Германия Үкіметі өткен жылғы терракт құрбандарының жақындарына лайықты қолдау көрсетілмегенін еске алып, қоғамдық қатер туғызған оқиға кезіндегі бірнеше олқылықты мойындады. Ангела Меркель бастаған билік өкілдері жергілікті халықпен кездесіп, терракт құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғырын қойды. Бұл туралы AFP ақпараттық агенттігі жазды.
Өткен жылы Брейдштейдплатцта тунистік босқын Анис Амри Рождество қарсаңында құрылған мерекелік базарлардың біріне қарай жүк көлігін бағыттап, нәтижесінде 12 адам қаза тауып, 70-ке жуық бейбіт тұрғын жараланған болатын. Осы террористік оқиғадан соң, Ангела Меркель жақындарын жоғалтқан отбасылармен жеке байланысқа шығып, көңіл айтпағаны, ал мемлекет қауіпсіздік шараларын дұрыс ұйымдастырмағаны үшін сынға алынып еді. Мәселен, халықтың бір бөлігі қайғылы оқиғаға 2015 жылы Германияға келген, әртүрлі атпен тіркеліп жүрген терроршының дер кезінде депортацияланбағанын себеп деп тапса, жуырда Welt am Sonntag басылымы мемлекеттің Анис Амридің барлық күдікті әрекеттерінен хабардар болғанын, оның өзге сыбайластарын анықтау үшін бостандықта қалдырғанын жазды.
Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер: "Сіздер өздеріңізді мемлекет қайғымен жалғыз қалдырып кеткендей сезінгендеріңізді білемін", - деді. Ангела Меркель терракт құрбандарын еске алу жиынында жаңа мемориалдың тұсауын кесті. Былтырғы қанды оқиға құрбандарының есімдері жазылған ескерткіштің алдында тұрып ол: "Бүгін тек мұңаятын күн ғана емес, біздің бұрын дұрыс жұмыс істемеген дүниелерді қайта қалпына келтірген ерік-жігеріміздің жанданған күні", - деді.