Йеменнің оңтүстігінде Араб елдері коалициясының әуе соққысынан 3 әйел мен 6 бала мерт болды. Жергілікті денсаулық сақтау басқармасы басшысының мәліметінше, отбасы мүшелері ұйықтап жатқан кезде орын алған оқиға салдарынан тағы 3 адам жараланған. Бұл туралы Әл-Жазира ақпараттық агенттігі жазды.
Хуситтердің ықпалындағы SABA ақпарат құралының ұсынған деректеріне сәйкес, жол үстіндегі автокөлікке тиген екінші соққы кемі 3 адамның өліміне себеп болып, тағы 7 адамды жаралаған.
Йеменде 2014 жылдан бері жалғасын тауып келе жатқан соғыс қазір биліктен қуылған Президент Абд-Раббу Мансур Хади мен оны қолдап, 2015 жылы қақтығысқа араласқан Сауд Арабиясы бастаған Парсы шығанағының елдері және екінші тарапта елдің солтүстік бөлігін түгел жаулап алған шиит топтарынан құралған Хуситтер арасында жүріп жатыр. Хуситтердің қазіргі бекініс қаласы - Саада болғандықтан, ең көп әуе соққысы да осы жердің тұрғындарына тиіп отыр.
Тәуелсіз сарапшылардың мәліметінше, Араб елдері коалициясының соққылары Хуситтерді әлсіретуге еш көмектесіп отырған жоқ. Олардың негізгі құрбандары - жергілікті халық. Наурыз айында коалиция күштерінің қолынан 22 адам, ал маусым айында 25 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Reuters агенттігінің Араб елдерінің коалициясына болған оқиға туралы пікір сұрап жолдаған хаты жауапсыз қалғанымен, Араб мемлекеттері қарапайым халықты нысанағы алып отырған жоқтығын мұнан алдын айтқан болатын. БҰҰ-ның дерегіне қарағанда, Йемендегі соғыс осы уақытқа дейін 10 мың адамның өмірін қиып, 22 провинцияның жартысына жуығы аштық алдында тұр.