі болған. Бұл туралы The Times басылымы бірінші болып хабарлады.
The Times басылымының пікірінше, президент Трамптың демократияны қорғаудан бас тартуы әлемді үрейлі бет-бейнеге алып келген. Freedom House жасаған қорытынды баяндамада «Қазір әлем демократияның дағдарысында өмір сүруде» делінген. Оның дәлелі ретінде көп санды елдерде лидерлердің әділ сайлау арқылы билікке келу ісі барған сайын кері кетіп бара жатқанын алға тартқан. Айта кетерлігі, бұл институт соңғы 12 жылдан бері лидерлерін демократиялық жолмен сайлап алатын мемлекеттер саны барған сайын азайып бара жатқанын ескертуде. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бұл жағдай демократияға бет бұрған мемлекеттерде де кездесіп жатыр.
Freedom House Түркия мен Мажарстанды ерекше атап өтіпті. Бұл елдердегі демократия жағдайы барған сайын нашарлап, авторитаризмге бет алғанын алға тартады. Әлемгі автократиялық режимдердің барған сайын күшеюіне Ресей мен Қытай басты қозғаушы күш болып отыр деп көрсеткен. "Бұл екі ел – әлемдегі ең негізі авторитаризмнің ошағы, олардың режимдері өз ішіндегі демократияны тұншықтырумен бірге айналасына авторитаризмнің заһарын шашуда" делінген.
Зерттеу қорытындысының авторлары «Мәскеу мен Бейжің демократияны өздеріне жау көріп, демократияның негіздерін талқандауға тырысып келеді» деген пікірді айтқан. Сонымен қатар «Дональд Трамптың демократияны қолдауды тоқтату шешімі, авторитаризм лидерлеріне үлкен орай тудырды. Ол диктаторлармен жақын қарым-қатынасты ұстануға тырысып, АҚШ-тың 70 жылдан бергі сыртқы-саясатын теріске шығаруда» деген пікір білдірген.
Freedom House Құрама Штаттардың бір жылдағы демократиялық жағдайдың елдегі соңғы он жылдағы демократия көрсеткіштеріне салыстырғанда тез әрі елді алаңдатарлық деңгейде төмендеп кеткенін мәлімдейді. Оған қоса демократия көрсеткіші төмендеуді көрсеткен елдер қатарына АҚШ-пен бірге, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Мажарстан елдерін көрсеткен.
Айта кетейік, аталған институт 1972 жылдан бері еркін және бостандыққа шектеу қойған елдердің тізімін жыл сайын жариялап келеді. Аталған тізімде Ұлыбритания әлемдегі еркіндікке мейлінше жол берген елі саналған да, екінші орынды Германия иелеген. Франция 90 пайыз, АҚШ 86 пайыз, ал Ресей 20 пайыз еркіндік көрсеткішімен тұр.