Францияның жаңадан сайланған Президенті Эммануель Макронның рейтингі төмендеп жатыр. Elabe компаниясының халық арасында жүгізілген сауалнамасы бойынша мемлекет тұрғындарының 26%-ы президентке "мүлде сенбейтіндерін" айтқан. Бұл туралы РИА Новости хабарлап отыр.

Сауалнама бойынша, азаматтардың сенім рейтингінде Макронның көрсеткіші үш пайызды жоғалтты. Қазір Президентке халықтың 37%-ы сенеді. Ал сауалнамаға қатысқан респонденттердің 32%-ы мемлекет басшысына "аса сене қоймайтындарын" айтқан. Ал  26% -ы "мүлде сенбейтіндерін" жеткізген. Зерттеуге қатысуышлардың 5%-ы жауап беруге "қиналатындарын" айтқан. 

Айта кетейік, Эммануель Макрон мамыр айында өткен Президент сайлауына француздардың 45%-ының қолдауына ие болып, билік басына келген. Elabe статистикасы бойынша оның рейтингі шілде айынан бастап төмендей бастаған.

Рейтингі төмендеген тек Макрон ғана емес. Бұдан бөлек, елдің премьер-министрі Эдуар Филиппке де халықтың сенімі азая бастаған. Себебі оған сенетіндердің үлесі 32%-ды құрады және өткен аймен салыстырғанда көрсеткіш 5%-ға төмен.

Сауалнама интернет арқылы 5-6 қыркүйек аралығында жүргізілген және оған кәмелеттік жасқа толған 1002 француз азаматы қатысқан.

 

“The Qazaq Times”