Қазақстанның 5 млрд кубметр газы Қытайға экспортталатын болды. "ҚазМұнайГаз" бен қытайлық CNPC компаниясы жетекшілерінің арасында қазақстандық газды сату және сатып алу бойынша келісім жасалды.
Екі тарап 2017-2018 жылдары аралығында газ жеткізу мүмкіндіктерін талқылады және өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Құжатта жеткізілетін газ көлемі, өнімнің сапасы мен бағасы нақтыланған. Қытай тарапы газды "Қорғас" шекара маңында қабылдап алады.
"Қазақстан газын тасымалдау, сондай-ақ табиғи газ экспортының ұлғаюы, транзиттік және экспорттық бағыттарды әртараптандыру - Президент тарапынан болған стратегиялық маңызды тапсырма. Қытайға қазақстандық газды жеткізу келісімі экспор жүйесін құру жұмыстарын реттеді."Бейнеу-Бозой-Шымкент" газ құбырының құрылысы аяқталды, "Қазақстан-Қытай" магистральдық газ құбырының үшінші бөлігі пайдалануға берілді", - деді "ҚазТрансГаз" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Шәріпбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Қытай үшін ядролық отын өндіретіні хабарланған еді. Бірінші кезеңде француздық Areva компаниясының құралдарын пайдалана отырып, жылына 200 тонна отын өндірілмек.
Қазақстан ең ірі уран өндіруші мемлекет болғандықтан, шикізатты өндіру Қытай мен Қазақстанның бірлескен кәсіпорындары арқылы 2019 жылға қарай жүзеге асырылады. Бұл туралы Рейтер агенттігі хабарлап отыр. Қазіргі таңда Үлбі-ФА бірлескен кәсіпорны Қазақстанда уранды өңдейтін зауыт салып жатыр.