Қорқыт бабамның қобызы тектес ыспалы аспап әлем халықтардың көбінде кездеседі. Жасалу тәсілдері әр түрлі, түр-тұрпаты бөлек, мойны, шанағы алуан ол аспаптардың бір-біріне жақындығы ойналу әдісінде. Музыкант ішектің үн шығару үшін міндетті түрде ысқыш пайдаланады. Осындай аспаптың ең көне бір түрі моңғол халқында моринхура деп аталады. Моңғол елінде мынадай аңыз бар:

«Бір малшының Дамдин деген ұлы болыпты. Ержеткен соң әкесі оған қолөнердің бір түрін үйреніп кел деп тапсырма береді. Ұлы оралған соң әкесі: «Қанеки, үйренгеніңді айтып берші», - депті. Дамдин қуанышты көңілмен: «Әке,мен моринхурада күй тартуды үйрендім» , - депті. Сонда малшы әке қатты кейіп: «Өзгенің ұлы мал бағуды үйренді, ал сен болсаң...апыр-ау,сенің ол үйренгеніңнен қандай пайда бар?», - деп қатты ашуланыпты. Дамдин әкесіне: «Әкетай,кім де кім менің күйімді тыңдаса, соған өмір сүру жеңіл болады және оның жүрегі жұмсарады» деп басу айтып көреді. Бірақ, әкесі оның сөзін түсінбейді,түсінгісі келмейді де. Амалы құрыған Дамдин үйін тастап кетуге мәжбүр болады. Жүре-жүре үлкен теңіздің жағасына келіп, үлкен тастың үстіне отырып, моринхурасын тартады. Кенет теңіз ортасынан ақ көйлек киген ару шығып, бұған сүйрік саусақты аппақ алақанын созып: «Сәлемет пе, Дамдин?! Саған мені әкем жіберді,оған сенің күйлерің керемет ұнады. Ал, енді көзіңді жұм»...Аздан кейін Дамдин көзін ашқанда алдында тұрған жақұт сарайды көреді. Ал аулада жасыл кілемнің үстінде Теңіз ханы отырады. Дамдин моринхурасын үш күн бойы талмай тартады. Одан кейін үйіне жіберуді өтінеді. Бірақ хан оның кеткенін қаламайды. Үй-ішін сағынған Дамдин мұңлы, зарлы күй тарта бастайды. Осы сәтте хан қызының нәзік үнін құлағы шалып қалады: «Қорықпа, мен саған көмектесем. Жер үстінде қал. Менің сүйікті жарым бол», - дейді де қыз Дамдинді құрлыққа шығарып, қимастық көңілмен жылап жібереді.

Екеуі айдаладағы құдық қасына киіз үй тігіп, сол жерде өмір сүріп жатады. Барлық жерде де Дамдин қадірменді қонақ болып жүреді.Қуанышта да,қайғыда да оның музыкасы айналасындағы елге дәрмен-қуат береді. Бірақ бұл қуанышты өмір ұзаққа созылмайды.Күндердің күнінде құрлық ханы дала кезіп, өз нөкерлерімен бірге аң аулап жүреді де Дамдиннің киіз үйіне кезігеді. Оның әйелін көріп, тартып алуды көздейді. Дамдинге бірнеше қатерлі сынақ ойлап табады. Ең соңғысы тіпті қауіпті еді. «Сен енді көл суы қайнайтындай жаса, болмаса әйеліңді тартып аламын», - дейді хан. Дамдин бар жайды әйеліне жеткізеді. Әйелі: «Ажал жетпей өлме, қайғы келмей мұңайма», - деп жұбату айтып, екеуі теңіз жағасына келеді. Дамдин күні-түні моринхурасын үздіксіз тартады. Қыз: «Әке, сен су атаулының құдіретісің. Бүгін көл суын қайнатшы. Қайнақ су менің күйеуімді күйдірмейтіндей болсын», - деп, өтініш жасайды. «Моринхурада ойнайтын адамға көмек көрсетпей бола ма?» - деп, ол Дамдинге екі түрлі шақпақ тас береді.

Күйші жігіт көлге жақындайды. Көл маңында құрлық ханы және оның нөкерлері күтіп тұрған еді. Дамдин көлге білдіртпей ақ шақпақ тасты сүңгітіп жібереді. Аздан соң көлдің суы бұрқылдап қанай бастайды. Мұны көрген хан жеңіліп бара жатқанын сезіп: «Сен, жігіт, енді көлдің ар жағына жүзіп өт! Аман өтсең, әйелің өзіңде қалады, мен саған мың жылқы сыйға тартамын!», - деп айғай салады. Дамдин енді байқатпай қара шақпақ тасты бақайларының арасына қыстырып,суға сүңги жөнеледі. Арғы жағаға жеткеннен кейін кері жүзіп өтеді.Тәні сап-сау. Сонда хан: «Бұл – қайыршы күйші, ал мен болсам құдіретті күш иесімін. Ендеше, мен неге оның істегенін істей алмаймын!», - деп ойлайды. Ойлайды да барлық нөкерлеріне аттарын тастап, өзімен бірге көлге түсуге әмір етеді. Көл жағасынан оншақты адым алыстамай жатып, әлгінің бәрі пісіп өледі. Дамдинге хан және оның нөкерлерінің бар жылқысы жасау-жабдығымен қалады. Бәрін үйіне айдап әкеліп, содан бері әйелі екеуі бақытты өмір сүріпті. Бүгінге дейін күн сайын Дамдин күйші өзінің моринхурасымен ауылдастарының құлақ құрышын қандырып келеді екен». (А.Хаменко. «Волшебные инструменты» 12-откыртка. «Планета». 1989).

Біз моринхура туралы осы аңызбен тоқтала тұралық та дүниежүзіне әйгілі болған, үні нәзік, дыбыс қуаты күшті скрипка аспабы туралы да әңгімелеп өтсек дейміз. Өйткені, ыспалы аспаптардың арғы тегі бір болғанымен, бұлардың ішінде сан рет жетілдіруден, жаңғыртудан, жаңартудан өткен, соның нәтижесінде халықаралық музыка әлеміне өте кең тараған түрінің бірі – скрипка екені даусыз. Оның үстіне өзінің 3 ғасырлық  тарихында Страдивари жасаған скрипка қаншама рет зерттеулерден, тексеуден өтті десеңізші! Физиктер де, математиктер де, музыкатанушылар да, өнер зерттеушілер де, аспап жасаушы шеберлер де неше мәрте сынаққа салып, сан рет саралап, салмақтап көрді. Соның өзінде Страдивари құпиясы толық ашылмай келеді.

Егер біз әлемдік атағы бар шеберлер өміріне үңілсек, мынадай қызықты фактілерді кездестіреміз. Мысалы, Аматидің атасы Андрие Амати жеті жасынан бастап аспап жасаушы шеберге шәкірт болған, он бір жасында өздігінен скрипка жасаған. Ал Антонио Страдивари Николо Аматиға он екі жасында шәкірт бола бастағанда он үш жасында алғашқы скрипкасын дүниеге келтірген. Содан бастап өмірінің соңы – тоқсан үш жасқа дейін скрипка жасаумен айналысқан. Өмір бойы скрипканың әрбір сантиметрінің дыбысын күшейтумен, тембрін жаңғыртумен айналысқан, әрбір бөлшегін зерттеп, жақсартуға күш салған. Бүкіл өмірінде мың жарымға жуық аспап жасап кеткен.

Италияның Кремон қаласында ХVI ғасырдың аяқ шенінде қалыптасқан скрипка жасаушылар мектебінің майталман қас шеберлері – Амати, Гварнери, Страдиварилар жасаған аспаптардың дүниежүзіне әйгілі болуының бір сыры, біздің ойымызша, қысы-жазы бір жерді мекен еткен мектептің дәстүр сабақтастығының үзілмеуінде, бір тәжірибені бастаған ұстаз оны өз шәкіртіне ұластырып отыруында, шәкіртінің сол істі жалғастырып әкетуінде болса керек.

Әрине, бұл үшеуіне дейін де шеберлер болған ғой. Скрипка, мысалы, XV ғасырдың аяғында пайда бола бастапты. Ал оған дейін виол деп аталатын үлкенді-кішілі аспаптар болған. Олар көлемдеріне қарай дискант, альт, тенор, бас, контробас деп дараланған. Бұл аспаптарды тізенің үстіне қойып немесе қос тізеге қысып отырып тартқан. Көрдіңіз бе, скрипка өмірге кенеттен пайда болмапты. Оның атасы виол екен. Әлбетте, виолға дейінде ыспалы аспаптардың бірнеше түрі, яғни орта ғасырларда музыканттар сүйіп ойнаған кротт, фидель, ребен, ыспалы лира өмір сүргендігін айтпасқа болмайды. Бұлардың ойналу әдістері бізді өзіміздің қобызымызға жетелейді. Орта ғасырлық Еуропада кең таралған жаңағы ыспалы аспаптардың көбінің ішектері екеу емес, бірнешеу болған. Егер біз ішек санының бірден екіге, екіден төртке, төрттен алтыға көбеюін де өсу, даму, жетілу сатысы деп түсінсек, онда біздің қос ішекті қобыз уақыт жағынан еуропалық ыспалардан гөрі тым арғы замандарда дүниеге келген болып шығады. Соның өзінде баяғы қалпын бүгінге дейін сақтап келгендігін ерекше айтып өтуге болады.

Дегенмен, қобыз сол қалпында қалып қойған жоқ. Ішек саны үшке, одан соң төртке көбейтіліп, шанақтың мойын жағындағы дөңгелек қобыз беті ағашпен, төменгі жағы терімен қапталды. Ысқыш жетілдірілді. Ішек орамалы сымнан тартылды. Бұл қобыздарды дүниеге әкелген Қ.Қасымов, Э.Романенколар болды.

Жылдар өте келе қобыз одан әрі жетілдірілді.Оның мойны сол қалпында қалдырылды да, шанағы виолдың шанағына жақындастырылды. Яғни қобызы жазықтау жасалып, беті тұтас ағашпен жабылды. Бірақ ойналу тәсілі өзгерген жоқ. Бұрынғыдай музыканттар шанақты тізесінің үстіне қойып немесе қысып алып, тырнақтың сыртымен ішектің бойын қуалап, дыбыс теру арқылы ойнайды. Бұл жаңа қобыздың өмірге келуіне тікелей атсалысқан - әйгілі педагог, шебер Досымжан Тезекбаев. Қобыздың осы түрі кең тараған сайын: «Бұрынғы ұлттық бояуын жоғалтып алды, скрипкаға айналып кетті», - деген ренішті пікірлер ара-тұра естіліп жүрді. Өз ұлтын сүйген, оның дәстүрін, өнерін қадірлеген жандардың пікіріне құлақ аса отырып, мынадай ой айтқың келеді. Мәдениеті дамыған  Еуропа елдерінде ыспалы аспап виол скрипканың дүниеге келуіне себепкер болды. Бірақ олар виолды жоғалтпады. Сол бастапқы қалпын сақтап, қайта жаңғыртып отырды. Жаңаша қалыппен өмірге келген аспаптарды қуана құптап, оның жетіле түсуіне күш салды. Және ол жаңа аспаптарға жаңаша ат беріп, айдар тақты. Біз де солай етсек, еш ұтылмаспыз деп ойлаймын. Қазірде музыкалық өмірімізде пайдаланып жүрген бірнеше қобыз түрі бар. Олардың бірінен-бірінің ерекшелігі ең әуелі тұлғасында, құрылымында, құрылысында, бөлшектердің орналасуында. Соған байланысты жаңа қобызды ескі қобыздан ажырату үшін көне қобыз «қылқобыз» деп аталады. Сол сияқты одан кейін пайда болған ыспалы аспап «сымқобыз» деген атпен тарады. Оның ешбір ерсілігі болған жоқ. Ал, соңғы Досымжан Тезекбаев жетілдірген аспапты шеберлер де, музыканттар да үніне бола әзілдеп «зарқобыз» деп жүр. Соңғы жылдары дарынды әнші, музыкант әрі аспап жетілдіруші Мұратбек Жүнісбеков нарқобызды жетілдіруге күш салып, нарқобыздар тобынан ансамбль де құрды. Ол ансамбль республика көлеміне енді-енді таныла бастады. Неге де болса ат қойылып, айдар тағылу қажет қой. Ол атау – тану үшін, таныту үшін, дамыту үшін пайдалы.

Егер бұл атауларға келіссек,ыспалы аспаптардың қобыз тобы былай дараланбақ:

ә ) нарқобыз – бір немесе қос қобылы, ширатылған таспа ішекті, ысқышы да таспадан, көлемі қобыздан үлкен;

б ) қылқобыз – жетілдірілген, шанағы, мойны, басы, құлағы, қобысы ықшамдалған, ішегі мен ысқышы қылдан тартылған (ішегі екеу). Қобылы. Ағаш және тері қақпақты.

В ) сымқобыз – жетілдірілген. Ішегі сымнан үш немесе төрт. Қобылы. Беті тері және ағаштан жабылған.

Г ) зарқобыз – жетілдірілген. Қобысыз. Жалпақ, беті ағаштан. Шанағының тұрпаты виолға ұқсайды.Төрт сым ішекті. Даусы ащы да зарлы.

Бұл аталған ерекшеліктер тек сыртқы сипаты ғана. Әр қобыз дыбыстық бояуымен, оның биіктігімен, ұзақтығымен, ауқымымен дараланады.

Қорыта келгенде айтпағымыз – өзінің эволюциялық даму жолын садақтан және садақ секілді жалғыз ішекті аспаптан (монохордан) бастаған қобыз өзінің Қорқыт заманындағы болмысынан еш айырылмай, қазіргі жаһандану заманында әлем халықтарына өзгеге ұқсамайтын төл дыбысымен рухани азық сыйлап келеді.

Бұған әрине, қобыла қобызды көне замандардан үзбей Қорқытқа жеткізген және Қорқыттан дәстүр сабақтастығын бүгінге жалғастырушы қобыз жасаушылар мен қобыз таратушылардың әр замандағы өкілдерінің еңбегі өлшеусіз. Біз осы сабақтастықтың құпиясын ашуға міндеттіміз.

                                                                                                     Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ.

«The Qazaq Times»