Сооронбай Жээнбеков Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевқа қатысты мәлімдеме жасады.
Жээнбеков сөзінде: «Атамбаевтың тергеуге шақырылуы – заңды құбылыс. Атамбаев ісі заң аясында шешілуі тиіс. Барлық адам – бұрынғы президент пе, шенеунік пе, әлде басқа мамандық иесі ме, түгелдей дерлік заңға бағынуға міндетті. Атамбаев ісі Қырғызстан заңнамасымен шешілуі тиіс. Заң алдында барлығы бірдей. Сонда ғана мемлекет алға басады», – деп мәлімдеді.
27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Жоғары Кеңесте құрылған арнайы комиссия экс-президент Алмазбек Атамбаевқа жемқорлыққа жол берді, қызметін асыра пайдаланды сынды пункттер бойынша бес айып тағып отыр. Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің трегеу тобы жауап алу мақсатында үш рет шақырған. Дегенмен, үшеуіне де барудан бас тартқан Атамбаев Конституциялық палатаға хат жолдады.
25 шілдеде Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен Атамбаев елге оралған соң арнайы мәлімдеме жасаған. Атамбаев сөзінде: «Ресей Қырғызстанның досы әрі стратегиялық әріптесі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Алайда елдің ішкі мәселелерін біз өзіміз шешеміз. Билік сотта істі қараған кезде әділдік танытуы керек. Қарсыластарды саяси қудалауды тоқтатқан дұрыс. Жээнбеков тарапынан осындай қадамды көрген кезде оппозицияның күн тәртібі бірден өзгереді. Жээнбековтың ел игілігі үшін жұмыс істей бастағанын және оппозицияның сайлауға дайындалып жатқанын көрген кезде ғана халық тыныштанады. Саяси тұрақтылық орнайды. Біз билік тарапынан нақты іс-әрекетті қыркүйекке дейін күтеміз», – деді.