Ranking.kz агенттігінің мәліметіне сенсек, осы жылы шет жақтан келетін дәрі өнімдері көбейген. 2017 жылдың 4 айында жалпы сомасы 235,5 млн долларды құрайтын 5 мың тонна дәрі келген. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде Қазақстанға 199,4 млн доллар, шамамен 3 мың тонна медикамент әкелінген. Бұл дегеніміз біріншіден, Қазақстанның фармацевтика нарығында шетел препараттарының көп екенін, екіншіден бағаның да қымбат екенін көрсетеді. Ал бағаның жоғары болуына не себеп?
Дәрілер бағасының өзгеруі
Статистика комитеті ұсынған ақпаратқа мән берейік. 2015 жылдың 12 айымен салыстырғанда 2016 жылдың қаңтар-желтоқсан айында фармацевтикалық өнімдердің бағасы 33,2%-ға қымбаттаған. Антибиотиктер 34,4%-ға, витаминдік өнімдер, 27,3%-ға, жөтелге қарсы шәрбаттар 46,6%-ға қымбаттаған.
Ал 2017 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы дәрі-дәрмек бағасының өзгеру бағасы мынадай: фармацевтикалық өнімдер 9,8%-ға, антибиотиктер 8,1%-ға, витаминдік өнімдер, 4,9%-ға жөтелге қарсы шәрбаттар 12,4%-ға қымбаттаған.
Дәрі бағасының қымбат болу себебі
Дереккөздердің мәліметінше, фармацевтика нарығындағылар дәрі бағаларының қымбат болуына кімді кінәларын білмейді. ҚР ДСМ фармация комитетінің төрайымы Лариса Пактың сөзінше, дәрі-дәрмекті сату да бизнес. Өйткені әр кәсіпкердің өз бағасын қоюға құқығы бар екен.
Сондай-ақ, дәрі бағасының қымбат болуына алыпсатарлардың да үлесі бар. Өйткені алыпсатарлар фармацефтика саласында да көп көрінеді.Олар пайыз қосып, содан пайда тауып жүр. Ал комитет тек тегін медициналық көмек аясындағы дәрілерге ғана бақылау жасайды екен. Ал қалғандары бағаны қалауынша қоя береді.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мырза болса: "Жекеменшік дәріханалардағы сатылып жатқан дәрі-дәрмектің бағасын бекіту үшін біз біріншіден Заңға өзгерістер енгізуіміз керек. Осымен қазір Заң жобасы әзірленіп, әрі қарай біз жұмысты өткіземіз", - деген еді осы жылдың наурызында.
Дәрілерге шекті баға енгізілуі мүмкін
Осыдан кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолованың дәріханалардағы дәрі бағасының қымбаттығына қатысты сын айтқан соң "ҚазАқпарат" агенттігі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетіне сауал жібереді. Олар қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бүкіл дәрілердің бағасын реттеу үшін фармацевтика қоғамдастығының өкілдерімен бірге барлық дәрілік заттардың шекті бағасын қалыптастыру әдістемесін талқылау жұмысын жүргізіп жатқанын айтады.
"Министрлік барлық дәрілік заттардың бағасын реттеуге байланысты өзінің құзіреті шегінде «Халық денсаулығы және денсаулық жүйесі туралы» ҚР Кодексі мен Кәсіпкерлік кодексіне сәйкесінше өзгерістер енгізу мәселесін қарастыруда. Нормативтік-құқықтық база әзірленіп, қабылданғаннан кейін барлық дәрілік заттардың бағасын реттеу жүзеге асырылатын болады», - деген министрліктен.
Ал өткен мамыр айында Парламент отырысында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қазақстандағы дәрілер Ресейдегі дәрілерге қарағанда екі есе қымбат екенін айтып қалды.
"Ақтөбе облысымен іргелес жатқан Ресейдің Орынбор облысындағы бағалармен салыстырсақ онда қант диабетіне қарсы дәрі теңгеге шаққанда 8500 теңге, ал бізде 17 000 теңге тұрады", - деп ақпарат келтірген еді өңір әкімі.
Сондай-ақ, дәрі бағасын қымбаттатқан дәріханалардың басшыларын да жазалауды ұсынды.
Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жекеменшік дәріxаналардың баға саясатына араласу үшін заң жобасының дайындалып жатқанын тағы бір атап өтті. "Келер жылдан бастап Қазақстанның барлық өңірінде дәрі-дәрмек бағасы біркелкі болады" деп сендірді.
«Бұған дейін біз тек мемлекеттің ақшасына сатып алынатын дәрі-дәрмектердің бағасын реттей алатынбыз. Ал жекеменшік дәріxаналардың бағасына араласуға құқығымыз болмады. Енді арнайы заң жобасын дайындадық. Қазіргі уақытта аталған құжаттың концепциясын дайындап жатырмыз. Кейін оны қоғамдық талқылауға шығарамыз. Күзде заң жобасын Парламентке беруіміз керек», — деді Елжан Біртанов мамыр айында.
Министрдің сөзінше, заң қабылданған соң келесі жылы бағаны қымбаттығына қатыстты мәселе туындамауы мүмкін, себебі дәрілердің шекті бағасы бекітіледі.
Жалпы мәліметтерге сенсек, соңғы он жылда денсаулық саласын қаржыландыру 4 есеге өскен. Отандық фармацевтика нарығы 458 млрд теңгеден асса, оның 277 млрд теңгесі халықтың қаржысы. Импортталатын дәрі дәрмектердің нарықтағы 70%-ға жуық екенін жоғарыда айттық. Ал отандық дәрілердің үлесін 2014 жылы 50%-ға жеткізу жоспарланған. Алайда бұл мақсат сол күйі орындалмады. Яғни Қазақстанның дәрі-дәрмек өндірісі жыл сайын орташа есеппен 32%-ға өсіп отыр. 2017 жылдың алғашқы төрт айда өндіріс өткен жылмен салыстырғанла 36%-ға артып, 6,2 тоннаны құраған.
Сонымен бас дәрігер Біртановтың сөзіне сенсек, алдағы уақытта дәріге шекті баға қойылар болса, дәрі бағасы арзандамаса да, нарықтағы жағдайға байланысты құбыла бермеуі мүмкін. Әйтеуір министрдің айтқанын ескеріп, тапқан табысы жүріп тұрғаны мен ішіп-жегеніне ғана жететін қарапайым халық қымбатшылықта ауыруына ем іздеп, қиналмаса екен дейміз.