Алматы қаласында "Түркітілдес журналистер қоры" Қоғамдық қоры және "Халық банк" АҚ мен "Қазкоммерцбанк" АҚ демеушілігімен өткен журналистер арасындағы "Еркін сөз" шығармашылық байқауы аяқталды.
9 желтоқсан күні қорытындыланған шығармашылық байқауға газет, телеарна, сайт және радио журналистері қаржы тақырыбына жазылған материалдарын жолдап, өздерінің бағын сынады. Байқау қорытындысы бойынша "Үздік телесюжет" номинациясын "Астана" телеарнасының журналисі Еркін Қарин, "Үздік мақала" номинациясын "Айқын" газетінің журналисі Абай Аймағамбет, "Үздік сайт мақаласы" аталымын "Тұранинформ" сайтының журналисі Құрманғали Нұрғалиев, "Үздік шығармашылық топ" номинациясын "Қазақстан" ұлттық телеарнасындағы "Парасат майданы" бағдарламасының шығармашылық тобы жеңіп алды.
Марапаттау кешінде ЮНЕСКО ұйымының Қазақстандағы өкілі Сергей Карпов, БҰҰ-ның тұрақты өкілі Властимил Самек, "Жас Өркен" ЖШС-ның бас директоры Жүсіпбек Қорғасбек, "Халық банк" АҚ PR менеджері Досбол Арыстанбеков пен "Қазкоммерцбанк" АҚ PR менеджері Меруерт Бердібаева және "Заң" газеті бас редакторының орынбасары Айнұр Сембаева жеңімпаз журналистерге жүлде тапсырды.
Байқауға әділқазы болған саясаткер-журналист Әміржан Қосанов жеңімпаздарды марапаттау кезінде "Еркін сөз" байқауына қазақ журналистері келесі жылы бұдан да белсендірек қатысса екен деген тілегін білдірді.
Сондай-ақ, байқауға қазылық еткен "Іскер Медиа" редакторы Әсия Ақышева қаржы саласын жазуда теларна журналистерінің озық екенін, байқауға қатысушылар арасында белсенді болғанын және сайт журналистеріне қояр талабын да атап өтті.
"Сайт журналистеріне айтарым, өздеріңіз жазып отырған аргументтің жүйелі болуына мән берсеңіздер. Қазіргі журналистика саласында қолданылып жүрген мультимедиалық өнімдерді, инфографиканы қолдана білсеңіздер нұр үстіне нұр болар еді", - деді Әсия Ақышева.
Ал осы байқауды ұйымдастырып, басы-қасында жүрген "Түркітілдес журналистер қоры" Қоғамдық қорының президенті Нәзия Жоямерген бұл байқауға дайындық жұмыстары осыдан 7 ай бұрын басталғанын және алдағы уақытта да ұйымдастырыла беретінін атап өтті.
Айта кетейік, "Еркін сөз" шығармашылық байқауы қазан айында басталған. Байқаудың мақсаты - қазақ журналистерінің кәсіби біліктілігін көтеру және жас журналистерді ынталандыру.