2018 жылдан бастап коммуналдық қызмет тарифтері жоспарлы түрде қымбаттайтын болады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
"Жаңа жылдан бастап біз ұзақ мерзімді жоспар бойынша тарифтерді көтере бастаймыз. Бірақ көп емес, бағаны көтеру 10 пайыздан аспайды", - деді ол энергетиканы бақылау және инвестиция жөніндегі конференцияда.
Айта кетейік, қыркүйек айының басында Президент Нұрсұлтан Назарбаев инвесторларды тарту мақсатында тұрғын үй-коммуналдық шаруашығына қатысты заңды жетілдіру керектігі туралы үкіметке тапсырма берген. Ол "су және жылу жүйесін модернизациялауға көп қаражет қажет екенін" айтқан еді.
"Халықаралық қаржы институттары мен инвесторларды тарту үшін Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жөніндегі заңды жетілдіріп, тарифтерді қайта қарау керек. Бұл осы саладағы тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілерінің қызығушылығын қалыпты етуге мүмкіндік береді. Менің айтқым келгені, біз жылу мен су тарифтерін көтермесек, инвесторлар келмейді. Өйткені әрбір келген инвестор "Мен станция салайын, бірақ электр энергиясын қаншаға сата аламын?" деп сұрайды. Одан қорқудың (тарифтерді қымбаттату - ред.) қажеті жоқ", - деген еді Президент.
Осыдан соң Ұлттық экономика министрлігі Қазақстандағы тұрғын үй коммуналдық тарифтерінің неліктен өсетінін ресми түрде дәлелдеді. Себебі коммуналдық қызметтегі негізгі құралдарының көпшілігі 65%-ға тозып кеткен екен. Ведомство осы себепті "инженерлік желілерді жаңартып, қайта құрып, жаңғырту қажет" деп мәлімдеді. Осылайша 2020 жылға дейін тарифтерді көтеру арқылы коммуналдық құрылғылардың тозу көрсеткішін 50%-ға дейін төмендетпек.
Қазақстан энергетика саласын дамыту мақсатында EXPO-2017 көрмесін өткізді. Ал көрме біте сала тарифтерді көтеру туралы шешім қабылдау ақылға қонбайды. Бізде керісінше, көрме арқылы энергетика салалары дамып, коммуналдық тарифтер төмендеу керек еді. Алайда Үкімет мұны ескеріп отырған жоқ сияқты. Егер тарифтер қымбаттар болса, бұл қарапайым халықтың қалтасына оңай тимейтіні анық.