Қазақстанда инфляция өсіп, жеті айдың өзінде 8,4%-ға артқан.

11 тамызда өткен Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев ресми мәлімдемесінде инфляция өсімі жөнінде дабыл қақты.

«Елде маусым айында 7,9%-ға күрт көтерілген инфляция өсімі одан ары жалғасты. Шілде айында көрсеткіш 8,4%-ға артты. Бұл 2017 жылдан бергі ең жоғары мән», – деді Досаев.

Ол инфляцияның шарықтауын азық-түлік нарығындағы тұрақсыздық пен шеттелдердегі шикізаттың қымбаттауы және Ресей сияқты ірі сауда серіктес елдегі ақшаның құнсыздануымен байланыстырады.

Әдетте жаз айларында қолжетімді болатын көкөністердің тосыннан және ет-сұйық майдың қымбаттауы салдарынан азық-түлік инфляциясы 10,1%-дан 11,0%-ға ұлғайды. Азық-түлікке жатпайтын инфляция жанар-жағармай мен ұзақ уақыт пайдаланатын тауарлар бағасының өсуіне байланысты 6,9%-дан 7,2%-ға көбейді. Ал коммуналдық қызметтерге тарифтер және жекелеген нарықтық сервистердің қымбаттағандықтан, ақылы қызметтердің инфляциясы 5,6%-дан 6,1%-ға дейін аспандаған.

Бас банкир жыл соңына қарай инфляция 6-7% шамасында болуы мүмкін дейді. Тамыз-қыркүйек айларында болжам жаңармақ.

Биыл азық-түлік өнімдерінің нарықтағы шынайы өсімі ресми нұсқадан едәуір жоғары болғаны даусыз. Дүкен жағалаған жұртты ашындырған қымбатшылықты маусымда Тоқаев мойындап, бағаны ұстауға Үкіметке тапсырма берген еді. Дегенмен «баға биі» әр салада әлі жалғасып жатыр. Ақ нан бағасы бір жыл ішінде бірден 5,9%-ға, қара нан 9,2% қымбаттады. Бұқара көп тұтынатын макарон өнімдерінің бағасы 10,3%-ке көтерілді. Көктем-жаз айларында көкөніс, құрылыс материалдары бұрын-соңды болмаған деңгейде еселеп өскені белгілі. Салдарынан Қазақстанның түрлі өңірінде кірісі ортайып, шығыны ұлғайған жұмысшылар табы әлеуметтік саясатты оңалтуды, еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны арттыруды талап етіп, ереуілдетуге мәжбүр болды.

Осыншама құлдырауға қарамай журналистермен бірде-бір мәрте ашық брфиинг өткізбеген «Естуші Үкіметтің» басшысы, премьер-министр Асқар Маминнің «ел экономикасында сенімді өсім байқалады» деуі ресми мәліметке күмәнді күшейтті.

"The Qazaq Times"