Қазақстанда тауарлар экспорты 2016 жылғы 9 айдағы ұқсас көрсеткішпен салыстырғанда 31,1%-ға немесе 8,3 млрд АҚШ долларына ұлғайып, 35,1 млрд АҚШ долларын құрады. ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, мұнай және газ конденсаты экспортының құны 36,6%-ға, қара және түсті металдар экспорты тиісінше 59,1%-ға және 20,9%-ға өсті.
Тауарлар импорты 15,6%-ға ұлғайып, 23,1 млрд АҚШ доллары болды. Импорттың өсімі негізгі тауар номенклатурасының барлық топтары бойынша болды. Ең көп ұлғаю азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарларын және аралық өнеркәсіптік тұтыну тауарларын әкелу бойынша орын алды. Нәтижесінде сауда балансының оң сальдосы 77%-ға өсіп, 12 млрд. АҚШ доллары болды.
Шетелдік тікелей инвесторларға кірістерді төлеу 1,5 есеге өсуі салдарынан инвестициялық кірістер балансының теріс сальдосы 2017 жылғы 9 айда 12,3 млрд АҚШ долларын құрады. Шетелдік тікелей инвесторлар бұл кірістердің жартысынан астамын Қазақстандағы еншілес кәсіпорындарына
қайта инвестициялады.
Қаржы шоты бойынша капиталдың таза әкелінуі (Ұлттық Банктің резервтік активтерімен операцияларды қоспағанда) алдын ала бағалау бойынша 6,6 млрд АҚШ долларын құрады.
Ұлттық банктің мәліметінше, шетелдік тікелей инвестициялар (ШТИ) бойынша капиталдың таза әкелінуі 3,3 млрд болған. Қазақстандық кәсіпорындар ағымдағы жылғы 3-тоқсанда жүргізген, үлестес тұлғалар алдындағы фирмааралық берешекті өтеу бойынша айтарлықтай төлемдер ШТИ таза әкелінуінің қысқаруына ықпал етті.
Портфельдік инвестициялар бойынша капиталдың таза әкелінуі 8,4 млрд. доллар болды, бұл резиденттердің шетелдік бағалы қағаздарға орналастырылған активтерінің төмендеуі, сондай-ақ банктік емес сектордың капиталдың халықаралық нарықтарында еурооблигациялар
шығаруы есебінен болды.
Басқа инвестициялар бойынша қаржы ресурстарының елден әкетілуі көп жағдайда резиденттердің шетелдік шоттардағы қысқа мерзімді активтерінің өсуіне байланысты болды.
Резервтік активтер (ҚР Ұлттық қорының активтерін есептемегенде) 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 32,2 млрд АҚШ долларына (жыл басында 29,5 млрд АҚШ долл) бағаланды, бұл қазақстандық тауарлар мен қызметтер импортын 9,1 ай қаржыландыруды қамтамасыз етеді.