Қазақстан жыл басынан бері шамамен 2 млрд долларға 144 млн тонна тамақ өнімін экспорттаған. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, отандық өнімдер шетелде үлкен сұранысқа ие екен.
"Экспорттың жалпы көлемі 2 млрд доллар немесе 145 млн тонна өнімді құрайды. Өз кезегінде ет және құс еті өнімдерін Ауғанстанға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Иранға жеткізу басталды, өсімдік майы мен бал Қытайға жеткізілуде. Фармацевтика өнімдері бойынша қалыпты динамика байқалады, отандық өндірушілердің өнімдерін жеткізу 34%-ға, 19 млн долларға дейін өсті. Бұдан бөлек фармацевтикалық препараттар мен медициналық өнімдер Моңғолия мен Вьетнамға экспортталды", - деді ол.
Министр 2016 жылы Qazaq Organic Food, KazMeat және Halal Kazakhstan брендтері құрылғанын да атап өтті.
"Отандық кәсіпорындар осы бірыңғай брендтер шеңберінде сыртқы нарыққа шоғырлана алады. Қазіргі кезде қызығушылық танытқан органдарымен келіссөздер жүргізіліп, брендтерді дамыту үшін жол карталары әзірленді", - деді ведомство басшысы.
Жеңіс Қасымбектің сөзінше, Ресей Қазақстанда өңделген өнімдерді сататын негізгі нарық болып қала береді.
"Ресей нарығындағы жұмысты күшейтіп, қазақстандық өнімдердің сатылымы бойынша 50-ге жуық іс-шара жүргізілді, 100 млн долларға келіссөз жасалды", - деді ол.
Сондай-ақ, жыл басынан бері Ресейде тек қазақстандық өнімдер сатылатын 20-ға жуық арнайы дүкен ашылған.
Айта кетейік, Қазақстан ішкі нарықты да, сыртқы нарықты да өзінің тамақ өнімдерімен қамтамасыз ете алуы мүмкін. Алайда өз тауарларын экспорттаумен қатар, белсенді импорттаушы. Себебі мемлекет өндірілген шикізатын экспорттаған күннің өзінде оны өңделген күйінде екі есе қымбатқа сатып алады.