Мені әке-шешем «сатып алған»

– Сіздің есіміңіз көптеген шығар­маларыңызда Сәкен деп жазылған екен. Сәкен Нарымбетов деп. Неге?
– Менің Сатыбалды деген есімім төл­құжатымда ғана жазылған. Ал айна­лам­дағылардың бәрі Сәкен дейді. Неге есі­мімді Сатыбалды қойған десеңіз, менің алдымда бес бала болған екен. Бірақ, бәрі бір-екі жастан аспай, көз жұма беріпті.
Оны біреулер көз тигеннен болды деп жатады, енді біреулер ауырды дейді… Содан әке-шешем мен туғанда Қарлығаш деген кіндік шешеме апарып, табыстаған екен. Қырық күн бойы анам сол кісінің үйіне қатынап мені емізіп жүреді. Қырық күн толғанда ырымдап өздеріне қайтып алмақ болады. Сөйтіп, базардан сол кезде шығып жатқан «үйрек тұмсық» таразы алып келіп, мені бір жағына жатқызып, екінші жағына сол кездегі ең тапшы, бағалы деген заттардан қойып, теңшеп, мені «сатып алады». Содан соң есімімді Сатыбалды қояды. Онымен қоймай, құлағымды теседі. Шашымды алып, айдар қояды. Сол айдармен екінші сыныпқа барғанша жүрдім… Бірақ мені туғанымнан ешкім құжаттағы атыммен атаған емес. Бәрі Сәкен деді. Оқу орнында да, кино саласында да әріптестерім әлі күнге мені сол үйреншікті атпен атап келеді. Тек мені жақын танымайтын адамдар ғана құжаттағы есіміммен Сатыбалды дейді.

– Белгілі сыншы Әлия Бөпежанова сіздің бір кітабыңызға жазған алғы­сөзінде Феллинидің: «Мен балық туралы фильм түсірсем де, ол өмір­баяндық болар еді» деген сөзін кел­тірген екен… Сол жазбасында сіздің шығармашылықта жеке тағдырға ерекше ден қоятыныңызды айтып өтеді.
– Мен ғана емес, барлық режиссер сөйтеді. Бірақ мен тағдырды интрига, фабула ретінде алып қарағаннан гөрі характерді, мінезді ашқан маңызды деп санаймын. Мен үшін, киноның алғышарты – кейіпкерің кадрға кіргеннен бастап мінез көрсетуі керек. Жүрісінен, сөйлеу мәнерінен, лексиконынан, әр әрекеті мен қозғалысынан сол мінезі көрініп тұруы шарт. Өйткені, бір жарым сағаттың ішінде көп нәрсені айтып үлгеру мүмкін емес, қысқа штрихтар, мінез арқылы біраз ақпарат берілуі тиіс. Грек ғұламасының «сенің мінезің – сенің тағдырың» деген сөзі осыдан шыққан. Адамның мінезін алғаш есік ашып кіргенінен бастап-ақ көруге болады. Мысалы, біреулер есікті сықырлатпай, жәй ашады. Сөйтіп, «Сәлеметсіздер ме» деп амандасып, жөн сұрай бастайды. Екінші біреу есікті ашып қойып: «Ассалаумағалейкүм! Осында пәленше бар ма!» деп дауыс-тап кіреді. Үшіншісі, есікті сарт еткізіп ашады да, есіктен кіріп кеп, қолыңды алады. Міне, осы үш мінездің арасынан бүкіл адам баласының мінезін табуға болады. Әрқайсымыздың мінезіміз – біздің тағдырымыз. Мінезімізге сай қылық жасаймыз. Ал сол қылығымызға сай тағдырымыз жасалады. Сол себепті, мен үшін кез келген шығарма бірден мінезді ашуға құрылуы керек. «Мұстафа Шоқайды» түсіргенде де, «Аманатта» да алға қойған ең басты мақсатым, кейіпкер мінезін көрсету еді. Мысалы, Кенесарының қайсар мінезі болмаса, ол өліп қалмас еді. Егер ол компромиске баратын болса, мәселені дипломатиялық жолмен шеше алатын қабілеті болса, қырғыздармен келісімге барар еді. Мәмілеге келер еді. Бірақ ол келісімге көнбеді. «Бізді саттыңдар, берген уәделеріңді орындаған жоқсыңдар» деп ашуға мінді де, соңында басы кеткен. Бекмаханов та бірбеткей болған. Ол басқа тақырыпқа өтіп, өз пікірін, мақсатын өзгерте салған жоқ. Сол бірбеткейлігінен ғылымнан алыстатылды, қудаланды. Кейінгі толқын өкілі – әлгі журналист жігіт те бірбеткейлігімен кейіндеу, 1968 жылы «үш әріптің» қармағына ілікті, кинодан байқаған боларсың. Демек, менің осындағы үш кейіпкерім үшеуі де Гамлет болды. Адам боп қаламыз ба, қалмаймыз ба? Титықтап шаршасақ та, ақиқатты іздеуді жалғастырамыз ба, қоямыз ба деген сұрақтар үнемі олардың алдында тұрды. Соңында көрермен ойында «аманат орындалды ма, орындалған жоқ па» деген сұрақ қалды.

Тарихи фильмдер түсіруді өзімнің парызым деп білдім
– «Аманат» шөліркеп, сусап отырған қазақ қоғамы үшін салқын сары қымыз сияқты болды. Ондағы әрбір картина, әр сөз, әр сюжет бір жұтым қымыздай маңызды, құнарлы. Көргеннің санасын сілкімеуі, бойын сергітпеуі мүмкін емес. Жалпы, біздің қоғамда тарихи-патриоттық тақырыптағы фильмдерге сұраныс жоғары екенін сыншылар жиі айтып жүр. Бұл рас қой?

– Рас, бірақ, менің түсіріп жүргенім патриоттық фильмдер емес. «Жаужүрек мың бала», «Алмас қылыш», міне, осылар патриоттық фильмдер. Менің мақсатым, біздің көрермен, қазақ өзінің өткеніне, тарихына, өзіне жиіркенбей қарай білсе екен деймін. Айнаға қарағанда өз бейнесін танымай, өзіне өзі үрген күшік сияқты болмай, өзінің балалығы мен бұрынғы тарихына құрметпен, ойлы көзбен қарай алатын деңгейге жетсек екен деймін. Әуелі, «Мұстафа Шоқай» түсірілгенде, мен сол құштарлық бар екеніне көз жеткіздім. Ол маған қанат бітірді. Демек, Кенесарылар бостан босқа қан төкпеген екен. Бекмаханов да тектен тек басын бәйгеге тікпеген. Бәрі болашақ үшін.
– Ал біз осындағы көрермен сұра­ны­сын қанағаттандыра алып отырмыз ба?
– Қайдағы қанағаттандырған, жұмыс енді басталып жатыр. Біз өз киноиндустриямызды дамытуға енді бет бұрып отырмыз. Енді ғана өзімізге не қажет екенін ойлас­тырып, ізденуге көштік. Енді еркін жүзе бастадық. Жиырма бес жыл бір мемлекет үшін өте қысқа уақыт.

– Өзіңіз осы бағытта фильм түсіруді жалғастырасыз ба? Мысалы, Бекмаханов туралы фильм түсіргіңіз келетінін сіз 2011 жылдары «Егемен Қазақстан» газеті үшін Сауытбек Абдрахмановқа берген сұхбатыңызда айтқан екенсіз.

– Иә, сол тұста айтсам, айтқан болармын. Бірақ ол кезде менікі әлсіз ғана үміт болатын. Кейін «Мұстафа Шоқайды» түсірген соң маған қанат бітті. Өйткені, Шоқай мінезі біраз көрермен санасына ой салғанын байқадым. Алдындағы «Көзімнің қарасы», «Қызжылаған» секілді авторлық фильмдерді қоя тұрып, тарихи тұлғаларымызды экрандау менің өзімнің парызым екенін түсіндім. Әлім келгенінше тарихи тақырыптарға барып, осындай тұлғаларымызды жарыққа шығарсам деген ықылас туды. Жалпы патриоттық, тарихи тақырыптардағы фильм­дерге деген сұранысты қана­ғаттандыру үшін «Қазақфильм» әлі осындай жиырма-отыз фильм түсіруі керек. Қарап отырсаңыз, біздің бірде-бір батырымыз біреудің бір сантиметр жерін жаулап алу үшін күреспепті, өзінің жерін қорғап қалу үшін ғана күресіпті. Бұл дегеніңіз – парадокс. Шыңғысхан да, Наполеон да, басқа атақты қолбасылардың бәрі де басқа елдің жерін жаулап алып, сонымен аты шыққан. Ал біздің батырларымыздың ешқайсысы адамзат алдындағы адалдықтан асып кетпеген, өз дінін, өз жерін, өз елін қорғаймыз деп күрескен.

 Сіз ылғи өткір тақырыптарды қозғайсыз. «Қызжылағандағы» полигон қаншалықты өзекті тақырып екені түсінікті. Ал «Мұстафа Шоқайды» көптеген замандастарымыз кеңестік көзқарастан, «сатқын, қашқын» деп қаралаудан арыла алмай жүргенде түсірдіңіз. Ондайлар әлі де бар.
– Иә, әлі де бар.

– Сіз осындай өткір тақырыптарға барарда идеяңыздың жүзеге асатынына, мақсатыңызға жетіп, қолға алған фильміңізді түсіріп шыға алатыныңызға, қарсылыққа, сынға ұшырап, кедергіге тап бол­майтыныңызға сенім бола ма?

– Мен мұндай тақырыпқа барғанда кедергі болатынын білдім. Техника тілінде сопромат деген ұғым бар. Ол «қарама-қарсы материалдар» деген сөз. Кез келген тақырып егер ақиқатқа арналатын болса, ол жерде қашан да сопромат болады. Өйткені, адамзат өзінің үйренген көзқарасынан айнығысы келмейді. Соған үйреніп қалған. Мысалы, мен ылғи да өзіме ұнаған бір киімдерді тастамай киіп жүрем, өйткені, сонда өзімді өте ыңғайлы сезінем. Тіпті, балаларым жаңа киім әперіп, «әке, неге үстіңдегіні тастамайсың, мынаны кисеңші» десе де, айналып кеп бұрынғы киімдеріме қол созып тұрам. Болмай бара жатса, балаларыма «сен киіп, кішкене ескіртіп берші» деп өтінем. Адамзат та солай. Біздің үйреніп қалған көзқарасымыз бар, марксизм-ленинизм деген. Сол кеңестік дәуір қалыптастырған көзқарастан арылғымыз келмейді. 1980 жылы біздің коммунизм бағында шалқамыздан түсіп, алма жеп жататын кезіміз еді. Өйткені, бізді солай үйреткен. Бізді Қабанбай батыр, Алпамыс батыр, Кендебай батыр сияқты бол деп тәрбиелеген жоқ, Павлик Морозов болсаң, сонда ғана бағаң өседі деп тәрбиеледі. Біздің шынымен Павлик Морозов болғымыз келді. Арамызда сондай «дәрежеге» қол жеткізіп, Павлик болып кеткен адамдар да болды. Бірақ, қазір олардың аттары аталмайды. Өйткені, заман өзгерді. Ал енді тарихи тақырыпқа барып, тың дүниелер жасап жатқан режиссер қазір жалғыз мен емес. Таяуда «Алмас қылыш» деген фильмнің таныстырылымы болды. Алда ол да экранға шығады. Сол фильмде де біраз нәрсе қамтылған. Ертең осы киноны көрген соң да «ол заманда ондай болған жоқ, мұндай болған жоқ» деп шығатын көрермен табылатынын мен білем. Өйткені, біздің көрерменнің бәрі – тарихшы. Жалпы, басқа елдің көрермендеріне қарағанда қазақ көрермені өте кірпияз. Бұрын Сұлтан Қожықов «Қыз Жібек пен Төлеген» фильмін экранға шығарғанда да «Қыз Жібек былай киінбеген, былай жүрмеген. Төлеген шашын өсірмеген» деген сияқты пікір айтқандар табыла кеткен. Ондайлар дәп бір Қыз Жібек заманынан келгендей сөйлейді. Мен көбіне осыны қалжыңға айналдырам, жаңағыдай пікір айтатын азаматтарды неге сахнаға шығарып, «Қыз Жібектің замандасы», «Төлегеннің замандасы» деп елге таныстырмадық екен деймін… Шын мәнінде, ол заманда кім болды? Ал болмаса, неге олар Төлегендермен бірге асық ойнаған адам сияқты сөйлейді?.. Кейде осындай сыншыларға шынымен ашуың келеді. Бізде, қайталап айтам, көбі пікір айтпайды, үкім айтады. Бәрі кино сыншысы… Дұрысы, пікір айту үшін де адам алдымен дайын болуы керек деп ойлаймын. Ал жаңа мен айтып отырған фильмдер арқылы біз көрермендерді ақиқатты қабылдай білуге психологиялық, интеллектуалдық тұрғыда дайындайды деп сенем. Болашаққа қазір үлкен негіз қаланып жатыр. Жас режиссерлер өсіп келеді. Ертең талай жаңа фильмдер түсіріледі. Сол кезде көрермен олардың тарихи тақырыпта түсірген фильмдерін тез түсінетін дәрежеге жетеді деп ойлаймын. Ал қазір біздің кейбір көрермендер өздері нота білмейді, бірақ сольфеджиодан сабақ бергісі келеді.

Көрерменді ойға шақыратын фильмдерді көбейту қажет

– Смағұл Елубайдың сіз жайында жазылған «Туған топыраққа нық қадам тіреген суреткер» атты мақаласында өткен ғасырдың екінші жартысында «кино ұлттық құндылықтарды насихаттауда алдына жан салмайтын шап­шаңдығын мойындатып», жұрт шұғыл кино өнеріне бет бұра бастады деп жазыпты. Біз осы киноны ұлттық идеологияға пайдалана алып жүрміз бе?

– Пайдалана алмай отырмыз. Біз аянбауымыз керек. Бұрын көп журналистке айтқан да шығармын, Американың образын 30-шы жылы Голливуд жасады. Әлі күнге америкалықтардың қалай киініп, қалай жүруі керектігіне дейін Голливуд белгілеп отырады. Және онысы вирус сияқты бүкіл дүниеге жайылып жатыр. Демек, кино деген өте күшті қару. Оны шоқ ұстағандай абайлап жасау керек. Баяғыда біздің аналарымыз ошақтың жанындағы самауырды қыздыру үшін ошақтың ішінен алынған шоқты екі алақанына кезек-кезек сап отырып, әлпештеп апарып, самауырға салатын. Міне, киноға да осындай ептілік, ювелирлік жаужүректік, өжеттік қажет. Тарих та сондай. Ол – шоқ, жанып тұрған шоқ. Оның әрқайсысын әлпештеп алақанға салып отырып пайдалануымыз қажет. Тарихқа ұлттық көзбен қарау керек. Басқа елдің көкелерінің көзімен емес, өзіміздің, нағыз қазақтың көзімен қарауымыз керек.

– Жаттанды сұрақ, біз кез келген тарихи фильмде жоқ жоңғармен шабысып жүреміз. Неге? Егер сол жоң­ғарлар қазір үлкен мемлекет болып отырған болса, біз мүлдем тарихи тақырыпқа бара алмас па едік?
– Біз өнерде де шындыққа тіке қарай алмай келеміз.

– Өзіңіз осындай қолайсыздықпен бетпе-бет келмедіңіз бе?
– Егер біз тарихи фильм түсіріп, онда басқа елдермен соғысқанымызды көрсетсек, үкімет ақша береді деп ойлай­сың ба? Біз саяси сыпайылықтан аса алмаймыз. Бұл, шынымен де бір жағынан біздің өнерімізге тосқауыл болып отыр. Мұндай бірақ әр елдің басынан өткен. Мысалы, бұрын КСРО кезінде «Тарас Бульба» түсірілгенде Польшамен, Украинамен арадағы қатынасқа жарықшақ түсе ме деп, шын тарихта болған қатығыстарды экрандауға рұқсат бермеген. Алайда осыдан бес-алты жыл бұрын Олиас Борко деген режиссер жаңағы оқиғаның бәрін қамтып фильм түсірді. Ол фильмнен соң, өздеріңізге белгілі, ешқандай халықаралық соқтығыс, соғыс бола қойған жоқ. Өйткені, ол тарихи ақиқат. Бұл жерде қашан да әділдік, адалдық керек. Тарихқа деген. Сол психологиялық жалтақтық бізде әлі де бар. Егер біз көршілер туралы жаман бірдеңе айтып қалсақ, біздің толеранттығымыз қайда, саяси сыпайылығымыз қайда деп шу ете қаламыз, өз көлеңкемізден өзіміз қорқамыз. Бірақ өткенді айту керек қой. Өткенді айтқанға өкпелеу дұрыс емес шығар. Өткенді білмей болашақты қалай жасаймыз?
Яғни жаңағы сұрағыңа келсем, мен де «Аманатты» түсіргенде Кенесарының қырғыздармен қақтығысын ашық көр­сеткен жоқпын. Қырғыз ағайындар өкпелеп жүре ме де, сол сюжетке келгенде экранды қып-қызыл қылып қанға бояп қоя салдық, өзің байқаған боларсың. Жалпы, біздің көп кейіпкерлеріміз экрандалған жоқ. Тарихтағы батырларымыз бен хандарымыз, тіпті ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлер де көрерменге жетпеді. Қамбар батырымыз, Күн астындағы Күнікей, Ертөстік… Негізінде осы саладан қаржыны аямауымыз керек еді. Америка кезінде ақшасын аяған жоқ. Әлі де аяп жатқан жоқ. Соны ақыры идеологиялық құрал ретінде пайдаланып келеді.

– Әрі сол киноиндустриясы арқылы экономикасына да қомақты кіріс келтіре бастады ғой?

– Иә, ол – үлкен кіріс көзі. Бізде қазір «интертаймент» деген пәле шықты. Біздің көрермендерді үш категорияға бөлу керек. Бірінші категориядағылар жұмыстан шаршап келгенде көңіл көтеріп, демалғысы келеді. Екінші топтағылар – экшн фильм көріп, адреналин алғысы келеді. Ал үшінші категориядағылардың мақсаты бөлек. Олар «біз не үшін өмір сүріп жүрміз? Өмірдің мәні неде?» деген сұрақ білетіндер. Егер режиссер көрермен санасында сұрақ тудыра алса, онда оның жұмысы нәтижелі болғаны. Негізінде бізге жаңа аталған көрермендердің үш категориясына арналған фильмдердің бәрін түсіре беру керек. Бірақ соңғы бағыттағы өнімдерді, көрерменді ойға шақыратын фильмдерді көбейту қажет. Оның бәрін қамтамасыз ету үшін жылына төрт-бес-ақ фильм түсіретін «Қазақфильмнің» мүмкіндігі аз болып тұр.

Ұлттың сөзін сөйлейтін экранымыз болуы керек

– Жақында qazaqtimes.com сайты режиссерлеріміз ұлттық әдебиетке бет бұрмай жүргенін айтып, мәселе көтерді… Кеңестік кезде ұлттық әдеби туындыларымыздың негізінде түсірілген фильмдеріміз болды ғой. 
Сол жол неге үзіліп қалды?

– Иә, бізде тақырып көп. Мұхтар Әуезовте қанша шығарма бар, Бейімбет Майлинде, Сайын Мұратбековте қанша! Бертіндегі жазушыларымыз Дулат Исабеков, Мұхтар Мағауин, Бексұлтан Нұржекеевтердің шығармалары қандай! Ал Қалихан Ысқақовтың бір ғана «Ақсу жер жаннаты» деген романы арқылы тіпті көпсериалды фильм түсіруге болады. Әкім Тарази ағамыздың шығармала­рының бәрі дайын сценарилер. Ал енді әрі қарай не керек? Қаржы керек. Оларды қамту үшін «Қазақфильмнің» фильм түсіру мүмкіндігін кеңейту қажет. Осыдан бес-алты жыл бұрын, «Қазақфильмді» Ермек Аманшаев басқарып тұрған уақытта біздің жұмысымыз жанданған болатын. Сол тұста жылына он екі фильм түсірген кезіміз болды. Биылғы жылы, мысалы, жеті фильм түсіруге жағдай жасалып отыр. Бірақ, мұның өзі жаман емес. Негізінде жыл сайын он бес фильм түсіретін болса, біз бос кеңістікті тез толтыруға мүмкіндік алар едік. «Саннан – сапа» деген осыдан шығады.

– Кейде аз ғана қаражатпен де әдемі көйлек тігіп киюге болады. Ал керісінше, көп қаражат жұмсасаң да, нашар көйлек тігіп киюің мүмкін. Кинода да солай ма? Әлде жақсы кино түсіру қаражаттың ауқымдылығымен ғана өлшене ме?

– Қаржы киноматериалға-сюжетке сай болуы керек. Мысалы, жаңағы биыл түсіріледі деген жеті фильмнің ішінде 200 мың долларға түсіп жатқаны да бар. Оның да өзіндік айтар ойы бар. Десек те, кинода мәселе қаражатқа ғана емес, оған кететін материалға байланысты. Мысалы, «Аманатқа» әжептеуір қаржы қажет болды. «Алмас қылыш» та аз қаражат талап еткен жоқ. Неге десеңіз, онда ең құрығанда 300-500 салт аттыға киім тіктіру керек. Оларға құрал-сайман керек. Оның бәрі – шығын. Ал ендігі бір фильмде үш-ақ адам ойнауы мүмкін. Оған көп қаражат керек емес. Сондықтан, басты мәселе қаражатта да емес, көңілде. Мысалы, біреуге комедия керек, біреуге экшн керек. Олардың бәрінің сусынын қандыру қажет. Жанрдың мейлінше көп болғаны жақсы. Қазір біздің жағдайымызда, ең құрығында екі жылда бір рет тарихи фильм түсірсек те жаман болмас еді. Бұл жерде мынадай көйлек киді деген әңгіме емес, көңіл маңызды болып отыр. Ұлттық сөзімізді сөйлейтін біздің экранымыз болуы керек. Ал қазір экранымызды Американың, Үндістанның, Кореяның фильмдері басып кетті. «Гарри Поттер», мысалы, біздің балаларымызға керек пе? Біздікілер Ер Төстікті, Алпамыс батырды, Қобыландыны көріп өсуі керек емес пе? Біз қазір басқа елдің ертегілерімен балаларымызды тәрбиелеп отырмыз. Бұл – үлкен қателік. Төл ертегілер – бүл­дір­­шіндерге рухани азық. Мен былтыр бір үйде қонақта болдым. Сонда келіні нәрестесін «баю баюшки баю» деп ұйық­татып жатқанын көріп, жағамды ұстағам. Әже­леріміздің «әлдиі» қайда қалды? «Әл­ди» естімей өскен ұрпақ қайда барады?

Өкінішім, әр фильмімнің арасында үш-төрт жылым өтіп жатыр
– Таяуда «Көзімнің қарасы» деген атпен жинақ кітабыңызды шығарыпсыз. Соны оқып отырғанда сұрағым келді: сіз ақыл-ой азабын көп көрдіңіз бе, жемісін бе?

– Мен мұны әлі ойлап үлгерген жоқ­пын. Қазір жұмыс процесіндемін, сон-
дықтан, ол жағын санап көрмедім. Мүм­кін, кейін, қартайып, шау тартқанда отырып, көрген азабым мен жеткен жетістігімді пайызға салып санайтын шығармын. Бірақ кез келген жұмыстың қызығы мен азабы қатар жүреді ғой. Юрий Казаковтың мынадай сөзі бар: «жазушы үшін ең қорқыныштысы, ең азаптысы – ақ қағазбен оңаша қалу» дейді. Неден бастарыңды білмеу, қалам-қағазыңмен жекпе-жекке түсу. Толстойдың ойын кішкене жаңғыртқаны болар. Бірақ, осы сөзде шындық бар.

– Бір сұхбатта жалғызсы­рай­ты­ныңызды, сұрағыңызға жауап тап­пайтыныңызды айтыпсыз. Ойшыл адамдардың, әсіресе ірі тұлғалардың бәрі жалғызсырайтыны түсінікті ғой. Ал содан құтылудың жолы бар ма?

– Адамның бәрі – жалғыз. Сіз де жалғыз­сыз, басқалар да. Сол жалғыздықтан құтылу үшін бәріміз бірдеңе іздейміз. Кітап оқимыз, еңбектенеміз. Демек, ғұламалар айтқандай, ізденіс жолындағы адам ғана жалғызсырамайды.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын «Із» деген фильм түсіргіңіз келетінін де айтқан екенсіз… Жалпы, алдағы жоспарыңыз қандай? Сізден тағы қандай фильмдер күтуге болады?

– Түсіргім келген нәрсе көп. Әсіресе, «Аманаттан» кейін алдымда Алаш азаматтары тізіліп тұр. Бірақ ақша жоқ. Әлихан Бөкейханов, Сырым батыр, Құрманғазы атам… – бәрі қашан түсіресің деп, алдымда қарап тұрғандай болады. Шынында, тақырып көп. Біз қазір жазушы Нұрлан Санжар екеуміз Адольф Янушкевич туралы фильм сценариін жазып қойдық. Енді қаржы күтіп отырмыз. Бексұлтан Нұржекеев деген жазушы ағамыз бар ғой. Сол кісінің «Күтумен өткен ғұмыр» деген романы бар. Соның атын алып, «біздің, режиссерлердің өмірі күтумен өткен ғұмыр» деймін мен ылғи қалжыңдап. Бірақ бұл – шындық. Біздің жұмысымыздың бәрі қаржыға байланысты. Бәріміз – қаржыға тәуелдіміз. Мен, мысалы, кино түсірейін десем, оператор жалдаймын. Оған ақша керек пе, керек. Екеуміз бірге суретші жалдаймыз. Ол тегін жұмыс істемейді. Одан кейін актерлар іздей бастаймыз. Оларға төлейсің бе, төлейсің. Оған ақшаны кім береді?.. Көрдіңіз бе, біз тәуелдіміз. Біздікі сондықтан «күтумен өткен ғұмыр».

– Жазушылар жазғысы келген идея­ны үйінде отырып-ақ жазып тастап, бір шығармадан екінші шығармаға көшіп, еркін жүре алады… Сіз жазу­шылықпен қатар режиссерлікті қолға алып, киноға байланып қалғаныңызға өкінбейсіз бе?

– Күнде өкінем. Неге десеңіз, әр фильмімнің арасында төрт-бес жылым өтіп жатыр. «Мұстафа Шоқайдан» соң жеті жылдан кейін «Аманат» түсірілді. Күттім мен, ақша қашан береді деп күттім… Менің Мәскеуде бірге оқыған бір курстасым өзінің 33 фильмін түсіріп, қазір 34 фильмін қолға алып отыр. Ал мен жеті-ақ фильм түсірдім. Қалай? Не үшін? Ол менің жалқаулығымнан ғана емес. Біздікі – күтумен өткен өмір. Осыған өкінем.

Әңгімелескен: Нәзира БАЙЫРБЕК

astana-akshamy.kz

(Түпнұсқадағы тақырып: Кино – күшті қару)