Бүгінде әлемдік БАҚ беттерінде жаһанды жайлаған пандемияның салдарынан әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсеткішінің артқаны айтылуда. Мамандардың сөзінше, мекемелер мен кәсіпорындар жұмысының тоқтауы, мектептер мен балабақшалардың жабылып, карантин енгізілуі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбеюіне, күйзеліске және отбасылық жанжалдың тууына себеп болып отыр. Көпшіліктің пікірінше, үкімет қабылдаған шаралар вирустың таралуына жол бермегенімен, әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылықты ушықтырып отыр. Осы орайда "Карантин уақытында отбасылық зорлық-зомбылық көрсеткіші артты ма?" деген сауалға жауап іздеп көрейік.

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда отбасылық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге көмек көрсететін 41 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Биыл карантин енгізілген 16 наурыздан бастап аталған орталықтарға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 308 әйел қабылданған.

Елордада орналасқан осындай орталықтың бірі - "Қорғау Астана". Бұл орталық 2005 жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған нәзік жандылар мен балаларды жатын орынмен қамтамасыз етіп, психолгиялық қолдау көрсетіп келеді. Аталмыш қор жетекшісі Анна Рыльдің сөзінше, карантин уақытында орталыққа хабарласқан жандардың саны екі есеге артқан.

"Карантинге дейін біз орта есеппен айына 20 әйелге телефон арқылы кеңес бердік. Жалпы карантиннің бірінші аптасында қоңыраулар саны аз, тыныш болды. Алайда одан кейінгі апталарда көбейіп, 46-ға жетті. Негізі біз 5-8 әйелді ай сайын дағдарыс орталығына орналастырамыз. Ал карантин кезінде 19 әйел мен 41 баланы қабылдадық. Салыстырмалы түрде бұл өте көп. Орталықта зардап шеккен әйелдер балаларымен бірге тұрады. Тамақ және тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етеміз. Сонымен қатар бұл 19 әйелден бөлек, 2 әйел адамға пәтер жалдауға көмектестік. 21 адам деп айтсақ та болады. Бізге хабарласатын әйелдердің көбісі әлеуметтік осал топтардан. Карантинге дейін негізі үйде отырған әйелдер хабарласатын. Ал карантин кезінде бас мамандар, мұғалімдер, бухгалтер әйелдер қоңырау шала бастады. Олардың күйеулері де жұмыс істейді, әрі қызметте беделді адамдар. Мәселен, маған бір әйел хабарласты. Ол жолдасымен ажырасқысы келеді. Оны күйеуі бұған дейін де ұрып-соққан. Ал карантин уақытында жағдай ушыға түскен. Ол серігіп қайту үшін далаға шығып, үйіне қайтып келгенде бірнеше сағат бойына ұрып, соққыға жыққан", - дейді қор басшысы.

Осы орайда, оның пікірінше, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды қатайту керек, өйткені қазіргі кезде әйеліне қол көтеріп, сабаған еркектер тек ескерту алумен ғана шектеліп отыр.

"Бізде әйеліне дене зақымын келтірген еркектерге тек ескерту ғана беріледі. Егер ол басқа адамды ұрса, онда оның үстінен бұзақылық жасағаны үшін іс қозғалып, жазасын беруші еді. Ал жаңағы әйелді бірнеше сағат бойына ұрған, мәселен. Аяқ-қолының бәрі көгеріп кеткен, бірақ сынбаған. Заң бойынша бұл денеге жеңіл зақым келтіру боп саналады. Мұндай көгреулер жеңіл емес, басқа ауыр санаттарға жатқызылуы керек.

Оның сөзінше, зорлық-зомбылықтың артуына карантин кінәлі емес. "Отбасындағы зорлық-зомбылық бұрыннан бар мәселе, карантин кезінде адамдар ешқайда шыға алмай, тіптен ушығып кетті. Мәселен, карантин уақытында дағдарыс орталығына түскен әйелдердің сөзінше, мұндай жағдайлар бұған дейін де болған", - деп атап өтті орталық басшысы.

Бұдан бөлек өз сөзінде орталық директоры тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты тағы бір проблеманы қозғап өтті. Оның айтуынша, отбасылық зорлық-зомбылық дегенде тек әйелдерді ғана айтамыз, ал балалардың жағдайы үнемі сырт қалып жатады. "Бізге келген әр әйелдің үш-төрттен баласы бар. Сол бүлдіршіндердің де қысым көріп отырғанын ешкім ойлап отқан жоқ. Олар да соққыға жығылады және әкесінің анасын ұрғанын көріп, айқай-шу естіп өседі. Бұл да бала психологиясына салмақ түсіреді. Бұдан кейін олар айтқан тілді алмайды, сабақтарына көңіл бөлмейді, нашар оқи бастайды. Бұл балалар есейген соң әкесінің жасағанын қайталауы мүмкін", - деп түйіндеді ол.

Бұл ел астанасындағы жалғыз орталық емес. 2013 жылдың 1 қарашасында елорда әкімдігінің жанынан құрылған "Үміт" дағдарыс орталығына да отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелер көптеп хабарласады. Дағдарыс орталығының директоры Галихан Ихсанұлының айтуынша, карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша сенім телефонына түскен қоңыраулар саны былтырғы осы уақыттағы көрсеткішпен салыстырғанда 32%-ға өскен.

"Карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша сенім телефонына түскен қоңыраулар саны былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 32%-ға артты. Мысалы, былтыр сенім телефонына зорлық-зомбылық бойынша 16 наурыздан 21 мамырға дейін 43 кеңес берілсе, биыл 57 кеңес берілді. Жалпы, 2020 жылдың басынан бері 78 жәбірленуші келіп түсті, оның ішінде 25 әйел, 53 бала бар. Қазіргі таңда қызметалушылар саны 23 болса, оның 10-ы - әйел, ал қалған 13-і -бала", - деді орталық басшысы.

Галихан Ихсанұлының сөзінше, аталмыш орталық карантин кезінде індеттің таралуына жол бермес үшін уақытша жабылған. Бұл кезеңде телефон арқылы кеңес берілген, зорлық көрген әйелдерді қаладағы ашық басқа дағдарыс орталықтарына жіберіп отырған.

"16 наурыздан 11 мамырға дейін біздің орталығымыз қызметалушыларды қабылдаған жоқ. 11 мамырдан бастап қайта барлық санитарлы нормаларды сақтай отырып, қызметалушыларды қабылдауды бастадық. Ал карантин кезінде бізден көмек сұрағандарды басқа дағдарыс орталықтарына жолдадық. 11 мамырдан бері 2 әйел мен 4 баланы қабылдадық", - деді орталық директоры.

Жоғарыда атап өткендей, тек астанада ғана емес, еліміздің әр өңірінде бар мұндай орталық. Соның бірі тек Алматы қаласынан ғана емес, республиканың барлық аймағындағы отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдерге араша түсіп, жәрдем беретін "Араша" баспанасы. Бұл орталыққа Шымкент, Қостанай, Атырау, Ақтау секілді қалалардан хабарласып, көмек сұрайды. Баспана басшысы Маргарита Өскембаеваның айтуынша, орталыққа орта есеппен күніне бір адам жәрдем сұрап, хабарласады.

"Бізге көбінесе тығырыққа тірелгенде, қатты қиналғанда қоңырау шалады. Статистикамыз бойынша, күніне орташа есеппен бір адам хабарласады. Біз зардап шекккендерді Қазақстанның түкпір-түкпірінен қабылдаймыз. Алматы үлкен әрі орталық қала болған соң, көпшілігі Алматыға келгісі келеді. Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Қостанай қалаларынан, облыс орталықтары, ауылардан келеді", - деді баспана басшысы.

Баспана директорының сөзінше, отбасында зорлық көрген әйелдердің көпшілігі Алматыда өздерін танымайтын ортада жаңа өмір бастап, жаңа жерге жұмысқа тұрам деп үлкен арманын арқалап келеді.

"Көпшілігіне өз аймақтарында неге қалмайтынын сұраймын. Олар өздерін ешкім танымайтын Алматы сияқты үлкен қалада жаңа өмір бастағысы келетінін айтады. Мысалы, бір келіншек өзі Алматыдан, анасы Алматыда тұрады, бірақ өзі басқа қалаға тұрмысқа шыққан. "Анаммен араласпасам да, Алматыда тұрғым келеді дейді". Бізге сенеді, жәрдем беретінімзі біледі. Одан соң Алматыда жұмыс орны көп, қызметке тұрып кетем, бейімделуге де ыңғайлы қала деп ойлайды", - деді Маргарита Өскембаева.

Оның сөзінше, карантин кезінде көп адамдар дағдарыс орталығын жабық деп ойлап, хабарласпаған.

"Өткенде маған бір әйел хабарласты. Көбісі карантин кезінде біз секілді орталықтарды жабық деп ойлаған. Сол себепті қиналса да, ешкім оған көмек көрсете алмайды деп ойлап, біраз уақытқа дейін қоңырау шалмай жүре берген. Әбден таңдау қалдырмаған кезде, маған қоңырау шалыпты. Көп адам карантин кезінде де жұмыс істеп, қызмет көрсеткенімізді біле бермейді екен", - деп түйіндеді орталық директоры.

Жоғарыда айтылған мәліметтерді ескерсек, карантин кезінде отбасылық зорлық-зомбылықтың артқанын көреміз. Десек те, ресми дерекке көз салайық. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы, полиция майоры Ақмарал Серікбаеваның сөзіне сенсек, елімізде төтенше жағдайдың және карантиндік шектеу шараларының енгізілуіне байланысты тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші өскен. Оның айтуынша, Карантин басталған алғашқы 20 күн ішінде Қазақстанда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстың саны 26 пайызға артқан.

Сонымен қоса Ақмарал Серікбаева отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 70 пайызы ішімдіктің салдарынан туындағанын атап өтті.

"Карантин кезінде орын алған қылмыстардың себебіне талдау жасағанда олардың 70 пайызы ішімдіктің салдарынан туындағаны анықталды. Карантиндік шаралар енгізілгелі бері үйде отырып, ішімдікті бұрынғыдан да көп мөлшерде тұтыну отбасындағы жанжалдардың туындауына әкеліп соғып отыр", - деді ол.

Ал ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті сайтындағы сандарды сөйлетсек, 2020 жылдың алғашқы төрт айында 296 отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Ал өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 287-ні құраған. Енді төтенше жағдай режимі енгізілген кезеңді өткен жылдың осы кезеңімен салыстырып көрелік. Былтыр наурыз бен сәуір айында 159 отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылық тіркелген болса, биылғы наурыз бен сәуірде 179 құқық бұзушылық тіркелген. Ал 2020 жылдың қаңтар-ақпан айларында 117 құқық бұзушылық тіркелгенін айтып өткен жөн.

Осыған ұқсас құбылыс көршілес елдерде де байқалуда. Осы орайда Орта Азиядағы мемлекеттерді алып қарайтын болсақ, бұған дейін ресми түрде Тәжікстан мен Түркіменстан мемлекеттерінде коронавирус жағдайы тіркелгені жөнінде ақпарат жоқ. Сол себепті Қырғыстан мен Өзбекстандағы жағдайға тоқталайық.
Төтенше жағдай режимін Қырғызстан мемлекеті бізден бір апта кейін, яғни 23 наурыздан бастап енгізді. Қырғыз үкіметі де Қазақстан секілді азаматтарын карантиндік талаптарды сақтауға шақырды. Ашық деректердегі ақпарат көздеріне сүйенсек, Қырғызстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, төтенше жағдай енгізілгеннен бері тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 62%-ға артқан.

Қырғыз мемлекетінде біздегі сияқты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бірқатар дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Осы орайда Қырғызстандағы жағдайы білмек үшін Бішкек қаласында орналасқан "Сезім" дағдарыс орталығына хабарластық. Аталмыш мекеменің директоры Рысқұлова Бюбюсарa орталықтың қызметімен бөлісіп, карантин кезіндегі отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы қолға алған шаралары туралы айтып берді. Оның сөзінше, карантин кезінде зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін "Сезім" дағдарыс орталығы құқық қорғау және жергілікті билік органдарымен бірлесіп жұмыс істеген.

"Төтенше жағдайдың енгізілуімен "Сезім" орталығы клиенттер мен қызметкерлердің денсаулығын сақтау мақсатында әйелдер мен балаларды баспанаға қабылдауды ақытша тоқтаттық. Біздің кәсіби психологтар, заңгерлер және әлеуметтік қызметкерлер жұмысымызды жалғастыру үшін дереу онлайн-платформалар мен әлеуметтік желілерді қолдануды қолға алды. 23 наурыз мен 28 сәуір аралығында "Сезімге" елдің 5 аймағынан (Бішкек қаласа мен Чуй, Нарын, Ыстықкөл, Жалал-Абад және Ош облыстары) 92 көмек сұралды. Оның ішінде 32 шағым - тұрмыстық және жыныстық зорлық-зомбылық бойынша, 11-і - құқықтық көмек; 30-ы баспана, тамақ немесе қаржылық қолдау бойынша, ал қалған 15-і COVID-19 жағдайындағы күйзеліске байланысты психологиялық көмек сұрады", - деді орталық басшысы.

Мекеме директоры Рысқұлова Бюбюсараның сөзіне сүйенсек, төтенше жағдай кезінде зардап шекккендерді қабылдау тоқтатылғанымен, орталықта карантинге дейін зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге қызмет көрсету жалғасын тапқан.

"Біздің баспанаға және Транзиттік әлеуметтік үйге жаңа жәбірленушілерді қабылдау тоқтатылған кезде, Транзиттік үйде төтенше жағдай енгізілгенге дейін 5 әйел мен 4 бала тұратын. Олар үшін барлық карантиндік талаптар сақталып, жағдай жасалды. Әйелдер мен балалар карантин кезеңінде қауіпсіз өмір сүруге, сонымен қатар керекті қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік алды", - еді ол.

Сонымен қоса орталық басшысының сөзінше, карантин кезінде орын алған зорлық-зомбылық кейстерімен карантин біткен кейін дағдарыс орталығы жұмыс істейтін болады.

"Мәселен, Арина есімді қыз сенім телефонына қоңырау шалды, оның анасы жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Кешке үйге оралғанда оны 30 жастағы көршісі зорлап кеткен. Ол қызына айтып, Арина полиция шақырды. Әйел арыз жазып, сот-медициналық сараптамадан өтті. "Сезім" орталығының заңгері мен психологы зорлық-зомбылық құрбанымен және оның қызымен онлайн-кеңес өткізді. Зардап шеккен әйел құқық қорғау органдарына сенбейтінін және істің жабылуы мүмкін деп алаңдайтынын айтты. "Сезім" орталығы бұл істі бақылауда ұстайды. Қазіргі уақытта кінәлі адам қамауда. Біздің орталық карантин аяқталғаннан кейін сотта адвокаттық және қоғамдық қорғауды қамтамасыз ететін болады", - деді Рысқұлова Бюбюсара.

Ал Өзбекстанда коронавируспен ауыраған алғашқы науқас 16 наурызда анықталды. Кейін бір аптадан соң қоғамдық көліктер тоқтады. Алайда тек 6 сәуірден бастап азаматтарға оқшаулану міндетті болды. Тек 10 сәуірде ғана Гендерлік теңдік комиссиясы Біріккен Ұлттар Ұйымының Популяциялық қорымен және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесіп, отбасылық зорлық-зомбылыққа арналған сенім телефонын іске қосқан. Бұл да 24 сағат бойына емес, сайтта көрсетілген мәліметке сүйенсек, таңғы 8.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді екен.

Ашық дереккөздерден де Өзбектандағы отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты статистикалық мәлімет табу қиынға соқты. Алайда психолог Лиана Натрошвили CABAR.asia-ға берген сұхбатында карантин уақытында зорлық-зомбылыққа қатысты қоңыраудың көбеймегенін айтқан. Оның сөзінше, керісінше, зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге карантин кезінде көмек алу тіптен қиын, өйткені олар еш жерге бара алмайды, бәрі үйде, сондықтан бір сағаттық бейнеқоңырауға уақыт бөлуге мүмкіндік те жоқ.

Отбасындағы зорлық-зомбылық тек Қазақстан немесе Орта Азия елдерінде ғана емес, бүкіл әлемде бар проблема. АҚШ-та да отбасындағы зорлық-зомбылықтың пандемия кезінде өрши түскенін шетелдік БАҚ-тан оқып жүрміз. Осы орайда олар карантин кезінде тек әйелдер ғана емес, балалардың да зорлық-зомбылыққа ұшырауын мәселе етіп көтеріп жатыр. Мәселен, АҚШ-тың Пенсильвания штаты Филадельфия қаласында тұратын отандасымыз Дина Қасымбекова карантин кезінде ұлы Әлтаирдың мектептегі ұстаздары баламен әрдайым байланыста болуға тырысқанын атап өтті. Оның сөзінше, мұғалімдер сабақ барысында баланың көңіл-күйіне, тәртібіне қатты назар аударған. Ол мұның бәрін отбасындағы зорлық-зомбылықтың барын анықтау мақсатында жасалады дейді.

"Тұрмыстық зорлық-зомбылық дегенде балалар көбіне айтылмайды. Негізі балалар да зардап шегеді. Қазір балалардың бәрі үйінде болған соң, ұстаздарға шын жағдайы белгісіз. Бір күні ұлымның көңіл-күйі болмай, сабақ кезінде камера мен микрофонды өшіріп-қосып отырған. Мұғалімі алаңдап, бірден назар аударып, сұрай бастады. Ол сөйлегісі келмей, ұстазына "менің көңіл-күйім жоқ" деп жазып жіберген. Ал ұстазы дереу неге көңіл-күйі жоқтығын сұрап, қайта жазған. Осындайда жауап ретінде балалар "маған көмектесіңізші, мені үйде ұрып жатыр" дегендей жауап қайтаруы мүмкін. Негізі бала үйде зорлық-зомбылық көрсе, компьютерге жақындамайды, жақындағысы да келмейді деп ойлаймын", - деді ол.

"Washingtonpost" басылымында жарық көрген мақалада Вашингтонда карантинде балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы шағымдар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 62%-ға, Вирджинияда 94%-ға азайған. Десек те, бұл қуанарлық жайт емес дейді ол.

"Бұған дейін көбінесе бұл жөнінде мұғалімдер, тәрбиешілер немесе мектеп автобусының жүргізушілері хабарлайтын болған. Ұстаздар мектептердің жабылуына байланысты балаларды көрмейді. Ал, отбасы мүшелерінен түскен қоңыраулар саны аз. Әрдайым көңілді жүретін менің ұлымның да көңіл-күйінің жоқтығын ұстаздары отбасындағы зорлықпен байланыстырған болуы мүмкін", - деді Дина Қасымбекова.

"The Qazaq Times"