Жанар-жағармай бағасын көтеруге байланысты мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуші 47 субъектіге қатысты тергеулер жүргізген. Нәтижесінде 2016 жыл және 2017 жылдың қаңтар-наурыз айында оларға 960 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Монополияға қарсы органға келіп түскен мұнай өнімдерінің тапшылығы және оларға бағалардың өсуі туралы мәліметтерге байланысты, ҚР ҰЭМ-нің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мұнай өнімдерін көтерме (292 субъекті) және бөлшек саудада (361 субъекті) өткізетін нарық субъектілеріне, мұнай өнімдерін өндірушілерге (3 МӨЗ) тиісті сұрау салулар жіберді", - делінген комитеттің баспасөз хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, нарық субъектілерінің үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану фактілері ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабы бойынша сараланады. Осы бойынша монополиялық кіріс тәркiленген жағдайда шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған кірістің (түсiмнiң) 3 %-ы, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 5 %-ы мөлшерiнде айыппұл салынады.