Қазақстанның Ішкі істер департаментінің әскери тергеу басқармасы қазақ-қырғыз шекарасында болған атысқа байланысты тергеу жұмыстарын жүргізуде, деп мәлімдеді ҚР бас әскери прокуратурасының баспасөз қызметі.
Бас прокуратура мәліметінше, қазіргі уақытта Жамбыл облысы Жамбыл ауданының ішкі істер департаменті шекарашыларға қарсы заң бұзған азаматтар үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 380 бабының 2 тармағы (билік өкіліне күш қолдану) бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізуде. Бұнымен қатар ІІД әскери тергеу басқармасы заң бұзушыларға оқ атқан екі сарбаздың үстінен де ҚР Қылмыстық кодексінің 451 бабының 2 тармағы (Қару қолдана отырып қызметін асыра пайдалану) бойынша, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастаған.
Ведомства баспасөз қызметінің таратқан ақпараты бойынша, тамыздың 12-сі күні қазақ-қырғыз шекарасындағы 2035 «Жасөркен» заставасында сағат 19:56 шамасында Ергеш. П. А және Бөрібай. Г. А есімді екі сарбаз 20-ға жуық адамның Қырғызстаннан жылқы өткізу үшін шекара сымдарын бұзып жатқанын байқаған. Жасалған ескертуге құлақ аспай шекарашыларға қарсы тас лақтырған заң бұзушы топқа қарсы жоғарыда аталған екі сарбаз оқ атып, салдарынан 1987 жылғы бір азамат көз жұмған.
Естеріңізге салайық, тамыздың 12-і күні қазақ-қырғыз шекарасында оқ атылып, бір адам көз жұмған болатын.