Енді белгілі бір қаладан пәтер сатып алмас бұрын немесе пәтер жалдамай тұрып қай аудан, қай тұрғын үйде немесе қай жерде қылмыстың көп немесе аз болатынын анықтауға болады. Бүгін Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы Бағдат Мусин мен "Колёса, Крыша, Маркет" компаниясының өкілдері "Интерактивті қылмыстық карта" жобасын таныстырды.
Яғни алдағы уақыттан бастап Krisha.kz қолданушылары өзіне ұнайтын ауданнан үй сатып алу кезінде немесе пәтер жалдағысы келсе, сол аудандағы қылмыс түрлерінің деңгейі қандай екені жөнінде ақпарат ала алады.
"Қылмыстық құқық бұзушылық картасын тек қана қарапайым азаматтар ғана қолданбайды, ол жергілікті полиция органдарына да арналған. Оларға құқық бұзушылықтарды бақылауға алу үшін қажет. Біз бірінші рет бұл қызметті жарты жыл бойы құқық қорғау органдары қызметкерлеріне таныстырдық. Ендігі кезең азаматтарда. Олар бұл өзгерістерге мотиватор болуы керек. Яғни қандайда бір шаралар қолдану үшін жеке пәтер иелері кооперативтері мен учаскелік полицияға жақын болу қажет. Әрі қызмет тек қылмыс деңгейін қарауға ғана арналмаған. Меніңше, уақыт өте келе адамдар картадағы қызыл жасыл түстерге үйрене бастаған кезде бұл жылжымайтын мүлік бағасына да әсер етеді. Мен бізде Open data-ның жұмыс істегенін қалаймын. Біз сандардың тек желіде тұра бермей, барлығы азаматтарға қолжетімді болуы үшін мұндай ақпараттың құндылығын арттырғымыз келеді", - деді Бағдат Мусин.
Ал Krisha.kz сайтының жобалар жетекшісі Александр Нагорный көптеген елдерде бизнес пен мемлекеттің бірлесіп жасаған жобалары сирек кездесетінін айта келіп, мемлекеттік органмен бірігіп жасалған "Интерактивті қылмыстық карта" жобасының тиімділігін атап өтті.
"Біз жылжымайтын мүлікті алған уақытта немесе жалдаған кезде дұрыс шешім қабылдануын қамтамасыз еткіміз келеді. Алдағы уақытта Бас Прокуратураның бастамасымен болған жоба арқылы Krisha.kz сайтының пайдаланушылары аудандардағы жағдайдың қаншалықты тыныш екенін және қандай қауіпсіздік шаралары қажет болатынын біле алады", - деді Александр Нагорный.