Әлем экономикасы мен сауда қарым-қатынасында соңғы кездегі ең елеулі оқиға – Трамптың Қытай сапары болды. Оның себебі, әлемдегі бірінші және екінші экономиканы иелеген елдер арасындағы жаңа сауда қатынасы, бұдан кейінгі дүние елдері арасындағы сауда байланыстарына үлкен жол ашады деп күтілді. Трамптың Қытайдағы сапарының аяқталғанына да бір мұнша уақыт болғанымен кездесудегі келісімдер мен жаңа жобалар туралы ақпараттық талқылаулар әлі де толастаған жоқ. Танымал басылымдардың бәрі дерлік бұл кездесуге көлемді сараптамаларды арт-артынан жария етті. Трамп сапарында екі ел арасындағы сауда тапшылығын Құрама Штаттың мойнына артуы да үлкен талқы болып еді. Осыған қарап Трамп Қытайға қаратқан позициясын жұмсартты деп қарауға да болатын еді. Бірақ, кездесуден кейін белгілі болған жайттарға қарағанда істің жөні мүлде басқа болғаны аңғарылады.
Трамптың Азия сапарынан бір ай бұрын, Қытай үкіметі Уашингтонға бір маңызды ұсынысын жолдаған. Олар және АҚШ бұл ұсыныстан бас тарта алмайды деп сенген еді. Ол болса – Трампты Қытай сапары кезінде шетелдік компаниялардың Қытай қаржы саласына кіруін кеңейту туралы Ши Жинпиңмен бірге жариялау еді. Бұл ұсынысты АҚШ осыдан көп жылдың алдында күткен болатын. Қытай билігі бұл ұсыныстың қабылданбай қалуынан қатты алаңдады. Трампты Бейжіңдегі «Халық кеңесі сарайының» алдында салтанатты күтіп алғаннан кейін де аталған ұсыныс қайталай қойылды. Бірақ, Бейжің қаншалықты құрмет-қошамет көрсеткенімен АҚШ президенті тап осы тұста иілмей-ақ кетті. Нәтижесінде, Трамптың ұшағы Бейжіңнен аттанып бірнеше сағат өткеннен кейін, Қытай үкімет осы шешімді біржақты жария етті.
АҚШ президентінің Қытайға көрсеткен бұл қыры былай қарағанда маңызды саналмағанымен, үлкен саясат пен дипломатиялық байланыста салмағы ауыр. Бұл – шын мәнісінде, АҚШ-тың Қытайға қаратқан стратегиясының мүлде өзгергенін айқындап отыр. Бұл өзгеріс екі ел қарым-қатынасының болашағын аңғартып тұрғандай. Айталық, Трамп пен Ши Жинпиңның Бейжіңдегі жылы жүзді кездесуіне қарамастан, екі ел арасындағы қарым-қатынастың болашақта тіпті де күрделілене түсуі мүмкін екенін білдіреді.
Қытай өзінің нарығын шетелдік компанияларға кеңінен ашуы шетелдік ірі компаниялардың назарын аударды. Сол арқылы Қытай үкіметі нарық саясатында адалдығын көрсеткісі келді. Алайда, Құрама Штаттың оған қайтарған жауабы тым әлсіз болды. Ақ үйдің өткен жұмада жариялаған мәлімдемесінде, Бейжіңнің шешіміне қолдау білдірді. Бірақ, бұны Қытайдың көп жыл бұрын істеуге тиісті ісі болғанын және бұл Қытай үкіметінің шешуге тиісті мәселелерінің тек біреуі ғана екенін ескертті. Сонымен бірге, осы мәселерді шешкенде ғана Қытайдың көпжақты тиімді әрі әділ нарыққа қол жеткізетінін ашық айтты.
Осыған дейінгі АҚШ пен Қытайдың жоғары деңгейдегі кездесулеріне сәп салып тағы бір қырынан қарайтын болсақ, АҚШ үнемі сауда және нарықтық қатынастарға байланысты жеңілдіктерді өтініп келгенін көреміз. Бірақ, Бейжіңге келіп жоғары деңгейдегі кездесу өткізуден бұрын Трамп және оның командасы Қытайдың нарық саясатын егжей-тегжейлі зерттеді. Олардың пікірінше бұндай қадам АҚШ-қа мүлде пайда әкелмейді. Ал, Қытай болса АҚШ-қа тиімсіз болған саясатын жалғастыра бермек. Сондықтан, Бейжіңдегі кездесу кезінде Трамп Құрама штаттың бұрынғы тәжрибесін қайырып тастап, жаңа келіссөз тәсіліне көшті.
Ақ үй сондай-ақ, Трамптың Ши Жинпиңмен жеке қарым-қатынасын нығайтып, сол арқылы болашақ сауда-саттық тексерістерінің және теңгерімінің ықтимал әсерін біршама төмендетуде де көздеді. Бірқатар шетелдік сарапшылардың әлемдік басылымдарға берген пікірлеріне қарайтын болсақ, Трамп бұл сапарда Қытаймен сауда-саттық мәселесінде қатаң позиция ұстанғанымен, Ши Жинпиңге барынша жылы қабақ танытуы осыны аңғартады.
Мейлі қалай десек те АҚШ-тың Қытайға қаратқан саясатында елеулі өзгерістер болды. бізге көрініп тұрғаны соның беті ғана. Тіпті, «People1», «WSJ», «Washington Post» және «The New York Times» қатарлы дербес және ресми басылымдардың көбінде бұл екі алып экономика арасындағы алдағы уақытта болатын сауда соғысы туралы алғашқы дабыл деп түсіндіреді. Дегенмен АҚШ-тың кейбір саясаттанушылары Трамптың бұл қатаң саясатын соңына дейін атқара алмауынан алаңдайды. Оған екі түрлі ықтималдықты көрсетуге болады. Бірінші, Қытай өзінің ырықтылығы үшін шабуылын күшейтіп, Трамппен келісімге келуі де мүмкін. Ал, екінші жағынан, Трамптың өзі ішкі мәселелермен, әсіресе, Республикалық партия ұсынған салық реформасын сынды мәселелермен бұл сауда саясатында табандылық көрсете алмауы мүмкін.
Ал, Қытай болса, алдағы уақытта АҚШ-тың сауда қатынасында барынша қатаң саясат ұстанатынын түсінді. Бейжің сапарын кезінде де үлкен құрмет көрсетіп, тарихи орындарға бірге сейіл құрды, жеке қонақасыға да шақырды. Қытай басшысымен берік қатынасты орнатқан Трамп сауда саясатында бәрі бір өз дегенінде қалды. Сонымен, АҚШ пен Қытай сынды әлемнің алдынғы екі экономикасы арасында ұзақ жылдық кірбеңдіктің үтірі қайрылып, енді нағыз сауда соғысына бет бұрғанын анық көрсетті. Бұл Қытай үшін де Құрама Штат үшін де демін ішіне тартқан мезгіл болды.
Қытай әлемде әділетсіз сауд саясатын ұстанып, көршілес бізді ғана емес әлемнің алдынғы қатарлы елдерінің ұлттық экономикасына қатер төндіріп отырғаны анық. Трамптың бұл реткі қайтарма жауабы бір АҚШ-тың ғана емес Қытаймен сауда қатынасынан зардап шеккен елдердің де «айғайы». Трамптың Қытайға қатаң сауда саясаты әлемде қолдау тапқанымен Құрама Штаттағы ішкі қайшылық Трамп саясатына мұрса берген жағдайда, ДСҰ арқылы әлем елдерінің ұлттық экономикасын тұншықтырған Қытай сауда саясаты аз болса да тежеуге ұшырайтын еді.