Туризм – қазіргі кезде үшінші орындағы табыс көзі. Ол үшін әр ел әртүрлі тәсілдермен еліне туристер шақырады. Айталық, Эйфель мұнарасы көрген жанды Францияға шақырса, Тәж-Махал Үндістанға баруға жетелейді. Қытай Қорғаны жылына неше миллион шетелдікті Қытайға бастайды. Осының бәрі сол елдің экономикасына табыс әкеледі. Дамыған елдер азаматтарының әлем аралауға деген құштарлығы өмірінің маңызды бір бөлшегі. Саяхат картасына белгіленген тарихи орындар, табиғи көркем жерлер, тау-өзендерді саяхаттау арқылы өмірін қызыққа толы етуге тырысады.

Әлем аралаған саяхатшылардың аяғы Қазақстанға да жетіп жатыр. Туризмді дамыту бізге мол экономикалық кіріс кіргізер еді, бірақ, бұл бағытта істеліп жатқан жұмыстардың өнімі біз ойлағаннан әлде қайда төмен. 2017 жыл Қазақстан үшін маңызды туризм жылы болмақ. Биылғы жылы өтетін ЭКСПО көрмесі Қазақстанның осыған дейінгі туризмді дамытудағы ең үлкен орай. Алайда, ЭКСПО көрмесінің дабырасы америкалықтар санасындағы он жыл бұрынғы «Борат» киносын шайып кете алған жоқ. Америкалық басылымдардағы Қазақстан туризмы туралы тақырыптарды іздесеңіз, ЭКСПО-дан бұрын «Борат» киносы сөз болады.

Бұл “The New York Times” басылымының «2017 жылы саяхат картаңызда болуға тиісті 52 жер» атты топтамасындағы Қазақстан туралы берген ақпараты.

«Қазақстан осыдан он жыл ілгері «Борат» фильмі арқылы сіздің саяхат картаңыздан орын алғалы бері, Жібек жолындағы маңызды туристік аялдама болуға тырысып келді. Ел орталығы Астанада 2016 жылы ашылған St. Regis және Ритц-Карлтондарды қамтыған, жоғары дәрежелі қонақ үйлер саны көбейді. Сондай-ақ, мұнайлы ел бірте-бірте экологиялық туризмге қадам қойып келеді. Елордасы Астана 2017 жылғы Бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесін өткізуші қала болып отыр. Бұл іс-шарада болашақтағы энергия көздерінің жолдарын қарастыру мақсатында болады. Аталған шараның басты ерекшелігі: көрме өтетін орын жасыл энергиямен жабдықталады. Сонымен қатар, 2016 жылы биологиялық түрлерге бай Тәңіртау (Тянь-Шань) тау-сулары Дүниежүзілік мұралар тізіміне алынды. Remote LandsIntrepid Travel қатарлы туристік агенттік пен туристік маршруттар іске қосылды», – делінген.

Танымал басылым фототілшісінің көзіне күллі Қазақстан даласынан әсер еткен көрнісі төмендегідей болса керек:

Алматыдағы шіркеу. Фото: Adam H. Graham for The New York Times

Біз қалай ақталсақ та, америкалықтардың саяхат картасына «Борат» арқылы кірдік. Мақсат – Бораттың дауын қоқсыту емес. Тілек – ЭКСПО көрмесіне келген саяхатшылардың санасынан Боратты жоғалта алсақ болғаны.

 

"The Qazaq Times"