Семей қаласында жаңадан құрылған Қарағайлы ықшамаудандағы басты даңғылға экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев есімі беріледі. Бұл туралы жұма күні Semey News және ҚазАқпарат хабарлады.

Жергілікті тілшілердің мәіметінше, 19 наурызда қала әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтіп, «талқы» соңында Қарағайлы ауданындағы жаңа даңғылға Назарбаевтың есімін беруге бірауыздан келіскен. Енді түпкілікті шешімді Республикалық ономастикалық комиссия шығарады.

«Болашақта мұз айдыны кешенін, білім және технологиялар трансфері мектебін ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Серуендеу аумақтары, қоғамдық тамақтану орындары, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары салынбақ. Бұдан бөлек, көшелерді жарықтандыру, орындықтар, қоқыс жәшіктерін және шағын сәулет нысандарын орнату қарастырылған», – деді әкім.

Semey News-дің жазуынша, бұрын жаңа даңғылдың атауы болмаған. Көшенің ені – 40 метр, ұзындығы – 950 метр, ал ғимараттарды есептегенде ұзындығы екі шақырымнан асады. Көше Семей-Павлодар автожолынан басталады, оның бойында Назарбаев зияткерлік мектебі, мәдени-спорт кешені, көп қабатты тұрғын үйлер, балабақша орналасқан.

Осы аптада жаңа ықшам аудандағы «Абай Арена» спорт кешені мен көшеге бірінші президенттің атын беру туралы бастама көтеріліп, қоғамда қызу талқыланған. Әлеуметтік желі қолданушыларының көпшілігі «жағыну мәні басым» деп, қатты сынаған. Десе де кейбір мемлекеттік қызметкерлер, түр-түсі белгісіз аккаунт қолданушылары мен зиялылар мұның «жеке басқа табыну еместігін», керісінше «еленеген еңбек» деп санайды. Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай 18 наурызда экс-президент өзі бұл ұсынысқа қарсы екенін айтқан.

Тәуелсіздіктің кейінгі жиырма жылында отандық ономастика аясында тілдік нысандардың барлық категориясын қамтитын ондаған нұронимдер жүйесі қалыптасып үлгерген. Назарбаев атындағы сыйлықтан бастап астана атауына дейінгінің бәрін табуға болады: көше, даңғыл, тау шыңы, ескеткіш, мектеп, университет, саябақ, мемлекеттік бағдарламалар т.б.

“The Qazaq Times”