Қытайдың CNPC ұлттық мұнай-газ корпорациясы 20 жыл ішінде Қазақстанда 290 млн тоннадан аса мұнай өндірген. Мұндай ақпаратты Синьхуа Новости агенттігі хабарлап отыр.
Қазіргі таңда компанияның республиканың кен орындарынан 52 мың тонна мұнай өндіруге қабілеті жетеді.
Агенттіктің мәліметінше, CNPC 1997 жылдан бастап мұнай-газ өндіретін қазақстандық "АқтөбеМұнайГаз" компаниясының 66,7% акциясына иелік етеді. Бастапқыда компанияның мұнай эквиваленті бойынша өндірісі 3,19 млн тоннаны құраса 2010 жылы 30 млн тоннаға жеткен. CNPC Қазақстаннан бірнеше жаңа мұнай кен орындарын тапқан.
Сондай-ақ, қазіргі кезде Қытай-Қазақстан мұнай құбыры пайдалануға берілген. Бұл Қытай үшін алғашқы трансшекаралық мұнай құбыры. Оның батыс бөлігі Атырау қаласынан бастау алады. Одан ары құбыр Алашанькоу бақылау-өткізу пунктінен өтіп, Душаньцзы ауданының оңтүстігінен аяқталады (Синьцзян - Ұйғыр автономиялық ауданы, Солтүстік-Батыс Қытай). Құбырдың жалпы ұзындығы 2,8 мың шақырымды құрайды. 2017 жылдың 29 наурызындағы жағдай бойынша, Қытай-Қазақстан мұнай құбыры арқылы жеткізілген мұнай көлемі 100 млн тоннадан асқан.
Қарап тұрсаңыз қытайлық компания Қазақстанның "Қашаған" кен орны іске қосылғанға дейін біраз қара алтынды өндіріп тастағаны белгілі. Ал Қашағанның өндірісі енді-енді 2 млн тоннадан асты.