Қазақстан құнарлы жерлер мен Балқаш көлінен айырылып қалуы мүмкін. Климатологтардың сөзінше, алдағы бірнеше онжылдықта Қазақстанның көп бөлігі сусыз аймаққа айналады. Бұл туралы КТК арнасы хабарлап отыр.
"Климатта құрғақшылық пайда болады. Әсіресе бұл егіндік алқаптар мен құнарлы жерлер болады", - дейді "Қазгидромет" РМК ғылыми-зерттеу орталығының директоры Пайызхан Қожахметов. Қауіп төніп тұрған аймақтар - Қазақстаннң солтүстік, батыс, орталығы мен Балқаш өзені.
"Егер мұздықтар еритін болса Балқаштың жойылып кету қауіпі басым. Ал егер бұл жағдай жалғаса беретін болса Балқаш Аралдың күйін кешуі ғажап емес", - дейді Қожахметов.
Ал А.И. Воейков атындағы геофизикалық обсерваториясының қызметкері Андрей Кисилевтің сөзінше, соңғы он жылда ауа райында өзгерістер болып жатыр. Мысалы нөсер жаңбыр көбейген. Ресейдегі гидромет ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Дмитрий Киктев болса мұндай нөсер жаңбыр Орталық Азия мен Қазақстанға аса қауіп төндірмейді деп отыр.
"Орталық Азияға келер болсақ, бұл аймақтарда су мәселесі онсыз да қиын. Бірақ алдағы он жылда бұл жағдай оңай болады деп ойламаймын. Көптеген өңірлер құрғақ, сондықтан бұл мәселе ушыға береді", - деді Дмитрий Киктев.
Айта кетейік, 2001 жылдан бері Орталық Азияда жауын шашын мөлшері 60%-ға төмендеген, ал өзендердің деңгейі 3 есеге азайған. Салдарынан аудандарда кедейлік деңгейі артып, кейбір ауыл шаруалары табыстарының 80%-ын жоғалтқан.