Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың резиденциясына жасалған операция кезінде 45 адам жараланып, арнайы жасақ өкілі ауруханада көз жұмды.

7 тамызда Қырғызстанның арнайы жасағы Атамбаевты ұстау бойынша арнайы операция бастаған. Ол Атамбаевтің Қой-Таш ауылындағы үйінде жүргізілген болатын. Осыдан кейін бұрынғы президент оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады. Экс-президенттің үндеуі өз бақылауындағы «Апрель» телеарнасында көрсетілді. Ресми үндеуде Атамбаев әскерилерді өз халқына оқ атпауға шақырды және атыстан кінәсіз адамдардың зардап шегуіне байланысты өкініш білдіріп, қазіргі биліктің қатыгездігі таңқалдыратынын айтты. Сондай-ақ үндеу барысында өзін тұтқындауға жол бермей, аман алып қалған адамдарға алғыс айтты.

12 маусымда Жоғары Кеңес депутаты Қанатбек Исаев «Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру» жөнінде бастама көтерген. Ал 13-ші маусымда осы мәселеге байланысты арнайы комиссия құрылды. Жоғары Кеңестің Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыруға байланысты құрылған арнайы комиссиясы экс-президентке 9 пункт бойынша айып тақты. Қырғызстан ІІМ тергеу тобы жауап алу мақсатында Атамбаевты үш рет шақырған. Дегенмен, үшеуіне де бармаған экс-президент Конституциялық палатаға талап жолдады.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Жоғары Кеңесте құрылған арнайы комиссия экс-президент Алмазбек Атамбаевқа жемқорлыққа жол берді, қызметін асыра пайдаланды сынды пункттер бойынша бес айып тағып отыр. Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің трегеу тобы жауап алу мақсатында үш рет шақырған. Дегенмен, үшеуіне де барудан бас тартқан Атамбаев Конституциялық палатаға хат жолдады.

Осыған дейін экс-президентке қатысты мәлімдеме жасаған қазіргі басшы Сооронбай Жээнбеков: «Атамбаевтың тергеуге шақырылуы – заңды құбылыс. Атамбаев ісі заң аясында шешілуі тиіс. Барлық адам – бұрынғы президент пе, шенеунік пе, әлде басқа мамандық иесі ме, түгелдей дерлік заңға бағынуға міндетті. Атамбаев ісі Қырғызстан заңнамасымен шешілуі тиіс. Заң алдында барлығы бірдей. Сонда ғана мемлекет алға басады», – деп мәлімдеген болатын.

"The Qazaq Tımes"