Өмірзақ Шөкеевтің Астана қаласына әкім болған кезі екен. Елордасы Арқаға көшіп барғанына көп уақыт болмаған. Мемлекеттік тіл, қазақ тілі қала басшысын да қатты ойландырған мәселелердің бірі болса керек. Содан бір күні әкім ел ағасы, абыз ақсақал Мырзатай Жолдасбековты құрметтеп шақырып, ақылдасыпты. Ондағысы – «Қалалық тілдерді дамыту басқармасына кімді басшы қойсақ болады» деген мәселе екен. Сонда, Мырзекең ойланбастан, «Оразкүл Асанғазы» депті.
Өйткені, оның Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары болып жүрген кезіндегі ілкімді істерін білетін еді. Оразкүлмен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары кезінде жақсы таныс Шөкеев:
– Ол кісі қатты кетіп қалмай ма, – депті желкесін қасып.
– Жоқ, ол әр істің ығын біледі, Сарыарқада лайықты бастамаларды қолға алып жатыр, көріп жүрміз, көзіміз жетіп жүр, – дейді Мырзекең.
Содан, Өмкең Оразкүлді шақырып алып, Қалалық тілдерді дамыту басқармасына басшы етіп қояды. Шыны керек, Орекең де ол жерге қуана-қуана барады. Себебі, аудан әкімінің орынбасары болып жүргенде, істеп тасауға болатын көп нәрселерге құзіреті жетпей, іштен тынатын. Ал, Тілдерді дамыту басқармасына жетекші болу – сол ойға алған шаруалардың біразының басын қайыруға берілген мүмкіндік. Жасырары жоқ, тіл басқармасының онша бір батыл болмауынан да, бірталай істер ақсап жатқан. Соның бірі мынау еді.
Ол тұста, президент Н.Назарбаев қала активімен жыл сайын екі рет кездесу өткізіп тұратын. Өзекті мәселелер көтерілетін. Екінші жылғы кездесуде Елбасы мынаны айтады: «мен Сарыарқаның төсіне Астананы көшірген кезде, Қазақстан мемлекетінің астанасын құрамын деп едім, мынау не деген сұмдық. "Синема сити", "Сити маркет", "Еуропа палас", "Конгресс-Холл" деген атауларды қалай түсінеміз» деп, бәрін атап көрсетіпті. Солай, қаладағы басқа тілді, өгей атауларға көңіл толмастығын, жас Астана қазақы болса деген ниетін білдіріпті.
Ал, осыны, әншейінде аузын ашпайтын орыс тілді БАҚ жарыса жазады. «По Астане как по Бродвею» деген мақала да жарық көреді. Мақаланы көрген Оразкүл іздегені алдынан табылғандай қуанады. Газетті алып, Қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Қонысбай Әбілге, Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеджановқа барады. «Мынандай дүние шығып жатыр, оның үстіне Елбасы бәрін қолмен қойғандай айтып кетті, енді олардың атын ауыстырмай қарап отыра береміз бе» дейді құлшынып.
Барған кісілері онша құлық танытпаса керек. Айтарға болмаса оңай шаруа емес. Әлгі нысандардың басшыларын шақыру керек, оларды үгіттеп, бұрын қойған аттарын қазақшалауға көндіру керек дегендей. Өзі үміт күтіп барған кісілер ыңғай бермеген соң, Оразкүл амалсыз қалады. Бірақ, әлгі газеттің бірнеше данасын папкаға салып, осы істі жүзеге асыратын бір орайды күтеді. Әрі сол орайдың келеріне іштей сенеді. Басшылыққа осыны түсінетін адам келсе екен деп тілейді.
Құдай тілеуіңді бергір деп бекер айтылмайды ғой. Ниеті де тілегі де таза Оразкүл 2006 жылы Тілдерді дамыту басқармасына өзі басшы болып барады. Басқа біреу емес, өзі бастық. Басқармаға келе баяғы папкіні ашып, газетті алып шыққан Орекең, енді әлгі аты «біртүрлі» нысандардың басшыларын шетінен кабинетіне шақырады. Бірақ, олар да оңай адамдар емес. Жай бір басқарма басшысының құқайына көнгісі жоқ. Әсіресе, Астананың мықты бизнесмені, «Еуропа палас» мейрамханасының иесі Ерсайын Манаевты айтыңыз. Басқалар Оразкүлге «ол кісі сенің шақырғаныңа келмейді» деді. Алайда, Ерекең де қазақтың аңғарлы азаматтарының бірі ғой, келіпті. Ел жиналып болған соң Орекең оларға газетті оқытады. Сосын, өзі де біраз «дәріс» оқиды. «Міне, Президенттің не айтқанын, газетте не жазылғанын көрдіңіздер. Енді, соның бәрін көріп, біліп тұрып отырамыз ба. Жарнама деген ұлттың жадын қалыптастырады. Егер, бұл жазулардың ешкімге әсері болмаса, сіздер де мол ақша бөліп жаздырмас едіңіздер ғой. Жарқыраған жазудан адамның санасы қалыптасады, жан-дүниеге, рухани болмысқа да әсер етеді. Ал, енді неғыламыз?» дейді көпке сауал тастап. Сонда, жатқан жері жайлы болғыр Ерсайын Манаев екі сөзге келмей «Болды Ореке, айтқаныңызды түсіндік, ауыстырамыз қазақшаға» депті.
Ол кезде «Рахат палас» мейрамханасы Астанадағы ең беделді, айшықты, шетелдік қонақтарды ұялмай қабылдайтын ресторанның бірі болатын. Әлгілердің арасында қыңырайғандар да табылыпты. «Синема сити», «Сити маркет»-тің иелері «біз көп уақыттан бері имидж қалыптастырып қойып едік. Жазуға біраз ақшамыз кетіп еді» деп бұлталақтаса керек. Сонда Оразкүл «тәуелсіздік деген нәрсеге баға жетпейді. Сенің жарнамаға бөлген бес-алты мың долларың тәуелсіздіктің жанында неге тұрады. Қала Целиноград болып тұрса әңгіме басқа еді, ал қазір жаңа, егемен елдің астанасы болып жақтан қаланы неге тәуелсіздік айшығымен жайнатпаймыз?! Сенің әлгі бес мың долларың түк те емес. Егер, Елбасы астананы осында көшіріп әкелмесе, сен қайдан бизнес жасар едің. Бүгін тіл үшін шығарған шығының ертең неше есе болып қайтады, ауыстырасың» дейді. Олар да лайлаға көніп, сөзге жығылып, «мақұл» болады. Ол кезде жаңағы аталған нысандар Астанадағы ең беделді, алыс-жақыннан келген қонақ бір соқпай кетпейтін орындар еді. Ондай жерде қазақша атаудың болуы үлкен жетістік, идеологияның бір құрлы екені мәлім. Сонымен, әлгі нысандардың бәрі қазақша атау алып, «Еуропа палас» – «Ақсұңқар», «Синема Сити» – «Самұрық», «Сити Маркет» – «Қазына» болып өзгертіледі. Тек, Конгресс-Холлды ауыстыруға қала басшылығы көнбейді. Ол ортақ атау, қала берсін дейді. Оразкүл болса оны «Сарыарқа» деп атап, алдына Құрмаңғазының ескерткішін қоймақ еді. Бірақ, ол ойы жүзеге аспайды. Алайда, Конгресс-Холлдың аты бәрібір кейін ауысты. Қазір ол «Астана» концерт залы.
Жаңағы нысандар өзгертілген соң, Орекеңнің ісі алға жылжи бастайды. қазақша атаулы нысандарды суретке түсіріп алып, басқа «біртүрлі» атаудағы нысан иелерін шақырады. «Мыналар ауысты, енді не істейсіңдер. Елбасы осындағы мыңдаған дәмхана, ресторан, қонақүйдің бәрін тізіп айтпайды ғой. Білген адамға осыдан артық не керек, ауыстырыңдар атауын» дейді. Расында, өзінен жерігендік пе, әйтеуір барлық жерде орысша, ағылшынша, түрікше, италиянша т.б ат көп. Бәрі басқа біреудің тілімен ат қойғысы келеді. Тек, қазақшаға жоламайды. Оразкүл Асанғазы алдына бір үлкен глобус қойып алған. Келген кісілерге соны бір айналдырып көрсетеді. «Міне, мынау Жершары. Осының ішінде Қазақстанның жері нешінші орында. Иә, тоғызыншы. Енді, саған осынша жер қалдырған бабаң жаман ба, оның тілі керексіз бе. Әлемдегі екі жүз мемлекеттің алдыңғы ондығында тұр. Ал, қазақ тілі байлығы жағынан көш бастайды. Сондай, батыр бабаңнан, оның тілінен қашқаның дұрыс па» деп, қамшылайды, қайрайды, намысын, ұятын оятады.
Сонымен не керек, әлгі бір орайды мықты ұстаған Оразкүл ары қарай жас Астанадағы 700 нысанның атын қазақшалайды. Әр күні белгілі уақыт шығарып, он шақты адамнан шақырып алып, глобусын зырылдата отырып, «дәрісін» оқыған. Обалы не керек, Орекеңнің дәрісін тыңдап шыққандардың оғаш мінез көрсеткені болмапты. Бәрі, бас шұлғи шығып, ат ауыстыруға білек сыбана кірісіпті. Инемен құдық қазғандай, қажымай қызмет еткен Оразкүл ондайларды күн сайын шақырып, күн сайын үгіттепті де отырыпты.
Ел астанасындағы «бөгде атаулы» нысандар ғана емес, ескі атаулы көшелер де жаңа атқа ие болды. Негізі, бұл да алғаш Елбасы астананы ауыстырарда көтерілген мәселе екен. Астана Сарыарқаға көшпей тұрып, Целиноградты аралаған президент Н. Назарбаев «мына көшелердің аты бұрыннан қалған атаулар ғой, бұлай болмайды, ауыстыру керек» депті. Сол тебінмен, алғаш көшіп келгенде 27 көшенің аты жаңаланыпты. Бірақ, кейін бұл үрдіс аяқсыз қалған. 2006 жылы Қалалық тілдерді дамыту басқармасына барған соң, Оразкүлдің тағы бір жұмысы осы көше атын ауыстыру болыпты. Барлық ескілі-жаңалы, енді салынатын көшелерді тізімдеп, түгендеп, соларға жаңа атау беруге кіріседі. Кейін бұл іске қалаға жаңадан әкім болып келген Асқар Мәмин, оның орынбасары Ермек Аманшаев дем береді. Е.Аманшаев қалалық ономостикалық комиссияның құрамын өзгертуді айтады. Сонымен, комиссияны жаңалап, оған Нұрғожа Ораз, Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Мырзатай Серғалиев, Фариза Оңғарсынова, Шерхан Мұртаза, Рымғали Нұрғали, Ақселеу Сейдімбек тағы басқа қоғам және мемлекет қайраткерлері мен ғалым, ақын-жазушыларды алады. Ол кісілермен ақылдасады. Президенттің «Тарих толқынында» атты кітабында қазақ тарихын, кезеңдерін он екі дәуірге бөлген. Сондағы әр дәуірден лайықты тарихаи тұлғалардың аттарын алады.
Дәл сол кезде, «Ана тілі» газетіне Елбасының сұхбаты шығады. Онда Президент «қазақ жер-суға, қонысқа ат қоюға өте шебер болған. Неге біз адамдардың атын қоюға құмармыз. Көшеге және басқа нысандарға неге жер-судың атын қоймаймыз» деген ойын білдіреді. Содан, Оразкүл бастаған комиссия Астананың кейінгі жаңа көшелеріне қазақтың ұлы даласындағы танымал, әйгілі жерлердің атын қояды. Осылай ел астанасын тәуелсіз рухпен жаңғыртуға үлкен жұмыс атқарылады. Қарап отырсақ, 1997-2007 аралығындағы он жылда, 570 көше, қайта қаралып, жаңа ат алыпты. Бұл үрдіс әлі де жалғасын таба бермек...
Бүгінде Елордаға бара қалып, қазақша атаумен айшықталып тұрған әдемі үй-жай, мәдени, көңіл ашу нысандарын, қазақша атаулы көшелерді көрсеңіз, есіңізге орайды мықты игергіш Оразкүлді, қазақтың қайсар қызын, қайтпас қайраткерін есіңізге бір алып, құрмет сезімін білдіріп қойыңыз.
«The Qazaq Times»
Оразкүл Асанғазы туралы жазылған эссе-диалог кітабынан үзінді