Енді медициналық ұйымдарды қажетті құрылғылармен қамтамасыз ету инвесторлардың, лизингтердің, мемлекеттік-жекеменшік серіктестердің есебінен болады. Бұл туралы ҚР Премьер министрінің орынбасары Ерболат Досаев мәлімдеді.
Парламент мәжілісінің пленарлы отырысында депутаттар үкімет мүшелеріне осы жылдың бюджетіндегі медициналық техникаларды сатып алуға арналған 10 млрд теңге неліктен жұмсалмағанын сұрады. Бұған Досев "Қазақстан мұндай тәжірибеден толық бас тартуды жоспарлап отыр" деген жауап қайырды.
"Қазіргі уақытта сатып алынған медициналық техникалардың пайдаланылуына қатысты ревизия жүргізілуде. Бұдан бұрын қымбат жабдықтарға көп ақша жұмсалды, бірақ қазіргі кезде олар бір себептермен толықтай пайдаланылмай немесе жұмыс істемей тұр. Сондықтан, келесі үш жылдағы бюджетте мұндай жабдықтарды сатып алуға қаражат қарастырылмаған", - деді Досаев.
Оның сөзінше, 2018 жылдан бастап жергілікті әкімдіктер аутсорсинг өткізуге, медицина құрылғыларын сатып алуды мемлекеттік жеке серіктестердің қолына беруге дайын екен.
"Бұдан бөлек лизинг дами түседі. Көптеген ірі компаниялар лизинг қағидаты бойынша медицина құрылғыларын жеткізіп беруге дайын және осы жұмыс жанданатын болады. Біз бір рет қолданылатын құралдарға қаражат жұмсаудан бас тартып отырмыз. Себебі олар техникалық тұрғыдан тез ескіріп кетеді. Сондықтан біздің ауруханаларға қажетті құралдарды жаңа шарттармен жеткізіп беруге мүмкіндігіміз болу керек: ол не же бизнес, не лизинг негізінде", - деді Премьер министрдің орынбасары.