БҰҰ алдағы екі жыл ішінде туған елдеріне қайтатын Рохинджа мұсылмандарының Мьянмадағы қауіпсіздігі үшін алаңдаушылық білдірді. Өткен жылдың қараша айында Бангладеш пен Мьянма өкілдерінің бірлескен кездесуінде босқындарды Бирмаға қайтарудың жоспары белгіленген болатын. Оған сәйкес, айына 1 мың 550 босқын Бангладештегі транзиттік лагерьлерден Мьянмаға оралады. Жергілікті полиция мен Рохинджаны құтқару армиясы мүшелерінің арасында болған қақтығыс салдарынан туған жерін тастап кеткен мұсылмандардың бірқатары, өздеріне азаматтық бермеген мемлекетке қайтудан бас тартып отыр.
Бангладештің Сыртқы Істер министрлігінің хабарлауынша, босқындарды тіркеп, анықтама берумен және оларды Мьянмада қабылдаумен айналысатын екі түрлі жұмыс тобы құрылады. 25 тамыз оқиғасынан кейін көрші мемлекетке бас сауғалап келген 650 мыңға жуық Рохинджа мұсылманын Мьянмаға аттандыру үшін 5 транзиттік лагерь құрылып, қарсы мемлекетте 2 қабылдау пукті іске қосылады деп күтілуде. БҰҰ-ның босқындар мәселесі жөніндегі агенттігінің қызметкері Каролине Глак Әл-Жазира ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында мұсылмандардың Бангладеште де, Мьянмада да қауіпсіздікте боларына кепілдік берілуі тиіс екенін атап өтті.
Рохинджа мұсылмандары Бирмада бұрыннан тұратындарына қарамастан, Мьянма билігі оларға азаматтық бермей келген. Жасы жүзден асқан Абд-ус-Салам Рохинджа мұсылмандарына Мьянмада қалу қауіпті екенін айтады. "Әл-Жазираға" берген сұхбатында: "Бізді Мьянмаға қайтармаңыздар, олар бәрімізді түгел өлтіреді" деген. Бангладештегі босқындар лагерін паналап отырған тағы бір мұсылман Таслима Бегам Мьянмаға қайтқаннан, "өлгені артық екенін" айтқан.
БҰҰ мен құқық қорғау ұйымдары Бангладеш пен Мьянма арасында жасалған репатриация жоспары босқындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатынына сенбейді. Каролине Глак Рохинджа мұсылмандарына азаматтық беру мәселесі қарастырылып, заң жүзіндегі құқықтарына қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылмайынша, босқындар Мьянмаға қайту жоспарын қолдамайтынын хабарлады.