Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп елдің 35-ші президенті Жон Кеннедидің өліміне қатысты құпия құжаттарды жариялауға рұқсат еткені туралы хабарлаған едік. АҚШ барлау қызметкерлері аталған қылмыстық іске қатысты құпия материалдарды ашыққа шығарғаннан кейін, мыңдаған тарихшылар мен журналистер осы тарихи оқиғаның сырын іздеуге кірісіп кетті. Бұл туралы BBC көлемді материал таратты.

Сол уақытта АҚШ пен Кеңестер одағына қатар қызмет еткен барлау агенті Юрий Носкенконы тергеу жұмысы 93 парақтан тұрады. Онда Юрий өзінің Кеңестер одағының Ұлттық қауіпсіздік министрлігіндегі қызметі туралы айтқан. Ол бұл органда Иосиф Сталиннің көзі тірі кезде қызмет еткен. Юрийді тергеу жұмысы ағылшын тілінде жазылған.

Кеннедиге оқ тиген сәт. Фото: twitter.com.

Кеннедидің өлімі туралы деректерде кеңестік тыңшылардың дерегі көптеп табылады. Тергеу қызметі кезінде Эдгар Гувер дайындаған баяндамада Юрий Носкенконың рөлі туралы кеңінен айтылған. Онда тағы Кеннедидің өлімінен кейін КСРО-да болған реакциялар туралы да толығымен жазылады. BBC-дің орыс тілді бөлімі де Жон Кеннеди өлімі туралы жарыққа шыққан архив материалдарынан ең қызықты деректерді сүзіп, олардың арасындағы КСРО-ның ықпалына қатысты жерлерінде ашық көрсетіп берген.

Әлемді дүбірлеткен бұл мәліметтердің түп нұсқаларын көру де, материалдар жария етілген АҚШ Мемлекеттік мұрағаттар сайты да біз үшін қол жетімсіз болып тұр. Ал, BBC, ABC, “The New York Times” қатарлы ақпарат көздерінің жариялаған мәліметтеріне негізделгенде, президент Кеннедидің өліміне қатысты құжат-материалдар бастан аяқ бір текті емес. Бір сыдырғы деректер де емес. Тек оқиғаның алды артындағы кеңестік және америкалық барлаушылардың тергеу жұмыстары мен барлау органдарының құжаттары топтастырылған.

Солардың бірі Лесник атты арнайы қызметкер туралы деректер. Ол туралы архив 1964 жылдың наурыз айы деп белгіленген. Бұл уақыт Кеннеди өлімінен сәл ғана кейінгі уақыт. Онда Лесникпен әңгімеде болған агенттердің мынадай бір сөзі кездеседі: «Кеште “Time” басылымын қарай отырып, Лесник сөз арасында: – көп жыл бұрын Ли Харви Освальдті тоқтатып, Кеннедиді сақтап қалуға болар еді, – деген болатын», – деп естелікке алынған. Оның айтып отырған бұл Ли Харви Освальд атты адамы Кеннедиді бастан дәлдеп атқан қанды қол еді.

Лесниктің бұл сөзді айтуындағы себебі - Ли Харви Освальд 1959 жылы Кеңестер одағына келеді және өзінің болашақ жары больщевик Марина Прусаковамен танысқан. Ол Кеңес одағында 1963 жылға дейін жүрген.

Жария болған құжаттар арасында Ли Харви Освальдтің СССР жеріндегі сапары туралы да айтылады. Бұрынғы кеңестік тыңшының айтуына қарағанда Ли Харви Освальд Кеңестік барлау қызметі мен арнайы қызметі үшін тым бағалы адам емес болған. Сондықтан оның Кеңес жерінен шығып кетуіне визаны да оңай бере салған. Оның ісі қаралып жатқан кезде, теңіз күштерінің әскер қатарындағы Освальд Мәскеуден Минскіге кетіп қалуы керек болған. Сол кездегі кеңестік инструкция бойынша оны арнайы  туристік агент алып жүруі тиіс еді. Ол америкалық азаматты мейрамханада бірнеше сағат күтеді. Алайда Освальд бөлмесінен шықпайды. Тек оның бөлмесін қонақ үй қызметкерлеріне аштырып кірген кезде ғана, төсегінің үстінде тамырын қиып тастап қансырап жатқан Освальдты көреді.

Ли Харви Освальд. Фото: BBC.

Освальд көп қан жоғалтқанмен жедел жасалған медициналық көмектен кейін оның жаны аман қалған. Кейін денсаулығы туралы жазылған анықтамаларда 10 минут кешіккен жағдайда Освальдтың көз жұмуы мүмкін екені айтылады.

Осы жерде манағы Лесиниктің сөзіне қайта оралайық. Лесник бұл туралы: «Егер сол кезде туристік агенттіктің қызметкері есікті бұзып кірмей күте тұрғанда, сосын кеңестік тәртіп бойынша алдымен КГБ-ның адамдарына қоңырау шалып ескерту жасағанында басқаша болатын еді. КГБ ол араға кештетіп жетіп, есікті ашып кіргенде әлде қашан о дүниелік болған Освальдты көрер еді-ау», – деген.

Тағы сол Лесниктің айтуына қарағанда, Освальд Кеңестер одағында болған кезде, дихан отбасынан шыққан Марина есімді сауатсыз орыс қызымен танысып, онымен бас құраған. Кейін оны өзімен бірге Құрама Штатқа алып кеткен.

АҚШ-тың 35-ші президенті Жон Кеннедидің өлімінен бірнеше апта бұрын Освальд Мексикадағы Кубаның елшілігіне келіп, Кубаға одан, Куба арқылы КСРО-ға саяхаттап баратын виза беруін сұраған. Куба елшілігінен оған қызмет еткен адамның есімі Сильвия Тирадо де Дюран.  Ли Харви Освальд АҚШ президенті Жон Кеннедиге оқ атқаннан бір күн кейін, елшілік бұл қызметкер қызды қамауға алады.

Сильвияның айтып беруіне қарағанда, Освальд әйелінің орыс екенін, ал өзінің Кубадағы революцияны жақтаушы екенін айтып сендірген. Және шұғыл түрде виза керек болып жатқанын айтқан. Освальд Кубаның Мексикадағы бұл елшілігіне бірнеше рет келген. Алғашында ол виза үшін құжаттары мен суреттерін де ала келген. Соңғы рет Освальд елшіліктерімен жанжалдасып шығып кетеді. Сол кезде америкалықтар үшін Куба елінің визасын алмаса КСРО-ның визасын алуы мүмкін емес екенін түсінген Освальд бұл елшіліктен визаны қатты талап қылады. Тіпті осы үшін Мексикада тұратын уақытының аз қалғанын айтып, елшіліктегі қызметкерлермен ұрсысады.

Осыдан кейін Дюран ханым оған көмектесуге келісіп, КСРО визасын сұрап хат жөнелткен. Алайда, ол жақтан талапты қарап шығуға төрт ай уақыт кететіні айтылған жауап келеді. Кейін Сильвия де Дюран Освальдқа кеңестік дипломатиялық қызметкерлердің телефонын беріп, олардан жедел виза алу туралы көмек сұрауға кеңес бергенін, оған қоса, Кубаның Сыртқы істер министрлігіне хат жолдап, жедел виза туралы айтқанын мойындады.

Мексикадағы Кеңес одағы дипломаттарына шалынған қоңырауды Орталық барлау басқармасы жазып алған. Онда бір әйел адам өзінің қабылдауында осыдан бұрын Кеңес одағы елшілігінде болып кеткен америкалықтың отырғанын айтады. Телефонда  бір әйел мен ағылшынша сөйлесіп жатқан ер адамның диалогі бар. Освальд осы жерде диалогтің ар жағынан араласып, не үшін өзінің орыстармен тікелей сөйлеспейтінін айтқаны жазылған. Ол қоңырауға өзі шығып, Кеңес дипломатия қызметкерінен орыс тілінде сөйлесуді талап қылады. Сосын елшімен кездесуді сұранады. Қызметкер елшіліктен Уашнигтонға жолданған телеграммаға жауап күтіп отырғанын айтады. АҚШ жақтан бұл сұрауға жауап болмаған. Бірнеше күннен кейін Освальд тағы қоңырау шалып, өзі жолыққан елшінің аты Костиков екенін айтады.

Өзге деректерге зер салғанда, осы кездегі Орталық барлау басқармасының жетекшісі Освальдтың атап берген адамы Валери Костиков деп тұрақтандырады. Көп жылдық тәжірибесі бар, 13-ші басқармада қызмет еткен, КГБ-ның офицері екенін жазады. Орталық барлау басқармасының анықтауына қарағанда ол диверсия және жасырын кісі өлтірумен айналысқан деген дерек бар.

Ең қызықты деректер арасында Кеннеди өлімінен кейін Кремльде болған реакция туралы да деректер бар. Онда Кеннедиге қастандық жасала салысымен Кеңес одағы бұл жағдайды жедел ұғысқанын, тіпті Кремльде күшті таңқалыс болғаны туралы айтылған. Кеңес одағында тіпті «Басшысыз қалған жауапкершіліксіз генералдар Кеңес одағына зымыран шабуылын жасамай ма?» деген секілді пікірлер де кездескен.

Кеңес одағы барлау қызметіндегілердің мәліметі бойынша, Освальдтың Кеңес одағымен еш қатысы жоқ. Тіпті оның орыс әйелі де болған емес. Мәскеудің АҚШ президентінің өліміне еш қатысы жоқ делінген. Онымен қоса қырғи қабақ соғыстың өршіп тұрғанына қарамастан Кремль жақ Освальд пен оның  жұбайы туралы КГБ-да сақталған барлық материалдарды Уашингтонға жолдап берген.

Америкалық тергеушілер Освальд жалғыз әрекеттеніп, плоттерлерден құралған бүтіндей бір желіні түзген деп есептеді. Ал СССР болса «Освальд өзі құрдымға кетсе де ештеңеге берілмейтін, психикалық маньяк» деп бағалаған.

Освальдтың тұтқындалған шағы. Фото: The Week.

Жарияланған деректерге қарағанда, Кеннеди өлімінен кейін КГБ-ның Нью-Йорктегі барлау қызметінің жетекшісі Борис Иванов, Кеннеди туралы барлауды тоқтатып, АҚШ-тың келесі президенті Линдон Жонсон туралы деректер жинауды тапсырған. Ал содан екі жыл өткеннен кейін, Иванов  Жон Кеннедидің өліміне дәл осы Линдон Жонсонның қатысы бар екенін дәлелдейтін құжаттарға ие болғаны туралы мәлімдейді.

Жон Кеннеди мен Никита Хрущев. Фото: BBC.

Осы ұзын сонар деректердің топтамасы мен баяны оқырманды жалықтыратыны рас. Алайда, оқиғаның жалпы барысы бұдан да күрделі, бұдан да қым-қуыт. Осы жерде сөз басында біз айтып өткен, екі елге бірдей қызмет еткен Юрий Носкенко деген адам шығады.

Юрий Носкенко бір қарағанда Кеннеди өліміне еш қатысы жоқ адам болып көрінгенімен, ол кезінде Освальдты қансырап жатқан жерінен құтқарып алған туристік агенттің дәл өзі болып шықты. Ол Федералдық барлау агенттеріне ешбір жаңа дерек айтып берген емес. Тек қана америкалық туристің қолын кесіп өлмек болған бір істі ғана жеткізген.

Оның жетекшісі Георгий Лесник басқа деректерінде:  Кеннедидің өлтірілгені туралы мәліметті тапсырып алғаннан кейін, дереу жұмысына келіп, Освальдтың ісін қарағаны туралы айтады. Алайда оның мәліметтерінен және КГБ-ның Минскідегі және Орталық архивтен де Освальдтың КГБ-ге тартылғаны туралы мәліметті таба алмағаны жазылған.

Әрине бұлардан Кеннедиге атылған оқтың шын иесі кім екені туралы дәл қазір ашып айту қиын. Дегенмен, 2018 жылға дейін жария болатын деректерде бұның анық жауабы айтылып қалар. Әсіресе, Кеңес одағына келген Освальд атты туристің өз тамырын не үшін кескені, сонымен бірге оның Кеннеди өлімінен бірнеше апта бұрын Куба мен СССР визасын неге сұрағаны да анық емес. Бұл тарихи құпияның астарындағы сыр бізге осы жылдың соңына қарай толық ашылуы да мүмкін. Сонымен бірге Кеңестер одағының да бізге беймәлім құпиялары да, өз тарихымыздың ақтаңдақ жылдарының астарлы шындықтары да көрініп жатпасына кім кепіл.

“The Qazaq Times”