Франция президенті Эммануэль Макрон Қытай сапарының алдында Human Rights Watch ұйымының ұсыныс хатын тапсырып алды. Адам құқығын қорғаушы халықаралық ықпалды ұйым президент Макроннан Қытай сапары кезінде сол елдегі ауыр дәрежеде бұзылып отырған адам құқығы мәселесін көтеруді сұраған. Франция президенті 4-6 қараша күндері Қытайға ресми сапармек баруды жоспарлап отырған еді.

Human Rights Watch ұйымы хатында Қытай басшысы Ши Жинпиңге Шынжаңдағы саяси лагерлерді (Бейжің тарабы бұл лагерлерді «Кәсіптік білім беру орталықтары» деп көрсетуге тырысады) жабуды, қуғын-сүргінді тоқтатуды, түрмеге қамалған барлық белсенділерді босатуды және Гонконг халқының саяси көзқарасын құрметтеуді туралы ашық ұсыныс жасауды өтінген.

Аталған ұйымның айтуынша, «жылы дипломатия» тек шенеуніктер үшін ғана пайдалы, бірақ ол биліктен қысым көрген ҚХР азаматтары үшін жарамсыз. Үкіметтер жетерлік дәрежеде қысым жасамаса, Ши Жинпиң билігі тұсында арта түскен адам құқығының бұзылу тенденциясын өзгерте алмайды.

Францияның ең жас президенті ретінде тарихта қалған Макрон жақында ғана адам құқығын қорғау жолында Францияның белсенділік танытуы керек екенін, адам құқығын бұзушылардың жазасыз қалу істерін тоқтату үшін белсенді күресуі керек деген сыңайда мәлімдеме жасаған еді.

Human Rights Watch ұйымның жетекшісі Росс өз мәлімдемесінде, президент Макрон Қытайдағы адам құқығының бұзылуы мәселесінде батыл көзқарас танытуы керек екенін айтады. Ол президент Макронға қаратқан сөзінде: «Егер сіз көпшілік алдында батылдық таныта алмасаңыз және адам құқығының бұзылуы туралы айта алмасаңыз, бұл Ши Жинпиң билігін елдегі азаматтардың бостандығын шектеуді тіпті де күшейтуге итермелейді», – деген.

Айта кетейік, алдағы сапар президент Макронның Қытайға екінші реткі ресми сапары. Сондай-ақ, Қытай Коммунистік партиясының 19-шы құрылтайы 4-ші Пленарлық сессиясы өткеннен кейін Батыс елдерінен Қытайға ресми сапармен барған алғашқы лидер болмақ. Францияның және өзге де батыстық ақпарат құралдары Макронның Қытай сапары тарихи маңызды сапарлардың бірі болады деп күтуде.

 

“The Qazaq Times”