Қазақстанның қазіргі президенті Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің коронавирус жұқтырғанын хабарлады.

Ол Facebook желісіндегі жеке парақшасында 5 маусымда тапсырған тестінен вирус табылғанын, ауруханада емделіп жатқанын жазды. Жазба соңына желі қолданушылары 1,5 мыңдай пікір қалдырып, 200-ге жуық мәрте бөліскен. Көбіне «сауығып кетуіне» тілек білдірген.

«Қазір ауруханада, дәрігерлердің қарауында жатырмын. Жағдайым бір қалыпты. Аса алаңдайтындай емес» деп жазды.

Сондай-ақ хатшы Уәли бастығы Тоқаевтың денсаулығы жөнінде де сөз еткен.

«Басын ашып айтатын мәселе, Президент белгіленген кестеге сәйкес жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысының денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы үнемі тест тапсырып, қорытындысын алып отыр», – деген шенеунік Ақордада санитарлық режим күшейтіліп, қауіпсіздік шаралары қатайтылғанын да хабарлады.

43 жастағы Берік Уәли 2019 жылдың наурызынан бері әуелі тағайындалып, кейіннен сайланған Тоқаевтың баспасөз хатшысы әрі билік партиясы Нұр Отанның «ең жүзі жылы» мүшесі.

– Осы індет басталғалы барлығымыз дабыл қағып, сақтануға, дертті жұқтырмаудың жолдарын қарастыруға шақырып келеміз. Бірақ пандемияға сенбейтін, ауруды жоқ деушілер азаймай тұр. Ондайда «Ауырған адамды көрсетіңдерші», «Менің танысымның бірде-бірі ауырған жоқ. Сонда онымен кім ауырып жатыр?», «Ауырған адамдардың аттарын неге атамайды?» деген сияқты пікірлерді жиі еститінбіз. Міне, мен дерт жұқтырдым, оны жасырмай жариялап отырмын. Мұндағы мақсат алаңсыз жүрген азаматтар ойлансын, сенбей жүрген кісілердің көзі жетсін дегенім. Ауру бар. Оны жұқтырушылардың саны күн сайын артып жатыр. Қанша жерден сақтық шараларын қатаң сақтап жүрсек те, біз де жұқтырдық. Енді емделу керек, – дейді Уәли сенбейтіндердің көзін жеткізгісі келіп.

Бұған дейін әлемнің дамыған, өркениетті елдерінде бірінші басшылар мен жоғары лауазымдағы шенеуніктердің коронавирус жұқтырғаны хабарланған. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі мен бас мемлекеттік санитардың карантин кезінде медиа және БАҚ қызметін шектеу шешімінен соң, елде ақпарат жетіспеушілігі туып, оның орнын күмән мен жалған мәлімет толтырып, вирустың барына сенбейтіндер көбейген.

"The Qazaq Times"