Израильде мыңдаған адам премьер-министр Беньямин Нетаньяхудың саясатына қарсы ереуілге шықты.

Наразы жұрт премьер-министр резиденциясының алдында жиналып, саясаткердің отставкаға кетуін талап етті. Олар билікті коронавирус індетіне қарсы дер кезінде тиісті шара қолданбады деп айыптап жатыр. Наразыларды тәртіп сақшылары таратпақ болды.

Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты ұйымдастырылған наразылық акция бірнеше апта бұрын басталған еді. Енгізілген жаңа ережеге сәйкес тұрғындар өз үйлерінен 1 мың метр жерден артық алыстамауы тиіс. Жалпы бүгінде қауіпті індеттің ілмегіне іліккендердің қатары 190 мыңнан көп. Мыңнан астамы дерттен айыға алмай көз жұмды.

Әлемде Covid-19 коронавирусы 31 миллионға жуық адамға жұқты. Қайтыс болғандар 960 мыңға жетті. 21 миллион адам аурудан жазылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты «пандемия» деп жариялаған.

"The Qazaq Times"