Алматыдағы автопарктер қоғамдық көлік жұмысын реттеу үшін жергілікті биліктен субсидия бөлуін талап етіп отыр. Тасымалдаушылардың айтуынша, ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 124-4 бабының 6 тармағына сәйкес, егер бекітілген тариф жолаушылар тасымалына кеткен шығындарды жаппайтын болса жергілікті атқарушы органдар субсидия төлеу керек екен. Мұндай мәліметті Tengrinews.kz сайты келтіріп отыр.
"Біз субсидиялауды талап етеміз. Бұл заң талабы. Бұл үкіметте бекітілген норма... Әлеуметтік маңызы бар маршруттарға мемлекет тарифті өзіндік құнынан төмен белгілейді. Біз мұны білеміз. Девальвация болғанға дейін кейбір маршруттардағы тарифтер шығынды жабатын, ал қазір ондай жоқ. Бұрын автобустар 15 млн теңге тұратын, ал қазіргі бағасы 30 млн теңге", - дейді "Алматы қалалық жолаушыларды тасымалдау кәсіпорындарының қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Сәбит Аманбаев.
Аманбаевтың мәліметінше, Алматы әкімдігі жанындағы комиссия тасымалдаушылардың автобустардағы жолақының өзіндік құны 149 теңге болатын есебін тексерген. Алайда осыған қарамастан билік тарапынан автопарктердің шығынын жабуға ешбір амал қарастырылмай отыр.
"Тарифтік комиссия біздің "өнім" 149 теңге болатынын есептеді. Бірақ ешбір әрекет жасамай отыр. Егер тариф көтерілсе қызмет көрсету мәдениеті, қозғалыс кестесі жақсарар еді. Бірақ бізге әр транзакция үшін 72 теңге төлейді. Біз тарифтің көтерілгенін сұрап отырған жоқпыз! Ол әкімдіктің құзырында. Олар бағаны түсірсе де, көтерсе де, тегін жасаса да өздері біледі. Бірақ жолақының өзіндік құны - 149 теңге. Ал субсидия беру - әлемдік тәжірибе. Егер мұны істемесе, кәсіпкерлер ауадан ақша жасамайды ғой. Содан кейін үнемдейміз, лайықты жалақы төленбейді, бөлшектер сатып алынбайды, резиналар ауыстырылмайды, қыс мезгіліне де дұрыс дайын болмайды", - деді Аманбаев.
Сондай-ақ, ол ай сайын тасымалдаушылар арасында 1,4 млрд теңгеге жуық қаржы тапшылығы болатынын айтады. Тіпті қазіргі уақытта тасымалдаушылардың кредиторлар алдында 103 млрд теңге қарызы бар екен.
Айта кетейік, Алматы қаласының 2017 жылға арналған бюджеті 48,9 млрд теңге болып бекітілгені және оның 11,5 млрд теңгесі сервистік қызмет көрсететін ыңғайлы әрі жаңа 297 автобустар мен көлік тұрағының барынша тиімді жұмыс істеуі үшін 40 эвакуатор сатып алуға жұмсалатыны туралы хабарланған болатын.