ҚР Бас Прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің басшысы Бағдат Мусин өзінің Facebook парақшасында құқық қорғау органдарының желілік жүйесі енді психо, наркодиспансерлердің базасына қосыла алатын болды деп хабарлады.
«Енді еліміздің барлық тергеушілері арнайы дерек қажет болған жағдайда психо, наркодиспансерлерге өтінім жолдап, қағаз жүзінде ақпарат алып, уақыт жоғалтпайды. Жұмыс орнында отырып-ақ, компьютері арқылы деректер базасынан керекті мәліметіне қол жеткізе алады», - деп жазды комитет басшысы.
Өткен жылы азаматтар жөнінде осындай мекемелерден анықтама алуды қажет ететін 120 мың жағдай тіркелген. Енді жаңа жүйе құқық қорғау органы қызметкерлерінің жоғарыда аталған мекемелерге осынша рет барып-келуін қысқартады. Психо, наркодиспансерлерде кейде анықтама бірден дайын болмайды. Мұндайда оны алу үшін екінші, не үшінші рет баруға тура келетін. Енді бұл уақытта тергеуші басқа маңызды жұмыстармен айналыса алады.
Бағдат Мусин арнайы есеп орталығына барып келу шығыны мен оған жұмсалатын уақытқа дейін есептеп жазған. Сонымен, комитет басшысының мәліметінше, әр анықтама үшін мемлекет шамамен, 3 мың 262 теңге жұмсайды десек, бұл бюджетке жылына 400 млн теңге шығын алып келеді. Дәл осылай өткен жылы орын алған 120 мың істің қағазын алуға әрқайсысына 2 сағат көлемінде уақыт жұмсалса, бүгінгі жаңа жүйе 240 мың сағатты үнемдеуге көмектесетін көрінеді.
Ал енді бұл жүйе тек тергеушілер үшін ғана емес, жеке тұлғалар үшін де енгізілсе құба құп болар еді. Себебі қазіргі кезде жұмысқа тұру кезінде азаматтардың көпшілігі психо және наркодиспансерден анықтама алу үшін бірнеше сағат кезекте тұруына тура келеді.