Солтүстік Кореяның ресми ақпарат құралдары елдің ең жоғары басшысы Ким Жоң Унның (Ким Чен Ын/Kim Jong Un) Оңтүстік Кореямен мәмілені жақсартуға ниет қылып отырғанын мәлімдеді. BBC хабарына қарағанда, дүйсенбі күні КХДР тарабы Пиоңяңда (Пхеньян) Оңтүстік Кореяның жоғары деңгейдегі делегация өкілдерін қарсы алу үшін арнайы кешкі қонақасы өткізген. Ким Жоң Ун Оңтүстік Корея Қауіпсіздік кеңесінің хатшысын жылы жүзбен қарсы алған.
Америкалық WSJ басылымы, кешкі астың төрт сағаттан астам уақытқа созылғанын айтады. Оған қоса, Оңтүстік Корея президент сарайының ресми мәлімдемесінде: «Пиоңчаң қысқы Олимпиадасының екі ел арасындағы дипломатиялық тоңды жібітті. Ал бұл реткі кездесу Оңтүстік және Солтүстік Корея достық қарым-қатынасының жаңа дәуірге кіргенін білдіреді», –деп көрсетеді.
Солтүстік Кореяның ресми басылымдарында, екі елдің лауазымды тұлғаларының кездесуінде «қанағаттанарлық келісімге қол жеткіздік» делінген. Аталған басылымдар Ким Жоң Унның Оңтүстік Корея өкілімен күле амандасып, әзіл-қалжың айтып дастархан басында жылы сөйлескенін жазуда.
АҚШ Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Роб Манниң мәлімдемесінде, АҚШ ресмилері екі Корея арасындағы келіссөздерге «салқынқанды көзқараста» екенін, бірақ, екі Корея қатынасының дамуы АҚШ пен Оңтүстік Кореяның ара-қатынасына нұқсан келтіреді деп алаңдамайтынын білдірді.
Дегенмен, кейбір сарапшылар екі Корея арасындағы келіссөз дамыған сайын Уашингтон мен Сеул арасы алшақтай түсуі мүмкін деген көзқараста. Уашингтондағы (Вашингтон) Вилсон Халықаралық қатынастарды зерттеу орталығы (Wilson International Scholars Center) Азия жобасының жетекшісі Абрахам Данмарктың (Abraham Denmark) сөзінде: «Солтүстік Корея мәселесінде АҚШ пен Оңтүстік Корея бірауыздылықты сақтай ала ма? – міне бұл осы мәселедегі ең негізгі түйін», – деген ойын айтады.
Оңтүстік Корея үкіметінің мәлімдемесінде, КХДР-ға жіберген делегацияның басты міндеті – Солтүстік Корея ядролық мәселесі мен екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңесу деп көрсетеді. Алайда, Солтүстік Кореяның бірден ядролық бағдарламадан бас тартып, оңтүстікпен достық қатынас орната қоюы екіталай. Келіссөздің нақты қандай нәтижеге жеткені туралы екі ел үкіметі әлі де толық мәлімет таратпады.
BBC екі ел арасында кейбір тақырыптарда бірауыздылыққа келген болуы мүмкін деп болжайды. Ядролық мәселе туралы сөйлесулердің нәтижесі беймәлім. Алдағы уақытта әлем елдері Оңтүстік Корея президенті Уашингтон мен Пиоңяңды келіссөзге шақыра ала ма дегенге назар аударатыны анық.