Американың ақапарт құралдары президенттікке үміткер Джо Байденнің жемқорлыққа қатысты деректерін әдейі жарияламай отыр, – дейді АҚШ президенті Дональд Трамп.

Трамптың айтуынша, газет-журнал, сайттар коронавирусқа қатысты мәліметтерді ғана шығарып, Байденнің «былықтарын» жасырып отыр. Сондай-ақ басылымдар АҚШ-тағы індет құрбандарының санын асырған көрінеді. «Өйткені коронавирусқа байланысты өлімдер туралы хабарласа, дәрігерлерге көбірек ақша төлейді», – дейді Дональд Трамп.

Бірнеше апта бұрын  «New York Post» газетінде АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті және биылғы президенттік сайлауға кандидат Джозеф (Джо) Байденнің ұлы Хантер Байден туралы мақала шықты. Материалда Байден және оның ұлына қатысты айыптау хаттары мен басқа да материалдар жарияланды. Қарашада өтетін ірі саяси додаға санаулы күндер қалғанда мәлім болған «құпия хаттардан» кейін Байденнің рейтингіне нұқсан келген.

Хантердің ноутбугы 2019 жылдың сәуірінде Делавэрдегі жөндеу шеберханасында қалдырылған. Ноутбуктегі электрондық хаттарда Демократиялық партиядан АҚШ президенттігіне үміткер Джо Байден 2015 жылы украиналық Burisma компаниясының аға қызметкері Вадим Пожарскиймен кездесу өткізгені жазылған. Бұған дейін Байденнің өзі мұндай байланыстардың ешқашан болмағанын айтқан.

Америкадағы президент сайлауы биыл 3 қарашада өтеді. Қызу додада қос кандидат – қазіргі 45-ші президент Дональд Трамп және демократ Джо Байден бақ сынайды. Республикалық партия өкілі Трамп алдағы сайлаудың нәтижесін тек АҚШ Жоғарғы Соты анықтайды деп болжаған. Ақ үй басшысы соңғы кездері демократтар пандемияға байланысты алдағы сайлауда кеңінен қолдануды ұсынатын пошта арқылы дауыс беру әдісін бірнеше рет сынға алған. Трамп сонымен бірге пошта арқылы дауыс беру кезінде басқа мемлекеттердің қатысу қаупі жоғары дейді.

"The Qazaq Times"